Пәні: қазақ тілі
Сыныбы: 8 «А»
Сабақтың тақырыбы: Атаулы сөйлем
Сабақтың мақсаты:
А) Білімділік: жай сөйлемнің құрамдық түрлерінен оқушылардың білімдерін жетілдіру, жай сөйлемнің бір түрі атаулы сөйлем және оның жасалу жолдарын түсіндіру, атаулы сөйлемнің ерекшеліктерін меңгерту, үйрету.
Ә) Дамытушылық: Оқушылардың ізденімпаздық, тапқырлық қасиеттерін шыңдау, шығармашылыққа баулу, өз ойларын тиянақты жеткізе білуге дағдыландыру.
Б) Тәрбиелігі: оқушыларды өз ойын еркін айта білуге баулу, ұжымдыққа, тиянақтылыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу
Сабақтың тегі: Жаңа білім беру сабағы
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдісі: топпен жұмыс, сұрақ - жауап, баяндау. Интерактивті тақтаны пайдаланып, қажетті материалдарды, сызба - кестелерді көрсетіп тақырыпты ашу.
Сабақтың көрнекілігі: слайд, сызбалар, постерлер, қима қағаздар, схемалы кесте.
Сабақ барысының уақыттары:
І. Ұйымдастыру кезеңі – 3 мин 15-15
ІІ Үй тапсырмасын пысықтау – 3 мин 15-18
ІІІ. Үй тапсырмасын бекіту - 5 мин 15-21
ІV. Жаңа сабақты түсіндіру – 10 мин 15-26
V.Сергіту сәті – 2 мин 15-36
VI. Топтық жұмыс – 10 мин 15-38
VІI. Оқулықпен жұмыс - 5 мин 15-48
VІІI. Сабақты қорыту – 5 мин 15-53
IХ. Оқушыларды бағалау. -1 мин 15-58
Х.Үй тапсырмасын белгілеу – 1 мин 15-59
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
а) оқушылармен сәлемдесу
ә) оқушыларды түгендеу
Жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру және топтық жұмысқа белсендіру
Оқушыларды қима қағаздарда жазылған ай аттарына қарай 4топқа бөлу.
«Қыс». «Күз». «Көктем». «Жаз».
ІІ Үй тапсырмасын пысықтау. 122 - жаттығу. Өз ойларынан «Мереке күні» тақырыбында жұптаса диалог құру және әңгімеде толымды, толымсыз сөйлемдер болу керек.
ІІІ. Үй тапсырмасын бекіту
Өткен материалдар бойынша сұрақтар. Ой жинақтау
Балалар, біз қандай үлкен тарауды өтіп жатырмыз? Оқушылар сөйлем деп жазулары керек. Сөйлем деген тараудың ішінде қай тарауға тоқталдық? Жай сөйлемдердің қандай түрлерін өттік? Берілген схемаға жай сөйлем түрлерін жазып, анықтамасын айтады. Әр топқа 2 сұрақтан қойылады.
1 топ: Сөйлем дегеніміз не?
Жай сөйлем дегеніміз не?
2 топ: Жақты сөйлем дегеніміз не?
Жақсыз сөйлем дегеніміз не?
3 топ: Жалаң сөйлем дегеніміз не?
Жайылма сөйлем дегеніміз не?
4 топ: Толымды сөйлем дегеніміз не?
Толымсыз сөйлем дегеніміз не?
АКТ қолданып, тірек-сызбаны толтырып жазады.
Қима қағаздар таратылады. Берілген сөйлемдерді жай сөйлемнің түрлеріне қарай ажыратыңдар:
Менің барғым келеді - жақсыз
- Бұл кітап менікі. – толымды
Таң атты. - жалаң
- Менікі. - толымсыз
Өнерлі өрге жүзер - жайылма
Асан сабақ оқыды. - жақты
ІV. Жаңа сабақты түсіндіру
Ой шақыру
Мына постерде берілген ребусты шешсеңдер, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы пайда болады.
Сабақтың тақырыбын хабарлаймын. Ал сабаққа мақсат қою міндетін оқушылардың өзіне тапсырамын.
Жаңа сабағымыздың тақырыбы атаулы сөйлем
Бүгін сабақта сендер жай сөйлемнің бір түрі атаулы сөйлеммен танысып, оны сөйлем ішінен ажырата алуға үйренесіңдер.
«Атаулы» сөзінің мәні.
Құрамы: ата+у+лы (түбір зат есім+тұйық етістік жұрнағы+есім сөздерден сын есім тудыратын жұрнақ)
Атаулы күндер
Атаулы мерекелер
Атаулы бағалы қағаздар
Атаулы сөйлем
Электронды оқулықтан көрсету.
Сәрсен Аманжолов -Қазақтың көрнекті лингвисті, тілші, ойшылы, тюрколог ғалым.
Атаулы сөйлем терминін қазақ тіл біліміне алғаш енгізді.
1940 жылы жарыққа шыққан «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» деп аталатын еңбегінде С.Аманжолов атаулы сөйлемдерді енгізіп, оларға анықтамалар береді, жасалу жолдары мен түрлерін белгілейді.
Сәрсен Аманжолов: Атаулы сөйлем шығу жағынан (генетика) бірінші пайда болған
деп қарауға болады. Әуелде сөйлем бір - ақ сөзбен айтылған. Соңғы кездері әр рудың ұраны да соның қалдығы. Мысалы: Торғауыт! (170 - бет)
Атаулы сөйлем — жай сөйлемнің түрі. Қазақ тілінде атаулы сөйлем бастауыштан ғана жасалып, заттың, құбылыстың атын білдіреді. Атаулы сөйлемде ешқашан да баяндауыш болмайды. Егер атаулы сөйлемге баяндауышты қосып айтсақ, ол атаулы сөйлем болудан қалады.
Мысалы: Қалың тоғай. Тоғай қалың.
Атаулы сөйлемде тұрлаусыз мүшелер, оның ішінде әсіресе анықтауыш, кездесіп отырады. Ол атаулы сөйлемдегі ойды әсерлендіре, суреттей түседі. Атаулы сөйлем көркем шығармада адам портреті мен табиғат бейнесін суреттегенде жиі қолданылады. Сол сияқты жазушы оқырмандарының, назарын ерекше аударғысы келген затты суреттегенде де, атаулы сөйлемді жиі қолданады
Атаулы сөйлемдерге тән өзіндік белгілеріне қатысты дайын мысалдары бар тірек-сызбаларды оқушылардың алдына қоямын. Оқушылар оқып айтады. Сонымен қатар слайдтан көрсетіп отырамын.
1.Ерекшелігі, өзіндік белгілері - 1топ
3. Құрамы – 2 топ
4. Жасалуы – 3 топ
5. Жұмсалуы – 4 топ
Атаулы сөйлемнің өзіндік белгілері:
Атаулы сөйлемде тұрлаулы мүшеден бастауыш қана болады.
Атаулы сөйлем мезгілді, мекенді және заттың, құбылыстың атын білдіреді.
Атаулы сөйлем жазушы тіліне ықшамдық, көркемдік нәр береді, сондықтан табиғатты, адам келбетін (портретін) немесе басқа бір затты суреттеу үшін, жазушылар атаулы сөйлемді жиі қолданады. Атаулы сөйлемге мынадай анықтама лайық:
Тұрлаулы мүшеден бастауышы ғана бар заттың, құбылыстың атын білдіретін жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейміз
Атаулы сөйлем мағынасы жағынан:
а) заттың, құбылыстың, болмыстың ақиқаттығын бейнелей атап көрсетеді: Айдала. Көлдің биік қабағы... Күн батып барады (С. Мұқанов);
ә) ақиқатты эмоциялы - сезімдік ыңғайда атап көрсетеді: Шіркіннің күлкісі!.. (Б. Майлин).
Атаулы сөйлем зат есімнен, сонымен бірге заттанған сан есімнен (Екі. Нашар оқитындарға таңылар белгісі — осы), сын есімнен (Шыжыған ыстық. Күйіп тұр.), есімдіктен (Сол. Еркіннің дәл өзі.), есімше, қимыл есімдерінен де жасалады.
Құрамы жағынан жалаң, жайылма, дара, күрделі болады: Үскірік. Аяз. Тұлданған күн. Ауыл. Үй саны жиырма шақты (Б. Майлин). Оқымай кеткір! Көзі ашық қой, жөн сілтейді ғой десем, жаудың табанына салып бермек (Б. Майлин).
V.Сергіту сәті.
Оқушы психологиясына жағымды әуен арқылы 1минуттық сергіту сәтін жүргізу. Оқушылар көздерін жұмып, қолдарын тізелеріне қойып, арқаларын тік ұстап, әуенді тыңдайды. Әуен біткен соң, оқушылар алған әсерлерін атаулы сөйлемдермен айтып, ой бөліседі.
VI. Топтық жұмыс
Постерде берілген жыл мезгіліне байланысты суреттерге қарап, атаулы сөйлемдер құрау.
VІI. Оқулықпен жұмыс. 123-жаттығу. Мәтіннен атаулы сөйлемдерді тауып, көшіріп жазу. Мағынасын анықтау.
VIII. Сабақты қорыту.
Тест жұмысы.
1. Жай сөйлем түріне ажырат: Түн. Күз. Жайлау.
А) Атаулы
В) Жақсыз
С) Толымды.
2. Жалаң сөйлемде кездесетін сөйлем мүшесі:
А) Толықтауыш
В) Баяндауыш
С) Анықтауыш
3. Жақсыз сөйлемді табыңыз:
А) Қонақтар ұйықтап кетті.
В) Жұмысшыларға келуге болмайды.
С) Егіншілер егін басында жүр.
4. Толымсыз сөйлемді табыңыз:
А) Жаңбыр жауып тұр.
В) Асау ма өзі?
С) Жаз. Көл басы.
5. Жайылма сөйлемде кездесетін сөйлем мүшелері.
А) Бастауыш, анықтауыш
В) Толықтауыш, пысықтауыш
С) Барлық жауап дұрыс
6. Толымды сөйлемге тән өзіндік белгілері:
А) Затты, құбылысты атап көрсетеді.
В) Бастауышы болмайды.
С) Ойға қатысты мүшелері түгел айтылған сөйлем.
7. Жай сөйлем түрін анықтаңыз: Сабақ бітті.
А) Жайылма
В) Жалаң
С)Толымды
8. Жайылма сөйлемді көрсетіңіз.
A) Мен кетіп барамын.
B) Сендер қараңдар.
C) Ол өте көркем және байсалды жігіт еді.
9. Жай сөйлем түрін анықтаңыз: Абайды халық құрметтеп еске алады.
А) Толымсыз
В) Жалаң
С) Жайылма
10. Жалаң сөйлем құрай алмайтын сөз табы:
А) Етістік
В) Сан есім
С) Одағай
IХ. Оқушыларды бағалау.
Тест жұмысынан алған бағалары арқылы оқушылар бағаланады.
Х.Үй тапсырмасын белгілеу. 124- жаттығу. Мәтінді атаулы сөйлем үлгісіндегі тірек сөздермен қысқартып жазыңдар.