«Зимний фестиваль знаний 2025»

Ыбырай Алтынсарин

Ыбырай Алтынсарин туралы толық мағлұмат. Өмір жолы мен қызмет еткен жылдары

Олимпиады: Литературное чтение 1 - 4 классы

Содержимое разработки

Ыбырай Алтынсарин - қазақша реферат Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобол өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857—1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді.Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868—1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876—1879) қызметін атқарады.[1]Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді.[2]Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды.[3]Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды.Ыбырайдің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. [4]Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі – Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»).Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырайдің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырайға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар.Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.Абаймен қарым-қатынасыАбай мен Ыбырайдың жасаған өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, сомдап қолданады. Осы тұрғыда М. Әуезовтың: «Абайдың кейін жазатын осы алуандас «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» «Қыс» дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан әрі көркейіп, дами түскенін білеміз» деген пікірі өте орынды айтылған (Әуезов М. Көрсетілген еңбегі. 213-6.). Абай мен Алтынсаринның табиғат лирикалары мағыналық жағынан ұқсас, оларда жарыса жырлау дәстүрі (нәзира) мен стиль бірлігі ортақ және өлеңдерінің мазмұны мен құрылысы сабақтас, өзара үндес келеді. Қазақтың ұлы ағартушыларының адамгершілік ой-тұжырымдары өрнектелген Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Алтынсаринның «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» атты өлеңі Ескендір патшаның төңірегінде құрылып, өрбітіледі. Алтынсаринде оқиға желісі жинақталып, қысқа қайрылса, Абай шығармасы дамымалы мазмұнға құрылған. Ескендір патшаның уәзірі ретінде Алтынсаринде Қыдыр Ілияс, Абайда ежелгі грек философы Аристотель алынған. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин дүние жүзін түгел жаулап, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаны әшкерелейді, сол арқылы бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді. Екі ақын да бір тақырыпты өздерінше қайталай жырлап, адамгершілікті, имандылықты арнайы сөз етеді. Мұндай ұқсастықтар Абай мен Алтынсарин шығармашылығының бір бағыты - орыс классиктерін тәржімалау тәжірибесінен де байқалады. Олар орыс әдебиетінің рухы мен стилін сақтап, қазақ оқырмандарының табиғатына етене жақын етіп аударудың көркем үлгісін жасады. Абай буған қоса өлеңнің түпнұскалық мән-мазмұнын дәл беруге, ой-қорытындысын өзгертпей жырлауға ерекше көңіл бөледі. Ал Алтынсарин дәлдіктен гөрі, мазмұн бірлігін сақтауға зер салған. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұскаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7- 8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең түрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін: «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде: «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады. Қоғамдық құрылысы мен әлеум. ортасы ортақ, бір дәуірде өмір сүрген қазақтың екі ұлы ағартушысы туған халқын өнер-білімге үндеді. Абай ел-жұрттың көкірек-көзін оятпақ болса, Алтынсарин техника тетіктерін үйренуге шақырды. Олардың жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге үндеген ой-тұжырымдары өзара өзектес, сабақтас келеді.Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық көзқарасының қалыптасуыЫбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол атасының — белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршинның қолында тәрбиеленеді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбек сүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. 1857 жылы ол Орынбор шекара комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей білді. Кейінірек халық ағартушысы ретінде өз білімін өзінше оқып, арттыра түсуді белсенді түрде жалғастыра түсті. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері В. Шекспирдің, И. Гетенің, Д. Байронның, А. Пушкиннің, Н. Гогольдің, М. Лермонтовтың, Ғ. Низамидің, А. Фирдоусидің, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейін қойып оқыды. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогы К. Ушинскийдің және чех ойшылы Я. Коменскийдің еңбектерімен таныс болуы игілікті әсерін тигізді. Ы. Алтынсарин орыстың көрнекті демократтары Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің және басқалардың шығармаларымен де таныс болды. Мектепті бітіріп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жылдай атасының қол астында кеңсе қызметкері болып істеді. Осы жылдар ішінде ол өз халқының сауатын ашып, білімін көтерудің аса қажет екенін жете түсінді.Ағартушының педагогикалық қызметіБілімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде ол өз заманының аса білімді азаматы болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқу- шыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін уйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды.1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды». 1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасыЫ. Алтынсарин жан-жақты білімді адам болды. Білімді адам ретінде ол прогреске, білімге ұмтылудың қазақ халқы үшін қаншалықты зор маңызы бар екенін айқын көре білді. Ол қазақтардың арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, темір жолдар мен электр қуатының, егіншілік кәсібінің, телеграфтың және әр түрлі қолөнердің пайдасы туралы айтып берумен болды. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Қолөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға да көп күш-жігер жұмсады. Алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен кездесу кезінде қолөнер кәсібі, бау-бақша егу, мал өсіру және диқаншылық жөнінде жазылған оқу құралдарын табуға көмектесулерін өтінді. Ол қазақ жастарына тері илеу, сабын қайнату, май шайқау және кірпіш күйдіру, көзе жасауды үйретуге тырысты. Сондай-ақ ағаш ұсталығы, темір жону, слесарьлық кәсіпке баулуды да армандады. Ол жастарға жаңа машиналарды қалай пайдалану, ауру малдарды қалай емдеудің және зиянды жәндіктерге қарсы қалай күресудің тәсілдерін үйретуге тікелей өзі де қатысып жүрді. Өзінің очерктер мен ауызекі әңгімелерінде қазақтарды диқаншылықпен айналысуға шақырды. Ы. Алтынсарин жастарды еңбек сүйгіштікке баулыды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырды.Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметіОл өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Кіші жүз қазақтарының адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Өзінің көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды. «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді. Ы. Алтынсариннің әдеби мұрасы да едәуір елеулі. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.H. Толстойдың әңгімелерін орыс тілінен қазақ тіліне аударумен қатар өзі де қысқа әдемі әңгімелер жазды. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады. Ыбырай Алтынсарин тамаша ақын да еді. Оның «Азған елдің билері», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінің адамгершілік-ғибраттық сипаты басым. Ақынның бұл өлеңдерінен қазақ жастарының талай ұрпағы үлгі-өнеге алып, тәрбие көрді. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңінің:«Бір Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ыкыласпен тоқылық! Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар...» — жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор.Ы. Алтынсариннің шығармаларында қазақтардың өмірі шыншылдықпен бейнеленді. Оларда білімге, ғылымға деген құлшыныстың қажеттігі кеңінен насихатталды. Жастарды оқу-білімге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмірін, олардың ғылымда қол жеткізген табыстарын үлгі-өнеге ретінде мысалға келтірді.Ағартушының қоғамдық-саяси қызметі1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...» Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады. Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан :«Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын...

Получите свидетельство о публикации сразу после загрузки работы



Получите бесплатно свидетельство о публикации сразу после добавления разработки


Олимпиады «Зимний фестиваль знаний 2025»

Комплекты учителю



Качественные видеоуроки, тесты и практикумы для вашей удобной работы

Подробнее

Вебинары для учителей



Бесплатное участие и возможность получить свидетельство об участии в вебинаре.


Подробнее