ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
«ЗЕРЕК БАЛА»
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ КІШІ ЖАСТАҒЫ
(3 жастан 5 жасқа дейін)
БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУ
БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана-2009
Мектепке дейінгі кіші жастағы (3 жастан 5 жасқа дейін) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы. - Астана, 2009. - 106 б.
Рецензенттер:
Н.Н.Ниязбаева - педагогика ғылымдарының докторы, ҚМУ-нің педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі
Б.М.Өтегенова - педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚМПИ-ның педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі
Авторлық ұжым: Т.М. Калашникова, Г.Н. Новогренко, Н.И. Матвиенко, Р.Х. Беспалова, Г.Н. Жигайло
ISBNМектепке дейінгі кіші жастағы (3 жастан 5 жасқа дейін) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы ҚР МЖМБС талаптарына сай жаңа бағдарламалар кешенінің жалғасы болып табылады. Бұл бағдарлама әлеуметтенудің бірыңғай үдерісін құрайтын – баланың өз мүмкіндіктерін, қабілеттіліктері мен қажеттіліктерін түсінуі арқылы тұлғалық даралануын қамтамасыз ете отырып, 3 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды жан-жақты дамытуға, оның танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыруға және потенциалдық мүмкіншіліктерін ашуға бағытталған білім берудің бес саласы («Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») арқылы жүзеге асады.
Бағдарлама мазмұны баланың тұлғалық және физиологиялық, әлеуметтік, қатынастық, шығармашылық, танымдық дамуын қамтамасыз етеді.
ББК
ISBN
© «Мектепке дейінгі балалық шақ»
республикалық орталығы, 2009
ТҮСІНІК ХАТ
Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне шығуы - білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.
Қазіргі таңда адамзат қоғамына ғылыми жаңалықтар мен инновациялық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеу мен оқыту саласын да заман талабына сай, уақыт сұранысын қанағаттандыратын жаңа бағдарламалармен, технологиялармен қамтамасыз ететін кез келді.
Бізді қоршаған табиғаттың өзі адамзат баласының алдына айнала қоршаған әлемді жаңаша қабылдауға қабілетті, жаңаша ойлайтын, жан-жақты білімді «Жаңа адамды» тәрбиелеп шығару міндетін жүктеп отыр.
Қазіргі таңда баланы дамыту мен тәрбиелеудегі әлемдік озық тәжірибеге негізделіп жасалған баланың жеке ерекшеліктерін, қабілетін, дарыны мен талантын ашуға және оны жан-жақты дамытуға бағытталған бағдарламалар қажет.
Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу қажет. Жаңа заман баласы — бүгінгі қазақ қоғамының ұлттық қазынасы. Баланың қабілетін қаншалықты ерте ашып, дамытса, оның нәтижесі де соншалықты жемісті болмақ. Осыған орай, жаңа бағдарламалар әзірленуде. Бұл бағдарламалар жаңа білімдерді қабылдауға, оларды тиімді қолдануға қабілетті, ортаға мейлінше тез бейімделгіш бала тұлғасын қалыптастырудағы қоғамның, ата-аналар мен бастауыш мектептің талаптарын орындау мақсатын көздейді.
«Зерек бала» бағдарламасы төмендегідей ұстанымдарға сүйене отырып жасалған:
- оқыту мақсаты мен мазмұнының, әдістерінің әлеуметтік шарттарға сай болуы мен үздіксіз жаңарып отыруы;
- тәрбиелеу мен оқыту мақсаттарының қолжетімділігі, мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің өзара байланыстылығы;
- дара тұлғалық, бірлестік ұстанымы;
- стратегиялық білім беру қағидаларының жолдарын таңдау еркіндігі және оны жүзеге асыру әдістері, түрлері және вариативтілік ұстанымы;
- балаларды әлеуметтік қорғау, педагогикалық, психологиялық үдерістерінің мазмұны мен ұйымдастырылуының әрекеттілік, тиімділік, шығармашылық қатынас ұстанымы;
- тәрбиелеу мен оқыту үдерісін қарым-қатынас, зерттеу-іздестіру, үлкендермен және құрдастарымен ынтымақтастық негізінде құру ұстанымы.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының жаңа МЖМБС-на сүйене отырып, мектепке дейінгі кіші жастағы баланы дамытудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін, сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басты мақсаттарын шешуге бағытталған.
Сонымен қатар, бұл бағдарлама Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың МЖМБС-на сай 3 жастан 5 жасқа дейінгі балалардың мүмкіншіліктерін ашуға бағытталған білім берудің бес саласы бойынша («Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») жүзеге асады.
Білім беру салаларының базалық мазмұны баланың жеке басының икемділіктері мен танымдық қабілетін, қызығушылығы мен білуге құштарлығын арттырудың негізі болып табылады.
Білім беру салаларының мазмұны қоршаған әлемнің қыр-сырын, адамдардың ішкі жан дүниесін, қоғамдық, әлеуметтік және жеке қатынастар, табиғи және маусымдық құбылыстар, техника және ойыншықтар әлемі, әдебиет, өнер, сезім, көңіл күй және т.б. қамтиды.
Ғылыми көзқарастар бойынша, ұсынылып отырған бағдарламаның жетекші психологиялық-педагогикалық бағыты - бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үдерісін құзіреттілік басқару қағидасына сүйене отырып жүргізу болып табылады. Сонымен қатар, ұсынылып отырған бағдарламаны субъектінің іс-әрекет жүйесін орта арқылы басқаруға бағытталған тәрбиелеу мен оқытудың нәтижелерін болжау, жоспарлау және оның сапасын арттыру құралы деп есептеуге де болады.
Бағдарлама мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың базалық мазмұнын орта білім берудің нәтижесі ретінде қарастыра отырып, төмендегідей құзіреттіліктерді қалыптастыруды көздейді:
- денсаулық сақтау;
- тілдік-қатынастық;
- танымдық;
- шығармашылық;
- әлеуметтік.
Бағдарлама балалардың жеке басының ерекшеліктеріне қарай қарым-қатынас жасау ұстанымын басшылыққа ала отырып, дамыта оқыту мақсатын көздейді және мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру мен дамыту үдерістерін басқару механизмімен жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаның гуманитарлық мақсатын көздейтіндігін, «ашықтығын», мектепке дейінгі оқытудың полимәдени ұстанымын басшылыққа ала отырып жасалғандығын көрсетеді.
Бағдарламада бала ойынына үлкен мән беріледі. Себебі, ойын — баланың негізгі әрекеті. Бала өмірге келісімен ойын арқылы өзін қоршаған әлемді, табиғатты таниды. Сол арқылы дамиды, өседі. Ойын үстінде игерген білім-білік дағдыларын қолдануға, жетілдіруге мүмкіндік алады. Бағдарламада баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болатын сюжеттік-рөлдік ойындарға ерекше орын беріледі.
Пәнаралық байланыс пен белгілі бір білім беру саласындағы берілетін білімдердің тұтастығына негізделген оқу материалының интеграциялануы бағдарламаның айрықша белгісі болып табылады. Интеграция педагогке оқу материалын білім берудің бір және бірнеше салалары шеңберінде біріктіруге, түрлендіруге, сонымен қатар кез келген әдістемелік тақырыпты кеңінен елестету, сезіну мүмкіншілігін береді. Сонымен қатар, оқу материалын интеграциялау - әр жас кезеңінің ауысуына байланысты білім берудің базалық мазмұнынын шоғырландыру мен бірізділік ұстанымдары арқылы жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Бағдарламада ұсынылатын материалдарды меңгертудің бекітілген уақыт мөлшері көрсетілмейді. Бұл педагогке оқу материалын баланың жеке ерекшелігіне қарай тиісінше түрлендіріп, толықтыру мүмкіншілігін береді. Десек те, бұл оқу материалын жүйесіз қолдану деген сөз емес. Себебі, интеграциялаудың өзі белгілі бір жүйе болып табылады.
Ең бастысы, білім берудің базалық мазмұнын жүзеге асыру балаға тұлғалық-бағдарлық және жеке ерекшеліктеріне қарай қарым-қатынас жасау мен балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту үдерісіне ата-аналарды белсенді қатыстыру мақсатында ұйымдастырылып, жүзеге асырылғанда ғана баланың жеке басының даму сапасы жоғары деңгейге жететіндігін естен шығармауымыз керек.
БАЛАЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Педагогикалық үдеріс үлкендердің балалармен бірлескен іс-әрекеті мен баланың өз бетінше еркін іс-әрекеті негізінде құрылуы тиіс.
Үлкендер ешқандай психологиялық қысым көрсетпей-ақ, өзі сол іс-әрекетке қатысуға қызығушылық сыңай таныту арқылы балаларды ұйымдастырылған танымдық іс-әрекетке қатыстыра алады.
Білім беру салалары шеңберіндегі ұйымдастырылған танымдық іс-әрекет әртүрлі бағытта жүзеге асуы мүмкін.
Тақырыптық орталық сынды мектепке дейінгі жастағы балалардың өз бетінше еркін іс-әрекет түрлерін орындауға арналған көпжүйелі орта ұйымдастыру (әртүрлі қызығушылықтар мен әртүрлі даму дәрежесіндегі балалардың өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау).
Балалардың мүмкіншіліктері мен қызығушылықтарын ескере отырып, ұйымдастырудың әртүрлі формаларын қолдану (жұптасып, шағын топтармен, бүкіл топпен).
Балалардың үлкендермен бірлескен іс-әрекет түрлерін жүргізуге күн тәртібінен арнайы уақыт (7-30 минутқа дейін) бөлінеді.
Осы бағыттар бойынша педагогикалық үдеріс төмендегідей құзіреттіліктерді қамтиды:
1. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін қарым-қатынас, ойын, зерттеу-іздестіру, үлкендермен және құрдастарымен ынтымақтастық негізінде құру (базистік оқу жоспарына сай әртүрлі, бірін-бірі қайталамайтын, әр сипатты іс-әрекет түрлерін ұйымдастыру).
2. Балаларды тәрбиелеу мен оқытуға бағытталған іс-әрекет түрлері:
- балалардың өз бетінше еркін іс-әрекеті: ойын, сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, көркемдік-тілдік әрекет, құрастыру, дидактикалық ойындар мен жаттығулар, т.б.;
- үлкендердің балалармен бірлескен іс-әрекеті: ойын, сурет салу, танымдық-зерттеу, тәжірибе жасау, қатынас жасау, музыкалық-сергіту, мерекелер мен сауықтар, дене шынықтыру-сауықтыру, жобалау және т.б.
Күн тәртібінде педагогтің бейресми қарым-қатынас негізінде әр баламен жеке байланыс жасауына да уақыт қарастырылуы керек.
Сонымен қатар, күнделікті үлкендермен ойнауына да арнайы уақыт бөлінуі тиіс. Бұл ойындар баланың қалауымен ұйымдастырылып, үлкендер тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Ұйымдастырылатын ойын және оқу іс-әрекеттері күн сайын өзінің ұйымдастырылу сипатымен, өткізілетін орнымен, түрлерімен ерекшеленіп, баланы жалықтырмайтындай, қызықты етіп жүргізілуі қажет.
Жоғары интеллектуалдық және физиологиялық жүктемесі ауыр ойындар мен сабақтар аптасына 1, 2 сабақтан артық болмауы керек.
Оқу іс-әрекетін баланың денсаулығы мен өзін-өзі сезіну, көңіл күйі жағдайларын ескере отырып ұйымдастырған жөн. Егер бала өзін жайсыз, тіпті сәл шаршаңқы сезініп тұрса, оны оқу сабағына қатыстырмаған дұрыс. Мұндай кездерде тиісті шаралар қолданып, балаға жайлы жағдай жасау керек.
Оқу іс-әрекетінің барысында, зейінін тұрақтандыратын, оны қызықтыратын, ынтасын арттыратын тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы балалардың жұмыс істеу қабілетін арттырып отыру қажет.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мен басқа да жұмыс түрлері баланы шаршап-шалдықтырмайтындай, жүйке жүйесіне күш түсірмейтіндей, жалықтырмайтындай бекітілген уақыт мөлшерінен ауытқымай жүргізілуі тиіс.
Күн тәртібінде емдік-шынықтыру шаралары мен психологиялық тренингтер, сергіту мен музыкалық үзіліс сәттеріне, баланың өз қалауымен еркін жүріп-тұруына уақыт бөлінуі керек.
Ұйымдастырылған іс-әрекетті жүргізу барысында балаларды зеріктіріп, қызығушылығы мен белсенділігін төмендетіп алмас үшін жұмыстарды түрлендіріп, сөйлеу кезінде балаға түсінікті, көркем тілмен жеткізе білудің маңызы өте зор.
Дүйсенбі мен жұма күндері физиологиялық және интеллектуалдық жүктемесі бар іс-әрекет түрлері жүргізілмейді. Себебі, баланы демалыс күндердегі еркіндіктен кейін балабақша тәртібіне бірден араластыру оның психо-физиологиялық жағдайына ауырлық тигізуі мүмкін. Сондықтан аптаның басында баланы балабақша тәртібіне ақырын «кіргізіп», ал соңында ақырын «шығару» керек.
Егер бала шаршаса, жұмыс істеуден бас тартса, зейіні шашыраңқы болса тапсырманы міндеттеп орындатуға болмайды.
Сонымен қатар, зеріктіретін, шаршататын қажетсіз білімдер мен ақпараттардың көптігі баланың жүйке жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан, берілетін білім-білік дағдыларының мөлшері баланың жеке және жас ерекшеліктеріне сай берілуі керек.
Бұл кезеңде бала іс-әрекеттерді мейлінше еркін, өз қалауы бойынша жасауды, яғни, еркіндікті қалайды. Осыған орай, балаларды ұзақ уақыт, бір орында қозғалыссыз ұстауға, міндеттеп, күштеп әрекет жасауға итермелеуге болмайды. Бұл баланың психо-физиологиялық дамуында орны толмас олқылықтарға әкеліп соқтырады.
АТА-АНАЛАРМЕН ЖҰМЫС
Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда жүргізіледі. Отбасы мен мектепке дейінгі ұйымдардың алдына қойған мақсаттары мен міндеттері ортақ. Ол – салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Отбасы бала үшін - өмірлік маңызды әлеуметтік орта. Бұл ортаның маңызы өте зор. Себебі, отбасы - баланың эмоцианалдық қорғаны, психологиялық жан тыныштығының саясы, өмірлік тірегі. Отбасының жылылығы мен махаббаты - баланың өзіне сенімін арттырып, болашағына нық қадам жасауына зор ықпал етеді.
«Зерек бала» бағдарламасы тәрбиешілерге отбасымен ынтымақтаса отырып бала тәрбиесінде оң нәтижелерге жету жолында бағыт-бағдар береді.
Мақсаты: ата-аналарды олардың құзіреттіліктерінің қалыптасуы мен жүзеге асырылуы, оны баланың жас ерекшелігіне қарай қолдану, баламен қалай қарым-қатынас жасау жөнінде арнайы мамандандырылған кеңестермен қамтамасыз ету.
Міндеттері:
- әр баланың отбасымен серіктестік қарым-қатынас орнату;
- баланы дамыту мен тәрбиелеу барысында күш біріктіру;
- ортақ қызығушылықтар мен туындаған қиыншылықтарда бірлесіп шешім қабылдау, бір-бірін қолдау;
- ата-аналардың тәрбиешілік шеберлігін, білімдерін ынталандыру мен байыту, өзіндік педагогикалық мүмкіндіктеріне сенімін арттыру;
- балаларды жақындарына сыйластық сезімімен қарауға тәрбиелеу.
Мазмұны: ата-аналардың бала тәрбиесіндегі оң көзқарастары мен дұрыс бағдарын және баланың ата-анасына, жақындарына мейірімі мен сыйластығын қалыптастыру.
Ашық, еркін қарым-қатынас жасауға жағдай жасау
Баланың балабақшадағы өмірімен танысуға, құрдастарымен қарым-қатынасын байқауға, баласының әртүрлі іс-әрекет жасау үстіндегі (ойын, еңбек, компьютер, тамақтану, серуендеу кезінде, бассейнде, спорт залындағы) жағдайын бақылап көруіне мүмкіндік беру. Балалардың үлкендермен бірлесіп әртүрлі жұмыс түрлерін: мүсіндеу, жапсыру, сурет салу, ойын, би, т.б. жасауына жағдай жасау.
Тәрбиешілер ата-аналарды білім беру үдерісіне қатыстырып, ұйымдастырылған іс-әрекет пен сабақтан тыс іс-әрекет түрлерінің жүргізілу барысын көрсетеді. Осылайша, ата-аналар балаларын басқа қырынан тану мүмкіншілігіне ие болады.
Ата-аналар мен педагогтердің үздіксіз қарым-қатынасы (диалог)
Тәрбиешілер отбасы мүшелеріне бүгінгі болған маңызды оқиғалар мен балалардың жетістігі, әрекеті туралы айтып отырады. Ата-аналар мен тәрбиешілер балаға қатысты барлық мәселелерде (әлжуаз, жетілуі мен дамуында ауытқушылықтары бар, көңіл күйі тұрақсыз балалар туралы) бірлесе отырып шешім қабылдайды. Балаға ата-анасы оны қандай болса да жақсы көретінін сезінетіндей эмоцианалдық тыныштық пен қамқорлық ортасын қалыптастыру жөнінде ақыл-кеңестер береді. Педагогтер баланы жан-жақты дамытуға, оның білуге құштарлығын арттыруда, есі мен зейінін тұрақтандыруда, тілдік қатынасы мен сөздік қорын байытудағы отбасының мүмкіншіліктерін анықтайды. Сонымен қатар, отбасы мен тәрбиешілер бірлесе отырып баланың бойындағы ерекшеліктері мен қабілетін ашып, талантын шыңдауға күш салады.
Тәрбиеші ата-аналармен қарым-қатынас жасаудың тиімді түрлерін қолданады. Мысалы: тренингтер, пікірталастар, практикумдер, әңгімелер, лекциялар.
Арнайы мамандар мен ата-аналардың
оңаша әңгімелесуіне жағдай жасау (психолог, логопед)
Ата-аналарды психолог, логопед, медицина қызметкерлерінің, қосымша сабақтар жүргізетін мамандардың жұмыстарымен таныстырып, баланың дамуындағы ерекшеліктері мен кедергілері туралы мәлімет беріп отырады.
Тәрбиешінің балалардың үйдегі өмірімен танысуы
Отбасының бала тәрбиесіндегі қиыншылықтарын, жіберген қателіктерін, ата-аналардың тұлғалық ерекшеліктері мен көзқарастарын, балалардың жеке ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік алады. Отбасының құпиясын жария етпей, қиыншылықтарды ата-аналармен бірлесіп шешеді. Қажет болса, арнайы мамандардың қызметіне жүгінеді. Бала тәрбиесінде оң нәтиже көрсетіп жүрген отбасылардың тәжірибесін басқаларға үлгі қылады.
Жұмыс түрлері
Педагогикалық тренингтер
Пікірталас клубы
Рөлдік ойындар
Педагогикалық сырсандық (отбасы мен балабақшаның бала тәрбиесі жөнінде тәжірибе алмасуы)
Жеке әңгімелесу
Балалар мен үлкендердің бірлескен көңіл көтеру, демалыс уақыты
Ұлттық нақыштағы отбасылық кештер
Танымдық-викториналық ойындар
«Сенім» клубы (ата-аналардың арнайы мамандармен оңаша әңгімесі)
Көрмелер ұйымдастыру
Ақпараттық және тақырыптық стендтер мен фотомонтаждар
Радиохабарлар, бейнефильмдер
Конференциялар
Лекциялар
Баланың отбасылық жағдайымен танысу мақсатында үйіне бару
МЕРЕКЕЛЕР МЕН ОЙЫН-САУЫҚТАР
Мақсаты: айнала қоршаған әлем мен өмірлік құбылыстарды сезінуге қабілетті, қарапайым шығармашылық іскерліктер мен дағдыларды меңгерген бала тұлғасын қалыптастыру.
Міндеттері:
- мерекелер мен ойын-сауықтарға қызығушылығы мен оған қатысуға ынтасын арттыру;
- елжандылық пен азаматтық сезімдерін қалыптастыру, қоғамдық өмірге араласуына талпынысын тәрбиелеу.
Мазмұны:
Балалармен бірге мемлекеттік, жалпыұлттық мерекелерді атап өту:
Білім күні. Қазақстанда тұратын ұлттардың тіл мерекесі – «Көп тілде сөйлей білеміз». Қазақстан Республикасының күні – «Еліміздің туған күні». Тәуелсіздік күні – «Еркіндік күні». Жаңа Жыл. 8 Наурыз – «Аналар мерекесі». Наурыз – «Көктем мерекесі». Күлкі күні – «Күлейікші шаттана». Қазақстан халықтарының бірлігі күні – «Достық күні». Жеңіс күні. Балаларды қорғау күні.
Мемлекеттік және жалпыұлттық мерекелер туралы түсініктерін кеңейту.
Мерекелер мен ойын-сауықтарға қатысуға белсенділігін арттыру.
Серуенде жүргенде мемлекеттік мерекелер қарсаңында қаланың, көшелер мен үйлердің қалай безендірілгенін бақылау.
Мереке қарсаңында топ бөлмесін безендіру. Мерекеге дайындығын мадақтап, бірлесіп жасаған жұмыстары мен оның нәтижесіне қуану сезімдерін қолдау.
Мерекелік ойын-сауықтар мен кештерге қатысып өз өнерлерін көрсетуге: өлең оқуға, ән салуға, би билеуге, ойын ойнауға, ертегі кейіпкерлерін сомдауға қатысуға талпыныстарын қалыптастыру.
Өз қолдарынан туысқандары мен балабақша қызметкерлеріне арнап сый-сияпаттар мен мерекелік шақыру билеттерін дайындау, ойыншықтар мен әшекей бұйымдарын жасауға талпыныстарын қалыптастыру. Үлкендерді мерекемен құттықтауға үйрету.
Спорттық ойындар мен іс-шараларға (жаздық, қыстық) белсенді қатысып, түрлі жаттығуларды орындауда, спорттық жарыстарда өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын, зеректігін танытуына мүмкіндік жасау.
Үлкендер ұйымдастырған ойын-сауық түрлеріне қызығушылығын арттыру (қуыршақ театры, музыкалық және әдеби композиция, концерт, ән кештері, ертегі, телебағдарламалар мен мультфильмдер көру).
Түрлі сайыстарға, жұмбақтар шешуге, тақырыптық кештерге, ән байқауларына, театрландырылған көріністерге қатысу белсенділіктерін арттыру.
3-4 ЖАСАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
3-4 ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ
ЖАС ЕРЕКШЕЛІК СИПАТТАМАСЫ
Сюжеттік-рөлдік ойындар - 3-4 жастағы баланың тұлғалық, интеллектуалдық, жалпы психологиялық дамуында ерекше орын алатын жетекші іс-әрекет болып табылады. Бұл кезең баланың тілге, оның дыбысталуы мен мағынасына ерекше қызығушылығымен, сезімталдығымен ерекшеленетіндіктен, баланың тілін дамытуға өте қолайлы.
Бұл жастағы балалар үлкендермен қарым-қатынас жасауға өте ықыласты болады. Әртүрлі сұрақтар қойып, өздері білетін ертегілерді бар ынтасымен айтып береді. Танымдық қызығушылығы белсенді болады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау қажеттілігі қанағаттанбаған кезде, олардың арасында эмоционалдық жатырқаушылық пайда болады. Төрт жасқа қарай бала құрдасын ортақ іс-әрекетке қатысушы есебінде қабылдайды.
3-4 жасар баланың өзін-өзі бағалауы өте жоғары деңгейде болады. Бұл — біреу оның тұлғалық қасиеттерін дұрыс бағаламаған кездегі өз-өзін қорғаудың «тұлғалық» механизмі болып табылады.
3 жас пен 4 жас аралығында баланың сенсорлық үдерісінің - сезіну мен қабылдау түрлері қалыптасады. Фонематикалық есту, түсті ажырату, көз қырағылығы, заттардың пішінін ажырату қабілеттері жетіле түседі.
Балалар заттарды ұстап көріп танудан, көзбен көру арқылы тануға көшеді. Жаңа заттарды қарап, көзбен көріп танудан сипап-сезу, есту, иіскеп көру арқылы қабылдауға ауысады.
Сөз — 3-4 жастағы балалардың сенсорлық үдерістерін дамытуда жетекші орын алады. Балалардың сөздік қорын заттардың сынын, бір-бірімен қарым-қатынасын білдіретін, мазмұнды қабылдауын қалыптастыратын жаңа сөздермен байытады.
3-4 жастан бастап баланың есі еріксіз сипатта болады. Бала материалды өзі іс-әрекетке тікелей қатысу арқылы есіне сақтайды. Бұл жастағы баланың ойлау қабілеті сапалық өзгешелігімен ерекшеленеді. Оған қиял мен шындықты ажырату қиынға соғады. Ол — өзімшіл. Оған анимастикалық түсініктер тән. Айнала қоршаған заттардың бәрін өзімен салыстырады, олар да өзі сияқты ойлауға және сезінуге қабілетті деп ойлайды.
Нысандарды қарастыра отырып әдетте, ол заттың едәуір ашық бөлігін ажыратады.
Мектепке дейінгі кіші жастағы балаларда кеңістік, уақыт, сан туралы қарапайым түсініктері қалыптаса бастайды.
3-4 жасар балалар ауа райы құбылыстары мен оның салдары арасындағы қарапайым байланыстарды түсіне бастайды. Тек қана өзі ғана емес, басқа да тіршілік иелері де тағам мен судағы қажеттілігі бар екенін түсінеді. 3-4 жасар балаларда құрастыру әрекеті әлі де ойынмен бірге ұштаса отырып жүргізіледі. Әр түрлі материалдарды қолдану барысында балалар олардың қасиеттері мен құрастырудың ерекшеліктерін танып-біледі.
Бұл кезеңде балалар қарапайым қол еңбегі түрлерінің әдістерін меңгереді (бүктеу, умаждау, жырту және ұсақ-түйектерді қолдан жасау).
Төрт жасқа қарай балалар көркем шығарма мәтінін эмоционалды және тұтастай қабылдайды. Оның материалды қаншалықты түсінгендігі сөйлеу тілінде ғана емес, заттарды ажырату және ойын әрекеттері үстінде байқалады.
Бала үшін бейнелеу өнері — өзі жасаған бейнелер. Бұл бейнелер баланың өзі сияқты дербестігімен, ашықтығымен ерекшеленеді.
Мүсіндеу, жапсыру, сурет салу барысында сызықтар мен пішіндер тіріліп, баланың көз алдында жағу, сызу арқылы бейнеге айналады. Бала сызықтарды, пішіндерді, түсті дақтарды, жағуларды қолданып, қарапайым сюжеттерді бейнелей алады.
Бұл кезеңде көп балалардың музыкаға ықыласы жоғары деңгейде болғандықтан, музыка мәдениетін меңгертуге өте қолайлы.
Мектепке дейінгі кіші жаста баланың моторлық қызметтері қарқынды дамиды. Балалардың қозғалыс белсенділігі іс-әрекет дербестігінің жоғары деңгейлігімен сипатталады.
3 жастан бастап нақты және саналы қызығушылығы біліне бастайды, бұл кезеңде бала өзіндік еркі бар жеке адам екенін түсіне бастайды. Ми қызметі мен психикалық қызметі қарқынды дамуын жалғастырады, мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Көркем шығармаларды қабылдауы мен музыкаға деген ықыласы артады. Бұл баланың қызығушылығы мен қабілеттерін анықтауға мүмкіндік береді. Көпшілікпен ойнайтын ойындарға қызығушылығы арта түседі.
Үш жасар бала — қажымас қайраткер, ол желімдеуге, мүсіндеуге, сурет салуға дайын, бірақ ұзақ әңгімелер мен түсіндірулерді қабылдай алмайды.
3-4 жасар баланың тұлғалық дамуының базистік мазмұны өзінің көпқырлылығымен, әрдайым даму үстінде және әр жас кезеңінің өзіндік мазмұнының ерекшеленуімен сипатталады.
3-4 жастағы балалардың тұлғалық, базистік сипаттамасына құзыреттілік, эмоционалдылық, бастамашылдық, дербестік жатады.
Құзыреттілік. Бала төрт жасында әлеуметтік құзыреттіліктің белгілі деңгейіне жетеді: басқа адамға қызығушылығын білдіреді, оған сенеді, үлкендермен және құрдастарымен өзара қарым-қатынас жасауға тырысады. Басқа адамдармен байланыс орнату үшін қатынасудың тілдік және тілдік емес (көзқарастар, ым, ишара, мәнерлі қылықтар мен қозғалыстар) тәсілдерін қолданады. Өзінің қай жынысқа жататынын түсінеді («Мен ұлмын», «Мен қызбын»).
Біліктілік құзыреттілігі баланың қоршаған әлемді танып-білу мақсатында әртүрлі сұрақтар қойып, белсенді қызығушылық танытуынан көрінеді. Ол әртүрлі тұрмыстық заттар мен ойыншықтарды ерекшеліктеріне (түсі, пішіні, көлемі, фактурасы, құрылымы), қызметіне қарай қолданып, байқайды. Сонымен қатар ауызша сипаттай алады (үлкен, әдемі, дөңгелек, т.б.).
Ана тілін меңгеру негізгі грамматикалық санаттар мен сөйлеу тілін меңгеруімен сипатталады.
Екінші тілді меңгеру. Мектепке дейінгі кіші жастағы бала екінші тілдің неге керек екендігін түсінбейді. Сондықтан оны меңгеруді алдына саналы түрде мақсат етіп қоймайды. Ол балалардың өзге тілді адамдармен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады.
Екінші тілді меңгеру үдерісі баланың үлкендермен және басқа балалармен қарым-қатынасындағы тұлғалық, танымдық, ойын іс-әрекеті қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында құрылады. Осы мақсаттағы қарым-қатынас баланың тілдік ортаға тікелей қатысуымен жүргізілуі керек. Бірлескен іс-әрекет қуану, үлкендермен, құрдастарымен ынтымақтасу, олармен қарым-қатынасына қанағаттану негізінде қалыптасады.
Дене қызметін дамытудағы 3-4 жастағы балалардың құзіреттілігі олардың өмірлік маңызды қозғалыс түрлерін (жүру, жүгіру, өрмелеу), қарапайым гигиеналық және өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын меңгеруімен анықталады.
Эмоционалдылығы. Балада үлкендермен эмоционалдық қарым-қатынас жасау қажеттілігі жоғары болады. Өзінің түрлі көңіл күйі мен сезімін (қуаныш, реніш, қорқыныш, таңқалу, рақаттану, т.б.) ашық көрсетеді.
Бастамашылық баланың тіршілік әрекетінің барлық салаларында: қарым-қатынаста (үлкендерге бастамашылық қарым-қатынас: сұрақтар қою, өтініш жасау, т.б.), заттық-тәжірибелік әрекет (заттар мен материалдар: бояу, қағаз, ермексаз, конструкторлармен эксперимент жасау арқылы байқап көру), өз бетінше құрастырған сюжетті-бейнелеу ойындарында көрінеді. Осы әрекеттер арқылы баланың шығармашылық қабілеті дамиды.
Дербестік — 3-4 жастағы балалардың маңызды ерекшелігі («Мен өзім», «Қолымнан келеді»). Олар барлық іс-әрекет түрлерінде үлкендерге еліктеп, оларды қайталайды (өзі тамақтанады, киінеді), мақсатты бір іс-әрекетке қызығушылықпен кіріседі (ыдыс жуады, кір жуады, дүкеннен сатып алады және т.б.).
Үлкендер баланың белсенділігін қолдап, ынталандырып отырумен қатар, әр кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Өйткені бала айтылған ескертулерді ескере бермейді, сондықтан үлкендер қауіпті жағдайлардың алдын алу шараларын ұмытпағаны жөн (зақым келтіретін, жаралайтын, сынатын немесе кесетін заттарды алып қою, шкафтардың есіктерін жабу және т.с.с.).
КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ
«Сәлеметсіңдер ме, балалар!» Таңертеңгілік қабылдау. Жаттығу. Гигиеналық шаралар. Таңғы ас. Топтық қарым-қарым-қатынас: қызықты қысқа және ұзақ мерзімді іс-әрекеттерін бірігіп жобалау. Ойындар, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне дайындық. | 7.30 - 9.20 |
«Ойнайық та, ойлайық» Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (үзілістерімен бірге жалпы ұзақтығы). Үлкендердің балалармен біріккен іс-әрекеті. | 9.20 - 10.00 |
«Табиғат аясында» Серуенге дайындық. Серуен. Табиғатпен таныстыру, ойындар, еңбек. Серуеннен қайту. Гигиениалық және шынықтыру шаралары. | 10.00 - 12.20 |
«Ас — адамның арқауы» Түскі ас. | 12.20-13.10 |
«Тәтті ұйқы» Гигиениалық және шынықтыру шаралары. Жатқызу және түскі ұйқы. | 13.10 - 15.10 |
«Ұйқымызды ашайық» Ояну. Шынықтыру шаралары. Бесін ас. | 15.10 - 16.00 |
«Алақай! Ойын!» Сюжеттік - рөлдік, шығармашылық және дидактикалық ойындар. Серуенге дайындық, серуен, қимылды ойындар. Серуеннен қайту. Гигиеналық және шынықтыру шаралары. Балалардың еркін өзіндік іс-әрекеті. | 16.00 - 17.40 |
«Ас дәмді болсын» Кешкі ас | 17.40 - 18.00 |
«Ертеңге дейін...» Балалармен, ата-аналармен қарым-қатынас. Балалардың үйге қайтуы. | 18.00 - 19.00 |
ІІ СӘБИЛЕР ТОБЫНЫҢ
(3жастан бастап 4 жасқа дейін)
БАЗИСТІК ОҚУ ЖОСПАРЫ
№ | Білім беру салалары | Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті |
1 | «Денсаулық» | 2 |
2 | «Қатынас» | 2 |
3 | «Таным» | 2 |
4 | «Шығармашылық» | 4 |
5 | «Әлеуметтік орта» | 1 |
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің жалпы көлемі | 11 | |
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің ұзақтығы | 15-20 минут |
«ДЕНСАУЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: дене бітімі жақсы қалыптасқан, денсаулығын сақтауға және шынықтыруға қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- дене шынықтыру;
- валеология.
Дене шынықтыру
Мақсаты: дене шынықтыру жаттығуларына қызығушылығын арттыру, қозғалыс ептілігі мен дағдыларын жетілдіру.
Міндеттері:
- жүру, жүгіру, лақтыру, қағып алу, еңбектеу және өрмелеу жаттығулары арқылы қозғалыстың негізгі түрлерін орындаудың қарапайым дағдыларын қалыптастыру;
- сапқа тұру мен қайта тұрғызудың қарапайым дағдыларын дамыту;
- дене күшінің қасиетін дамытуға, ептілікке, шыдамдылыққа, тепе-теңдікті сақтауға дағдыландыру;
- қол мен аяқ қимылдарын үйлестіріп, басын тік ұстап, аяғын сүйретпей нық басып жүруге үйрету;
- балалардың барлығы бірге, бір қарқында қозғалуына үйрету;
- жеке гигиеналық дағдылар мен денсаулық сақтау негіздерін қалыптастыру;
- дербестікке, қимылдарының мәнерлілігі мен икемділігіне, табиғи және еркін жүру мен жүгіру ептілігіне, кеудесін түзу ұстауға, тепе-теңдігін сақтауға, топтағы қатарда өз орнын таба білуге, қозғалыс пен ептілігін дамытуға дағдыландыру;
- балаларды спорттық ойындармен және жаттығулармен таныстыру.
Мазмұны:
Негізгі қимыл түрлерін дамыту жаттығулары
Жүру:
- сапта бір-бірлеп, бірінің артынан бірі, жұптасып;
- тізені жоғары көтеріп;
- тоқтап, отырып-тұрып, бұрылып, «жыланша» ирелеңдеп, заттарды айналып өту, аттау арқылы түрлі тапсырмаларды орындау;
- адымдап алға;
- адымдап артқа;
- төбешікке мініп, түсіп;
- еркін жүруге, қол мен аяқ қимылдарын үйлестіруге, аяқтарын сүйретпей, басын жоғары ұстап жүруге үйрету.
Жүгіру:
- сапта, арақашықтықты сақтап, әр бағытта;
- жіптен және қолдарынан ұстап, шеңбер бойымен;
- түрлі бағыттарда;
- алаңның бір жағынан келесі жағына;
- тура және айналма жолмен;
- жүгіруді жүрумен кезектестіріп, тоқтап, бағытты өзгертіп;
- бір-бірін қуып, ұстап алу;
- тез қарқынмен (10-20 м дейін);
- баяу қарқынмен үздіксіз (50-60 сек бойы);
- балаларды еркін жүгіруге, қол мен аяқ қимылдарын үйлестіруге, аяқтарын сүйретпей, басын қалыпты ұстап жүгіруге үйрету.
Секіру:
- екі аяқпен (аяқтары бірге және алшақ);
- белгілі бір затқа басымен жанап өтіп жоғары секіру;
- арақашықтығы 2-3 метр жерге дейін қос аяқпен секіру;
- бір орыннан ұзындыққа, жерде жатқан шығыршыққа секіру;
- биіктігі 15-20 см тереңдікке;
- биіктігі 5-10 см заттың үстінен;
- аяқты бүкпей, бір аяқты екінші аяқпен кезектестіріп секіру.
Дәлдеп лақтыру, домалату, қағып алу:
- бір-біріне 1,5-2 метр арақашықтықта отырып, аяқты алшақ қойып, малдас құрып отырып допты домалату;
- допты тұрып домалату;
- қақпадан өткізіп допты домалату;
- допты екі қолымен кеуде тұсынан, бастан асыра, жоғары лақтыру;
- допты екі қолымен жоғары, төмен еденге ұрып (жерге) лақтырып, қағып алу;
- көлденең нысанаға лақтыру, алысқа;
- нысанаға тігінен оң және сол қолымен лақтыру
Өрмелеу және еңбектеу:
- арақашықтығы 4-6 метр жерге тура бағытта, «жыланша» ирелеңдеп, қойылған заттардың арасымен еңбектеу;
- еденнің үстіне қойылған тақтайшалармен;
- жіппен биіктігі 40 см доғаның астынан;
- гимнастикалық қабырғаның екінші баспалдағына бекітілген көлбеу тақтайдың бойымен;
- бөренеден аттап өту;
- орындықтың астымен жорғалау;
- еденге тігінен орналастырылған шығыршықтың арасынан жорғалап өту;
- көлбеу сатымен өрмелеп өту;
- гимнастикалық қабырғаға өрмелеу және түсу;
- сатымен және гимнастикалық қабырғамен (биіктігі 1,5 м) өрмелеу.
Тепе-теңдікті сақтау:
- бір шетінің биіктігі 20-30 см көтерілген көлбеу тақтаймен жүру;
- тегістелген бөрененің үстімен жүру;
- бір орында аяқтың ұшымен көтерілу және тұру;
- бір орында тұрып екі бағытта да шыр айналу.
Сапқа тұру және сап құрылымын өзгертіп қайта тұру :
- бүкіл немесе шағын топтармен сапқа, шеңберге, қатарға тұру;
- орнында адымдап, бұрылу арқылы қатардағы өз орнын табу.
Музыкалық- ырғақтық жаттығулар
Музыка әуенімен бірлесіп, жекелей сап түзеп жүру. Музыканың басталуы мен аяқталуын ырғақты қозғалыспен көрсету. Жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің қимыл-қозғалысын көрсету. Би қимылдарын жасау.
Жалпы дамыту жаттығулары
Қол мен иық бұлшық еттерін нығайтуға арналған жаттығулар
Жаттығуларды құралмен немесе құралсыз орындауда қолдарын жанынан жоғарыға көтеріп, қолдарын кезекпен немесе бірге түсіру. Құралды алдынан, артынан, басының үстімен қолдарына кезекпен ауыстыру. Алдынан немесе басының үстінен шапалақтап қолдарын артына жасыру. Қолдарын алға созып, жан-жағына апару, алақандарын жоғары бұрып, буындарын көтеріп түсіру, саусақтарын қозғалту. Қолының саусақтарын жұмып ашу. Қолдарын белдеріне қою.
Аяққа арналған жаттығулар
Аяқтың ұшымен көтерілу. Аяқтың ұшын алға, жанына, артқа қою. Қатарынан 2-3 рет жартылай отыру жаттығуларын жасау. Қолдарын алға созып, қолдарымен тізесіне сүйеніп, тізесін құшақтап және басын иіп отыру. Тізесінен бүгілген аяқтарын кезекпен көтеру, тізесінен бүгілген аяқтарын бір-біріне соғып, шапалақтау. Құм салынған қапшықтарды отырған күйде аяқтарымен ұстап алу. Таяқшамен, валикпен (диаметрі 6-8 см) жан-жағына табанының ортасымен сүйеніп қосалқы адымдармен қозғалу.
Кеудеге арналған жаттығулар
Бір-біріне басының үстінен допты беру (алға және артқа).
Қолды алға көтеріп оңға және солға бұрылу. Алға, оңға, солға еңкею. Бұрылып отырып құралды артына қою және бұрылып алу. Артқа сүйеніп отырып, аяғын өзіне тарту, малдас құрып отыру, созу; тізесін құшақтап екі аяғын өзіне тарту, аяқтарын кезекпен көтеріп, оларды бір-біріне қою (оң аяғын сол аяққа немесе керісінше). Отырып алға еңкею. Тіземен тұрып алға еңкею. Арқасымен жерде жатып бір мезгілде қолы мен аяғын көтеріп, түсіру, велосипед тебісіне еліктеп аяқтарын қозғау. Жерге ішпен жатып аяқтарын майыстырып жазу (бір-бірлеп және бірге). Арқасымен жерде жатқан жерінен аунап барып ішпен жату және керісінше айналу. Ішпен жатып қолдарын жан-жағына созу арқылы иілу және иықтарын көтеру.
Спорттық жаттығулар
Шанамен сырғанау
Биік емес төбешіктерден сырғанау, бір-бірін сырғанату.
Сырғанау
Үлкендердің көмегімен мұзды жолдармен сырғанау.
Шаңғымен жүру
Шаңғыларды киіп, шешу, оларды орнына қою, түзу шаңғы жолында аттап басу және сырғанау адымдарымен жүру.
Велосипед тебу
Велосипедке міну және түсу, үш аяқты велосипед тебу.
Жүзуге дайындық
Суға кіру және шомылу, су ішінде ойнау.
Дене тәрбиесінен айына 1 рет ұзақтығы 15-20 минут болатын ойын-сауық шараларын ұйымдастыру.
Валеология
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың алғашқы валеологиялық түсініктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- өзінің денесі туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру, өз ағзасы мен денсаулығына ұқыптылықпен қарауға дағдыландыру;
- мәдени-гигиеналық әдеттері мен дағдыларын кеңейтіп, жетілдіру;
- қоршаған ортада өзін-өзі ұстаудың қарапайым қауіпсіздік дағдыларымен таныстыру.
Мазмұны:
Салауатты өмір салты
Бала ағзасын нығайту мен шынықтыру шараларын жүргізу (беті-қолын, мойнын салқын сумен жуу, жалаң аяқ жүру, аузы мен тамағын салқын сумен шаю, суық және жылы ауа ванналары).
Түрлі гимнастикалар мен массаждар жасау (таңертеңгілік, дем алу, артикуляциялық гимнастикалар, көзге арналған гимнастика, тіс тазалау және қызыл иекке массаж жасау, нүктелі массаж).
Күн тәртібіне сәйкес балаларды күнде таза ауаға шығару.
Өз-өзіне күтім жасау дағдыларын дамыту (ауа-райына байланысты киіну, жуынып таза жүру, шашын тарау, қол орамалын қолдану).
Күнделікті тұрмыста және табиғат аясында өз-өзін ұстау тәртібі мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау (далада өсіп тұрған жидектер мен саңырауқұлақтарды жемеу, жануарлармен байланысқа түспеу).
Бағдаршамның түстерімен, көшеде өзін-өзі ұстау мен жол ережелерін сақтаудың қарапайым дағдыларымен (көшеде қалай және қай жерден өту керек) таныстыру.
Мәдени-гигиеналық дағдылар
Өз бетінше жеңдерін түріп, қолдарын сабындап жуып, қолы мен бетін құрғатып сүртуді, тіс пастасы мен щеткасын дұрыс қолдана отырып, тісін жақсылап тазалауды, киімдерін суламауды, сүлгіні өз орнына ілуді көрсетіп түсіндіру.
Тамақтану барысында қасықты, шанышқыны, майлықты дұрыс қолдануға, (жылдың соңына қарай) тамақты аузын жауып отырып, асықпай, әбден шайнауға, нан қиқымын шашпауға, шай мен сорпаны төкпей ішуге, тамақтан соң аузын шаюға үйрету.
Қол орамалды қолдану мен дәретхананы дұрыс пайдалануға және барлық жерде тазалық сақтауға үйрету. Өзінің сырт келбетіне назар аударуға, жарасымды, таза киініп шашын әдемі тарауға дағдыландыру.
Өзінің және өзгенің заттарына ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу.
«ҚАТЫНАС» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: мемлекеттік және ана тілін үйренуге дайын, үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасауға талпынысы бар мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру;
- мемлекеттік тілді, орыс және басқа тілдерді үйрету.
Тіл дамыту
Мақсаты: тілдік қарым-қатынас іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- артикуляциялық аппаратын дамыту және барлық дыбыстар мен сөздерді дұрыс айтуға әзірлеу;
- сөздік қорын байытып, сөйлеу барысында қолдану;
- тілдің грамматикасын дұрыс сақтау дағдысын қалыптастыру;
- өз ойларын дұрыс, қысқаша жеткізе білу дағдылырын қалыптастыру;
- тілдік шығармашылыққа тұрақты қызығушылығын қалыптастыру;
- қарым-қатынас мәдениетінің қарапайым дағдыларын дамыту.
Мазмұны:
Қоршаған орта туралы түсініктерін қалыптастыру барысында сөздік қорын дамыту. Оны түрлі сөз таптарына (зат есім, етістік, сын есім, үстеу) қатысты сөздермен байыту.
Заттардың бөліктерін (көйлек пен жейденің – жеңі, жағасы, түймелері) ажыратып, атай білуге үйрету.
Сөздік қорын заттардың қасиеттері мен сапасын (көлемі, түсі, пішіні, қандай материалдан жасалғаны және не үшін керектігі) білдіретін сөздермен толықтыру.
Заттарды топтастыруға, оларды атай білуге үйрету (ойыншықтар: доп, машина, қуыршақ және т.б., киімдер: жейде, шалбар, тон және т.б, ыдыс-аяқтар: кесе, қасық, тостаған және т.б.).
Балалардың сөздік қорына қарама-қарсы мағыналы сөздер — антонимдерді (үлкен-кіші, жақсы-жаман, мейірімді-мейірімсіз, алыс-жақын) енгізу.
Балалардың сөздік қорын тұрмыстық заттардың атауларымен толықтыру: кір жуғыш машина, тоңазытқыш, шаңсорғыш, теледидар.
Балалардың сөздік қорын ұлттық және бұрын көрмеген «таңқаларлық» заттардың атауларымен (желпуiш, теңге) толықтырып, аттары мен қызметтерін түсіндіру.
Тілдің дыбысталу мәдениеті
Тілдегі барлық дауысты және дауыссыз дыбыстарды анық, таза айтуға үйрету.
Сөйлеу қарқынын өзгерте білу ептілігін дамыту: ақырын сөйлеу, жаңылтпаштар айту.
Есту қабілеттерін жетілдіріп, тілдегі дауыс ырғағының мәнерлілігін сезінуіне мүмкіндік туғызу.
Дауыс және артикуляциялық аппаратын дамыту.
Тілдің грамматикалық құрылымы
Балаларға сөздерді жақ, шақ, септіктерде қолдана білуге үйретуді жалғастыру.
Зат есімдер мен көмекші есімдерді байланыстырып қолдануға үйрету (үстелдің астында, шкафтың үстінде, үйдің жанында, әжесінің қасында, есіктің артында, айнаның алдында және т.б.).
Жануарлар мен олардың төлдерін (аю-аюлар, қонжық-қонжықтар, жылқы- жылқылар, құлын-құлындар) білдіретін зат есімдерді жекеше, көпше түрде айтуға үйрету.
Өздері білетін заттар мен ойыншықтарды септік жалғауларын жалғап, көпше түрде айтуға үйрету (доптардың, қуыршақтарға, қонжықтарда, т.б.).
Сөйлеу тілінде бірыңғай мүшелерді (мен атама, әжеме, апама барамын) қолдана білуге үйрету.
Байланыстырып сөйлеу
Сөзді тыңдап және оны түсіну, әңгімеге араласып, өзіне қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзін қызықтырған сұрақтарды сұрауға үйрету.
Тәрбиешінің көмегімен ойыншық туралы, сурет бойынша 2-3 сөзден тұратын қысқаша әңгіме құрау.
Балаларға таныс әдеби шығармалар мен ертегілердің үзінділерін драмалауға қатыстыру.
Шығармашылық тілді дамыту
Шағын тақпақтар мен өлеңдерді жатқа айтуға үйрету.
Тақпақтап, ұйқасты сөздер айтып ойналатын ойындарды балалар қызығатындай етіп өткізу керек. Сол арқылы баланың тілі дамиды.
Қол мен саусақты жаттықтыруға арналған ойындар мен ойыншықтарды қатыстырып шағын оқиғалар құрастыру, өздері білетін ертегілерді драмалау.
Сөйлеу барысында дауыс ырғағы мен қарқынын қадағалап, кейіпкерлердің бейнесін, мінез-құлқын дұрыс жеткізуге жаттықтыру.
Көркем әдебиет
Мақсаты: халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті шығармаларымен таныстыру. Көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру.
Міндеттері:
- халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті арқылы адами қарым-қатынас әлемімен таныстыру;
- балаға айналасындағы адамдардың сырт бейнесі қаншалықты әртүрлі болса, мінез-құлқы да соншалықты әртүрлі болатындығы туралы түсінік беру. Адамдармен сенімді қарым-қатынас құра білуге үйрету;
- ертегі, өлең, әңгімелерді тыңдауға, ондағы оқиғалардың өрбуін бақылауға, шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлердің қарапайым қарым-қатынастарын бағалауға тәрбиелеу.
Мазмұны:
Қоршаған әлем туралы, адами сезімдер мен қарым-қатынастар туралы түсініктерін кеңейту.
Шығармалардың мазмұнын балалардың жеке тәжірибелерімен, олардың күнделікті өмірі мен қоршаған ортасымен сәйкестендіруге үйрету.
Халық ауыз әдебиеті шығармалары мен балалар әдебиетіне қызығушылығын арттыру.
Шағын тақпақтар мен өлеңдерді жатқа айтуға, оларды сахналауға қатысуға ықыластарын арттырып, қолдау көрсету.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың қарым-қатынастың ауызша және ауызша емес түрлерін игеру дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- жақсылық, өзара көмек, достық туралы түсінік беру;
- үлкендермен және құрдастарымен жайдары әңгімелесе білу дағдыларын қалыптастыру.
Мазмұны:
Үлкендердің аты-жөнін сыпайы түрде атап, «Сіз» деп айтуға (апай, ағай, аға, көке, апа), амандасу, қоштасу, алғыс айту секілді әдептілік қарым-қатынас мәдениеті мен сыпайылық дағдыларын қалыптастыру.
Үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынаста «көмектесуіңізді өтінемін», «менімен ойнашы» сөздерін қолдануға үйрету.
Адамдармен қарым-қатынаста ұлты мен тіліне қарамастан қайырымды әрі жайдары қарым-қатынас жасау керектігін үйрету.
Түрлі ұлт өкілдерімен сенімді қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау.
«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қоршаған әлем жайлы қарапайым түсініктер мен танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерген, игерген дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру;
- құрастыру;
- экология негіздері;
- қоршаған ортамен таныстыру.
Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
Мақсаты: балалардың алғашқы ойлау операциялары: салыстыру, қорыту, заттар мен түсініктер арасындағы кейбір байланыстарды құру ептіліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- қарапайым сан мен санау түсініктерін қалыптастыру;
- заттардың көлемі мен пішіні, олардың кеңістіктік қатынастарымен таныстыру;
- көру, есту, зейін, ес және ойлау қабілеттерін дамыту.
Мазмұны:
Сан мен санау
Заттар көлемі, пішіні, түсі бойынша бір немесе бірнеше болатыны және олардың кеңістікте түрліше орналасатыны туралы түсінік беру.
Санамай және санын атамай бір топтың затын екінші топтың затымен беттестіру тәсілін қолдана отырып, саны мен көлемі бойынша екі тең немесе тең емес (үш көлемінде) заттардың топтарын салыстырып көрсету.
Қоршаған ортадан бір немесе бірнеше ұқсас заттарды таба білуге үйрету.
«Қанша?», «қанша артық?», «қанша кем?» сұрақтарын түсініп, «көп», «бір», «артық», «кем» «сонша», «қанша», «тең» сөздерін қолдана отырып жауап беруге үйрету.
Заттарды бір қатарға солдан оңға қарай оң қолымен орналастыруға үйрету.
Көлем
Қарама-қарсы заттардың өлшемі мен шамасы бойынша (үлкен-кіші), ұзындығы (ұзын-қысқа), биіктігіне (биік-аласа), екі бірдей заттарды бір-біріне қою және беттестіру тәсілдерін қолданып салыстыруға үйрету.
Геометриялық пішін
Геометриялық пішіндерді (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш) танып ажырата білуін жетілдіру.
Қоршаған ортадан геометриялық пішіндерге (тіктөртбұрыш, сопақша, трапеция) ұқсас заттарды тауып, оларды тұрмыстағы заттармен (кірпіш, қияр, үйдің шатыры) сәйкестендіре білуге үйрету.
Заттар мен пішіндерді сипап сезу және көру тәсілдері арқылы зерттеу іскерліктерін дамыту.
Кеңістікті бағдарлау
Өзіне жақын кеңістіктегі бағыттарын ажырата білуін дамыту (оң-сол, алда-артта, жоғарыда-төменде, алыс-жақын, жоғары-төмен).
Оң және сол қолын ажырата білуге үйретуді жалғастыру.
Уақытты бағдарлау:
Тәуліктің қарама-қарсы бөліктерін анықтай білуін дамыту: таңертең-кеш, күн-түн.
Үлкендер мен балалардың іс-әрекеттерінің өзгеруі бойынша тәулік бөлігін ажырата білуге үйрету.
Құрастыру
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың қарапайым құрастыру дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- қағаз бен құрылыс материалдарынан құрастыруға үйрету;
- өз қиялымен түрлі құрылымдар құрастыру, оларды сюжет мазмұнына қарай біріктіру, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге үйрету;
- өз бетінше жеке және құрдастарымен жақсы қарым-қатынас орната отырып, ұжымдық жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру;
- шығармашылық қиялы мен көркемдік талғамын дамыту.
Мазмұны:
Құрылыс материалдарынан құрастыру
Түрлі-түсті бөлшектер мен пішіндерден қарапайым құрылыстар жасауды жалғастыру, бөлшектерді қатарластырып, кірпіш - пластиналарды көлденеңінен, тігінен, дөңгелек пен төртбұрыш бойына бір-біріне жақын және белгілі арақашықтықты сақтай отырып орналастыру тәсілдерін қолдану.
Биіктету немесе бөлшектерін ауыстыру арқылы құрылысын өзгерту іскерліктерін дамыту, мысалы: «Жолдар» (машиналар мен жаяу жүргіншілерге арналған кең және тар жолдар), «Лақтар мен боталарға арналған қоршаулар» (биік, аласа), «Қақпа» (биік, аласа, кең және тар).
Балаларға құрылыс материалдарының негізгі бөлшектері (текше, кірпіш, пластина, призма) мен олардың түстерін, көлемдерін атай білуге ынталандыру. Құрылыс бөліктерін көлеміне қарай (үлкен-кіші, ұзын-қысқа, биік-аласа, кең-тар) ажырата білге үйрету.
Қағаздан құрастыру
Қағаздан құрастырудың бүктеу, умаждау, жырту, ширату тәсілдерін қолдана отырып, қағаз парағын көлемді өзгерту іскерліктерін қалыптастыру (мысалы, шөп, бақбақ, құстар).
Экология негіздері
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың экология саласы бойынша қарапайым ұғымдары мен түсініктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- қоршаған әлемдегі заттарға танымдық қызығушылықтарын арттыру;
- өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер туралы түсініктерін кеңейту;
- қоршаған әлемді түсінуге, қабылдауға оң көзқарастарын тәрбиелеу.
Мазмұны:
Балалардың өсімдіктер, жануарлар, адамдар (олардың жаны бар, тамақты, су мен ауаны сонымен қатар қамқорлықты да қажет ететіндігі) және өлі табиғат нысандары (су, ауа, жер — олардың да қамқорлықты қажет ететіні) туралы түсініктерін кеңейту.
Табиғат нысандары мен құбылыстарын (жануарлар мен өсімдіктер, жапырақтың түсуі, қардың жаууы, жауын-шашын, жел) бақылауға және осы нысандар мен құбылыстардың (күзде құстар жылы жаққа ұшып, жануарлар қысқа дайындала бастайды, көктемде қар ериді) арасындағы байланыстарды көре білуге үйрету.
Балаларды табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен мекендеушілерге (құстар мен балықтар) қолдарынан келгенше қамқорлық жасауға үйрету.
Балаларды қоршаған әлемге қамқорлықпен қараудың үлгілерін (гүлдер мен жапырақтарды жұлмау, бұтақтарды сындырмау, қыста құстарға жем беру) көрсету.
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер
Табиғатта, ауа райында, жануарлар мен өсімдіктер әлемінде, адамдардың киіміндегі қарапайым маусымдық өзгерістерді байқауға үйрету.
Табиғат құбылыстарына қызығушылығын тәрбиелеу.
Күз. Күзгі табиғатты бақылап, өзгерістерін — күннің қысқарғанын, ауа райы суытып жауған жауын-шашыннан соң жерде шалшықтар пайда болатынын, күн сирек көрініп аз жылытатынын, жапырақтардың түсіп, құстар жылы жаққа ұшып кететінін белгілеу.
Қыс. Қысқы табиғатты бақылап, өзгерістерін - жылдың ең суық мезгілі екенін және қар жауатынын белгілеу.
Қармен ойнап аққала соғуға болады. Ол жылы жерде тез ериді. Қарда із қалдырып, таяқшамен сурет салуға болады.
Мұз қатты, жылтыр, жылы жерде тез ериді. «Жаңа жылдық шырша» - ең сүйікті қысқы мереке.
Көктем. Көктемгі табиғатты бақылап өзгерістерін белгілеу: күн жылып қар ериді, күннің көзі жарқырап, өсімдіктер мен ағаштардың жапырақтары өсе бастайды. Жаңбыр жауады. Көктемгі жұмыстар басталады: жер аударады, гүлдер мен көкөністердің тұқымдарын сеуіп, жеміс ағаштарын отырғызады. Малдарды өріске айдайды.
Жаз. Жазғы табиғатты бақылап қарапайым өзгерістері жылы және ыстық, күннің көзі жарқырайтынын, шөптер өсіп, гүлдер гүлдейді, ағаштағы жапырақтар үлкен болып өсетінін белгілеу. Жаңбыр жауады. Жазғы жұмыстар: гүлдерді, көкөністер мен жеміс ағаштарын суарады.
Өсімдіктер әлемі
Көкөністер (сәбіз, қияр, қызанақ) мен жемістер (алма, алмұрт, апельсин) туралы түсініктерін кеңейту.
Ағаштарды танып, атай білуге үйрету: қайың, шырша.
Гүлдерді танып, атай білуін дамыту: түймедақ, бақбақ, бөлме гүлдері — фикус, қазоты, қынагүл.
Ағаштың діңін, бұтағын, жапырағын, ал гүлдердің сабағын, жапырағын, гүлін тауып атай білуге үйрету.
Өсімдіктерді күту тәртібі: суару және қайта отырғызу ережелерімен таныстыру (балалардың бақылаулары).
Жануарлар әлемі
Үй жануарлары (ит, мысық, ешкі, сиыр) мен жабайы аңдар (аю, қоян, түлкі) туралы түсініктерін кеңейту.
Құстар туралы түсініктерін кеңейту: әтеш, тауық, балапандар, торғай, сауысқан.
Табиғат бұрышын мекендеушілерді бақылауға (тотықұс, балықтар, тасбақа), қыстап қалатын құстарға қамқорлық жасауға үйрету.
Құстар мен жануарлардың мекені, қоректенуі, қозғалыстары мен қалай дыбыстайтыны туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру.
Жануарлар мен құстарды күтудегі үлкендердің еңбегі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Табиғаттағы жануарлар мен құстарды табиғат бұрышын мекендеушілердің өмірімен салыстырып, бақылауға үйрету.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: қоршаған ортадағы нысандар мен құбылыстарға танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру.
Міндеттері:
- өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер, байланыс және көлік құралдары, қарапайым зерттеу әрекеті туралы түсініктерін кеңейту;
- заттар, құбылыстар мен оқиғалар арасындағы себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділіктерін түсінуін қалыптастыру.
Мазмұны:
Заттық орта
Айналадағы заттар, олардың сапасы, қасиеті, қызметі, неден жасалғандығы туралы түсініктерін жүйелеп, қорытындылау.
Қоршаған ортадағы заттарды және олардың көлемі, түсі, пішіні, бөліктері мен бөлшектерін бірнеше сенсорлық белгілері бойынша топтау, қарастыру, зерттеу, атау және ажырату ептіліктерін жетілдіру.
Заттарды сапасы мен қасиеттерін ажыратуға үйрету:
- сипап сезуге (тегіс — кедір-бұдыр);
- дәміне (тәтті — қышқыл);
- естуіне (сыбдырлайды — тарсылдайды), заттармен әрекеттерді атау.
Түрлі заттар әлеміндегі атауларды балалар тіліне енгізіп, нақтылау, таныс емес заттардың не үшін қолданылатынын түсіндіру, заттардың тобын (ойыншықтар, киімдер, аяқ киім, ыдыс-аяқ, жиһаз) білдіретін ұғымдарды меңгеруін тиянақтау.
Тұрмыстық заттар мен топ бөлмесінің жиһаздарын дұрыс қолдану ептіліктерін жетілдіру.
Заттарға ұқыптылықпен қарау дағдылары мен ойыншықтарды, кітаптарды, ыдыс-аяқтарды сақтау ережелерін үйрету.
Байланыс және көлік құралдары
Жергілікті жағдайларды ескере отырып, көлік құралдарын (автобус, трамвай, жүк машинасы, жеңіл машина, ұшақ) танып, атауға үйрету.
Автомашинаның бөліктерін (кабина, рөл, кузов, дөңгелек) ажырата білуін дамыту.
Бағдаршамның белгілерімен, көшеде өзін-өзі ұстаудың қарапайым дағдыларымен (көшеде қалай және қай жерден өту керек) таныстыру.
Зерттеу- іздестіру әрекеті
Заттарды меңгеруге үйрету (балық аулайтын ау, сурет салуға қарындаш немесе бояулар, жіптердің көмегімен заттарды тартып алу және т.б.).
Түрлі материалдармен таныстыру (су — төгіледі, боялады; ылғал топырақтан мүсіндер жасауға болады, ал құрғақ топырақ — шашылады; қардан қар кесегін жасауға болады, егер жылы жерге кіргізсе, ол ериді, т.б.).
Тәжірибе нәтижесін көру үшін басқалардың әрекеттерін бақылауға үйрету.
Көп заттардың ішінен біреуін таңдап алуға үйрету (осы ойыншықпен ойнағым келеді, мына затты қолдана аламын).
Ақпаратпен жұмыс
Қолжетімді ақпараттармен (кітаптардан, телебағдарламалардан, фильмдерден, үлкендердің сұхбаттарынан) жұмыс істеудің қарапайым дағдыларын дамыту.
Әдеби шығармалар мен олардың мазмұнына жаңа ақпарат көзі (еңбек, ойыншықтар, туыстар, ойыншықтармен қарым-қатынасы және т.б. туралы) ретінде қызығушылықтарын қалыптастыру.
Өз әсерлерімен бөлісу іскерліктерін дамыту.
Менің елім — Қазақстан
Баланың шағын отаны — оның тұрғылықты жері (қаласы, ауданы, ауылы) туралы түсінік беру, аттарымен таныстыру.
Біздің елімізде қарттарға — құрмет көрсетіліп, ақылын тыңдайтынымыз туралы, ал кішілерге — қамқорлық жасалып, оларды бағып-қағып өсіретініз туралы түсінік беру.
Үлкендер - жұмыс істейді, балалар — балабақшаға, мектепке баратыны туралы түсіндіру.
Адамдар — үйлер мен киіз үйлерде тұрады. Баспана туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру.
Қазақстан халықтарының мәдениетінен алғашқы түсініктерін қалыптастыру.
Өмір қауіпсіздігі және жолда жүру ережелері
Жол бөліктерімен таныстыру, жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиегіндегі тротуар жолдарымен таныстыру.
Бағдаршамның түстерімен таныстыру, қай түс қандай белгі беретіндігін түсіндіру.
Көлік жолдары мен жаяу жүргінші жолдары туралы түсінік беру:
- жаяу жүргінші тротуармен;
- балалар жолдан ата-аналарының көмегімен;
- жаяу адам көлікті аялдамада күтеді;
- көлік ішінде ешкімге кедергі жасамай, тәртіп сақтау.
Өмір қауіпсіздігі ережелерін сақтау:
- үйде және балабақшада өз қауіпсіздігін сақтау;
- үшкір заттармен ойнамау;
- электр құралдарынан алыс жүру;
- отпен ойнамау;
- таныс емес, бөгде біреуге есік ашпау;
- серуенде жүргенде үлкендерден алыс кетпеу;
- өзі білмейтін саңырауқұлақтар мен жидектерді теріп, жемеу.
«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: өнер туындысына сезіммен қарайтын, бейнелеу өнері саласының қарапайым дағдыларын меңгеруге қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын дамыту.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегі түрлері арқылы жүзеге асады:
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- сурет салу;
- музыка.
Мүсіндеу
Мақсаты: балалардың мүсіндеуге деген қызығушылықтарын тәрбиелеп, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.
Міндеттері:
- техникалық дағдылар мен іскерліктерін қалыптастыру;
- шығармашылық іс-әрекет үдерісіне, көркем шығармалар мен халық шығармашылығына эмоционалдық қарым-қатынастарын білдіруге тәрбиелеу.
Мазмұны:
Сазбалшықтың қасиеттерімен таныстыруды жалғастыру: сазбалшық жұмсақ, бөліп алуға, илеп мүсіндер жасауға болады.
Сазбалшық, қамыр, ермексаз кесектерінен үзу, жұлу, жаншу, созу тәсілдерін қолдана отырып мүсіндеуге үйрету.
Кесекті алақан арасында және жазықтықта түзу және домалақтау арқылы илеу іскерліктерін жетілдіру.
Бөліктері бірнеше заттарды мүсіндеу, дұрыс орналастыру, қатынастарын сақтау, бір-бірімен біріктіру тәсілдерін көрсету.
Кейбір заттарды, көкөністер мен жемістерді бейнелеуге үйрету: азық-түліктер (бауырсақтар, печеньелер, кәмпиттер, шұжықтар), ыдыс-аяқтар (кесе, шыны аяқтар, табақтар, тәрелкелер), ойыншықтар (доп, көжек), жануарлар (кірпі, тышқан, мысық), ертегі кейіпкерлері («Бауырсақ», «Мысықтар ойнайды»).
Жануарларды мүсіндеу тәсілдерін көрсету.
Жеке жұмыстарды ұжымдық композицияға біріктіруге үйрету.
Жапсыру
Мақсаты: қолжетімді мәнерлілік құралдарымен қарапайым бейнелер мен сюжеттерді құрастыру іскерліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- үлгіге сүйене отырып дайын пішіндерден бейнелерді құрастыра білуге үйрету;
- жапсыру техникасы дағдылары мен ептіліктерін дамыту.
Мазмұны:
Балаларды көкөністер мен жемістерді, азық-түліктерді, ыдыс-аяқтарды, ойыншықтар мен жануарларды бейнелеуге үйрету.
Үлкендер әзірлеген ірі және едәуір ұсақ элементтерді орналастырып (алдымен қағаз бетіне құрастырып, содан соң оларды желімдеу) желімдеуге көмектесу.
Заттар мен ою-өрнектердің пішінін, түсі мен көлемін ескеріп, геометриялық пішіндерден өрнектер құрастыруда жазықтықта орналастыру заңдылықтарын көрсету (элементтердің бірізділігі мен арақашықтығын сақтау).
Әртүрлі пішіндегі қағазға қазақтың «Қойдың ізі», «Құс тұмсық», «Құс қанаты» ою-өрнектеріндегі кейбір элементтерді орналастыра білуге үйрету.
Қылқаламға желімді ұқыпты жағып алу, клеенканың үстінде пішіндерге жағу және сулықпен қолдану іскерліктерін дамыту.
Қағаздың ерекшеліктерін нақтылау: жыртылады, бүктеледі, умаждалады.
Сурет салу
Мақсаты: қоршаған болмыстағы құбылыстар мен заттарды бейнелеу тәсілдеріне үйрету негізінде эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.
Міндеттері:
- ұлттық ойыншықтармен және сәндік қолданбалы өнер туындыларымен, заттар мен өнер туындыларының эстетикалық сипаттарымен таныстыру;
- қарапайым заттарды, қоршаған болмыстағы құбылыстар мен ертегі кейіпкерлерін бейнелеу тәсілдерін үйрету.
Мазмұны:
Адамдардың, заттар мен жануарлардың, табиғат құбылыстарының, таныс ертегілердің сюжеттерін бейнелеуге бейімдеу.
Сәндік-қолданбалы өнердің кейбір бұйымдарымен, керамикалық ыдыс-аяқтармен, балалар әдебиеті шығармаларының суреттерімен, қазақстандық және басқа да танымал суретшілердің репродукцияларымен, шағын мүсіндермен таныстырып, олардың мазмұнын түсіне білуге үйрету.
Суреттегі күрделі заттарды бейнелеу барысында бөліктерінің орны мен (жоғарыда, төменде, бір жағынан, басқа жағынан) шамалар арасындағы арақатынасын бере білуге үйрету
Адам мен жануарлардың суреттерін салудың тәсілдерін көрсету.
Балаларды негізгі түстермен, олардың реңктерімен, қағаз бетіне кеңістікті беру тәсілдерімен таныстыруды жалғастыру.
Ұлттық ойыншықтар, керамикалық ыдыс-аяқтар желісімен өрнек элементтерін салуға, розеткада, шеңберде, жолақшада, шаршыда өрнектерді құрастырып, дайын пішіндерде симметрияны сақтай отырып өрнектерді белгілі бір тәртіппен орналастыруға үйрету.
Қазақ ою-өрнектерінің элементтерімен, әшекейлеуімен сурет салуға үйрету.
Сурет салудың техникалық дағдыларын бекіту: суреттерді қылқаламмен бояу (акварель бояулары, гуашь), қарындашпен бір бағытта жоғары-төмен немесе оңнан-солға қарай, барлық пішін бойына жиегінен шығармай штрихтап, ырғақпен жағыс түрлерін түсіру, жуан сызықтарды бүкіл қылқаламмен, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді шетімен немесе қылқаламның келесі ұшымен жүргізу.
Музыка
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың музыкаға қызығушылығын, музыкалық әрекеттің әр түріне эмоционалдық қарым-қатынасын білдіруге талпынысын қалыптастыру.
Міндеттері:
- қарапайым табиғи дауыспен күш түсірмей, сазды ән салуға, музыкалық аспаптар мен ойыншықтардың дауыстарын естуге үйрету;
- би қимылдары мен музыкалық ойын әрекеттерін орындауға ынталандыру.
Мазмұны:
Музыка тыңдау
Музыкалық шығармаларға эмоционалдық қатынасын тәрбиелеу. Музыкалық ойыншықтар мен сылдырмақтардың (қоңырау, асатаяқ, т.б.) дыбыстарын ажырата білу дағдысын қалыптастыру.
Әнде не туралы айтылғанын әңгімелеп беруге үйрету.
Ән айту
Таза дыбыстау, созып айту, бірге және жеке айту дағдыларын қалыптастыру.
Дыбысталу күші бірдей бір қарқынды ән айтуға үйрету (қатты-жай). Түрлі сипаттағы әндерді орындауда қолдану.
Табиғи дауыспен әннің сөздерін күш түсірмей айтуға, музыкалық фразалар арасында дем алуға, әнді бірге бастап, бірге аяқтауға, әуенін дұрыс бере білуге үйрету. Музыкалық сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз педагогтің көмегімен бірінші октаваның ре-ля диапазонында айтуға үйрету. Дыбыстарды биіктігі бойынша ажыратып (октава шеңберінде), басталуы мен аяқталуына әсер ету.
Музыканың түрлі бөлімдерін атамай ажырата білуін дамыту (басы, қайырмасы, т.б.).
Музыкалық-ырғақтық қимылдар (жаттығулар, ойындар, қол ұстасып шеңберде айтылатын әндер, билер).
Музыканың би әуенін сезініп, қарапайым би қимылдарының элементтерін (шапалақтар, топылдату, отырулар, бұрылулар) орындауға үйрету.
Музыка әуеніне сәйкес қимылдарды ауыстыруға, шығарманың аяқталуын сезуге, жаттығуларда, ойындарда, ән айту шеңберлері мен билерде музыка әуенімен қимылдарды үйлестіруге тырысу іскерліктерін дамыту.
«ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қарапайым әдептілік ережелерінің негізінде қарым-қатынас пен өзара әрекетке қатысуға дайын мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- қоршаған ортамен таныстыру;
- экология;
- көркем әдебиет.
Қоршаған ортамен таныстыру.
Мақсаты: қоршаған ортада өзін-өзі дұрыс ұстау қабілеттері мен әлеуметтік мәдениет негіздерін меңгерту.
Міндеттері:
- Отаны мен отбасына сүйіспеншілік сезімін ояту және үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеу;
- балабақшада, көшеде, қоғамдық орындарда өзін-өзі дұрыс ұстау ережелерін сақтауға үйрету;
- балаларды жақын адамдарының, құрдастарының, жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің жағдайларына эмоционалдық қарым-қатынас жасауға ынталандыру.
Мазмұны:
Мен — кіммін?
Өзі туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру (менің қолым, аяғым, басым, құлағым және бетімде көзім, мұрным, ауызым бар).
Өзін құрметтеуге және өзінің «Мен өзім» деген дербестігін нығайтуға мүмкіндік жасау.
Балаға қарапайым туыстық қарым-қатынастары, сүйіспеншілігі мен қандай эмоциялық сезімде болатыны туралы пікірін айтуға ынталандыру (Менің әкем, анам, ағам, апам, атам мен әжем, тәтем, көкем бар. Олардың бәрі мені жақсы көреді және маған қамқорлық жасайды).
Адам — тіршілік иесі
Сыртқы физиологиялық ерекшеліктері туралы түсінік беру (әрқайсысының қолы, аяғы, басы, құлағы және бетінде көзі, мұрны, ауызы бар). Көз, құлақ, ауыз, тіс, тіл, қол мен аяқтың не үшін қажеттігін балаларға үйрету.
Өзінің эмоционалдық жағдайы туралы әңгімелеуге үйрету (қарным ашты - тойдым, шаршадым - дем алдым, ауырдым - емделдім, ренжідім - қуандым, жыладым - күлдім, т.б.).
Отбасы
Отбасы бейнеленген суреттерді қарастырып, отбасы мүшелері мен олардың әрекеттерін (анам сорпа пісіріп жатыр, әкем үй салып жатыр, атам газет оқып отыр, ағам мектепке барады) атау. Балаларды «Отбасы» ойынындағы рөлдерді (Бұл әке, ана, балалар) бөле отырып ойнауға ынталандыру.
Отбасы үшін бөлме жиһаздары мен ыдыс-аяқтарды орналастыру.
Өзінің отбасы мүшелеріне, бір-біріне қалай көмектесетіндері жайлы сұрақтарға жауап беру. Басқалардың да өз отбасы, ата-аналары, олардың өз балаларын жақсы көріп қамқорлық жасайтыны туралы түсіну.
Үлкендердің еңбегі
Үлкендердің еңбегі мен олардың қызметтері (тәрбиеші, дәрігер, аспаз), баланың туысқандарының немен айналысатыны, үйдегі іс-әрекеті («Әжем шұлық тоқиды», «Анам ыдыс жуады», «Әкем орындықты жөндейді», «Ағам сабақ оқиды») туралы түсініктерін кеңейту.
Көлік құралдарын түрлі мамандық иелері (жүргізуші, машинист, ұшқыш) басқаратыны туралы түсінік беру.
Үлкендердің қызметін құрметтеп, оның нәтижелеріне ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу.
Балаларды үлкендермен бірге шамасына қарай бірлесіп еңбек етуге (ойыншықтарды жинау, үстелді жабдықтау, гүлдерді суару, балықтарға жем беру) араластыру.
Балабақшада
Топ бөлмесі мен балабақша ауласын еркін бағдарлай білу дағдыларын жетілдіру: балабақша ғимараты мен өз тобын қарау (тану), медициналық кабинетке, музыка залына, асханаға, көрші топқа серуен жасау.
Топтағы бөлменің (ондағы жиһаз, ойыншықтар, ыдыс-аяқтар, тірі табиғат бұрышы, кітаптар бұрышы), жатын бөлмесінің (жиһаздар мен төсек жабдықтары), жуынуға арналған бөлмелер мен киім ауыстыратын бөлмелердің жабдықтарымен таныстыру. Әр бөлме неге арналғанын түсіндіру.
Балабақшада балалар немен айналысатынын әңгімелеуге үйрету.
Өзін-өзі ұстау дағдылары
Ізеттілік дағдылары (сәлемдесу, қоштасу, көмек қабылдап, оған алғысын білдіру, өз көмегін ұсыну) мен қарапайым мәдени ережелерді сақтауға үйрету (үлкенді тыңдау, ойыншығымен бөлісу, қоғамдық орындарда мәдениеттілік сақтау).
Балабақшада, көшеде, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтауға, жай сөйлеуге, өзін байсалды ұстауға үйрету.
«Болады», «болмайды», «жақсы», «жаман», «қалаймын», «қажет» сөздерінің мағынасы мен оларды орынды қолдануға үйрету.
Құрдастарымен және үлкендермен ынтымақтасып әрекет ету
Үлкендерді аты-жөнімен, құрдасын есімімен атау, басқа адамның назарын өзіне аудару үшін тілдік және тілдік емес тәсілдерді қолдану, әңгімелесушінің жүзіне тура қарау, өтініштеріне жайдары үн қату, басқа балалардың жауаптарын тыңдауға үйрету.
Өзінің және отбасы мүшелерінің аты-жөнін дұрыс айтуға, туысқандарына мейірім мен сыйластықпен қарауға тәрбиелеу.
Айналасындағы балалар мен үлкендерге қарым-қатынас жасау ниетін қолдау. Ойын барысында өзгеге кедергі келтірмей, бірлесіп ойнауға үйрету. Бір-бірімен жылы қарым-қатынаста болып, достарын сыйлап, ренжігендерін жұбатып, бір-біріне сыйлық жасап, кешірімшіл болуға тәрбиелеу.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Бала бойына мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік және басқа да игі қасиеттердің орнығуына барынша мүмкіндік жасау. Үлкендер қашан да баланы қолдап, оның жетістігіне қуанып, сәтсіздігіне қамығатыны, әрдайым оған қолдау жасап, көмектесетіні туралы түсінік беру.
Үлкендердің еңбегі мен оның нәтижесіне құрметпен қарауға қызығушылығын қалыптастыру.
Экология негіздері
Мақсаты: қоршаған табиғатқа қамқорлықпен қарайтын, қарапайым экологиялық түсініктерді меңгерген бала тұлғасын қалыптастыру.
Міндеттері:
- табиғат аясында өзін дұрыс ұстау ережелерімен таныстыру;
- жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау дағдыларын қалыптастыру (өсімдіктерді жұлмау, жануарларға қиянат көрсетпеу, т.б.).
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау дағдылары
Өзінің көңіл күйі мен табиғаттан алған әсерлерімен бөлісу.
Адамдар табиғат аясында өзін қалай ұстауы керек: қоқыс тастамау, гүлдерді жұлмау, жәндіктерге тиіспеу, т.б.
Бала әрекетінің дұрыстығын көрсету үшін оған қолдау жасап, мақтап, жігерлендіріп отыру.
Құрдастарымен және үлкендермен ынтымақтасып әрекет ету
Өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын жетілдіру.
Табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларға үлкендермен бірлесіп күтім жасауға үйрету, табиғатқа сүйіспеншілігін арттыру. Үлкендерді сыйлауға, құрдастарымен достық қарым-қатынас орнатуға, бірлесіп жұмыс атқаруға, ойнауға, басқа адамдарға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Отбасы мүшелерінің жұмыстары туралы түсініктерін қалыптастыру.
Үлкендердің басқа адамдарға, табиғатқа, жан-жануарларға, жасаған қамқорлықтарын ерекше атап көрсету арқылы балаларды жақсылық жасауға ынталандыру.
Өзін-өзі ұстаудың адамгершілік қағидалары туралы түсінігін қалыптастыру
Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға, өсімдіктер мен жануарларға күтім жасауға тәрбиелеу. Достарының теріс қылықтарына баға беруге, серуен кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрету.
Көркем әдебиет
Мақсаты: халық ауыз әдебиеті мен балалар көркем әдебиеті шығармаларына эмоционалды ықыластылығын дамыту.
Міндеттері:
- халық ауыз әдебиеті шығармалары мен балалар көркем әдебиеті арқылы адами сезімдер мен қарым-қатынастар туралы түсінік беру;
- үлкендермен және құрдастарымен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіншілік жасап, айналадағы адамдар да, олардың мінез-құлқы да бір-біріне ұқсамайтындығы туралы түсінік беру;
- ертегі, әңгімелер, өлеңдер тыңдап, шығармалардың мағынасын түсініп, кейіпкерлердің қарапайым өзара қарым-қатынасын бағалай білу дағдыларын қалыптастыру.
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау дағдылары
Балаларды халық ауыз әдебиеті мен танымдық-көркем әдебиет шығармаларымен таныстыру.
Әдеби шығарма кейіпкерлерімен салыстыра отырып айнала қоршаған әлем, адами сезімдер мен адами қарым-қатынас туралы пікірлерін білдіруге, ойын ашық жеткізуге үйрету.
Шығарманың мағынасын түсініп, әрекеттердің дамуын бақылауға үйрету. Көркем шығармалардың суреттерімен таныстыру. Кейіпкелердің бір-бірімен қарым-қатынасын бақылауға, оны талқылауға үйрету.
Құрдастарымен және үлкендермен ынтымақтасып әрекет ету
Ертегілер мен әдеби шығармалардағы кейіпкерлерге жанашырлықпен қарауға, олардың сезімдері мен көңіл күйін өзінікімен салыстыра білуге үйрету.
Үлкендер мен басқа балалармен жақындасу ниетін қолдап, дамыту. Құрдастарына ешқашан қиянат жасамай, тиісті жерде көмек көрсетуге тәрбиелеу. Бірлесіп, бір-бірімен татулықта ойнауға тәрбиелеу.
Өзін-өзі ұстаудың адамгершілік қағидалары туралы түсініктерін қалыптастыру
Әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің қылықтары мен мінез-құлқын талқылап, жақсы қылықтарын атап көрсету арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.
Әдепті қылықтар көрсетуге дағдыландыру.
Ертегілер мен әдеби шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлқын талқылау арқылы өз көзқарастарын білдіруге үйрету.
БАЛАНЫҢ ОЙЫН ӘРЕКЕТІ АРҚЫЛЫ ДАМУЫ
Мақсаты: ойын бірлестіктерін құру, жалғыз және топтасып ойнау дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- әр түрлі ойындарға қызығушылығын арттыру. Өз қалауы бойынша ойындар құру, таңдау іскерліктерін қалыптастырып, ойын барысындағы сергектігі мен қызығушылығын жетілдіру;
- ойындарды жүргізу түрлерін үйрету: ойыншықтармен қысқа сюжеттер құру, ойынға қажет заттарды таңдау, дидактикалық ойындар мен қозғалыс ойындарын ережелерін сақтап ойнау;
- үлкендердің көмегімен ойыншықтар мен заттарды өз орындарына орналастыру;
- ойыншықтарды санына, көлеміне, мөлшеріне қарай ажырату, заттардың аттарын дұрыс атау, топырақпен, сумен, қармен ойнау барысында олардың ерекшеліктері мен қасиеттері туралы білімдерін тиянақтау;
- басқа балалармен қатар отырып, бірлесіп ойнату арқылы бір-бірімен жылы қарым-қатынас орнату, бір-біріне кедергі жасамау, таласпай, бір тоқтамға келу, ойыншықпен кезектесіп ойнау сияқты тәртіптерді орындау арқылы үлкенмен де, құрдасымен де жақсы байланыс жасау дағдыларына үйрету;
- тәрбиеші ұйымдастырған топтық ойындарға қатыстыру.
Мазмұны:
Сюжеттік-рөлдік ойындар
Баланың жанына жақын тақырыптар мен таныс ертегі кейіпкерлері бейнесін сомдайтын сюжеттер («Сәулетті үй», «Шалқан», «Маша мен маймақ», т.б.) көрсетуге қатыстыру.
Мынадай іскерлік түрлерін қалыптастыру: қарапайым сюжеттер ойлап табу, оны құрдастарымен бірге орындау, ойын кезінде бір-бірімен байланысты бірнеше әрекет түрлерін атқару (тамақ пісіру, дастархан мәзірін дайындау, қуыршақты тамақтандыру, ұйықтату, емдеу), екі кейіпкердің қарым-қатынасын көрсету (анасы мен баласы, дәрігер мен емделуші, сатушы мен сатып алушы). Бала мен ойыншық қана қатысатын көріністе, өз атынан да, ойыншықтың атынан да сөйлеу (анасы мен қуыршақ-бөпе, дәрігер мен тісі ауырған қоян, т.б.).
Баланың өз бетінше рөлді толықтыра түсетін заттар мен көрсетілімге қажетті ойыншықтар таңдау талпыныстарын мадақтап, қызығушылығын арттыру.
Ойын барысында табиғи заттарды (топырақ, су, қар, т.б.) әр түрлі мақсатта қолдану (көпір, үй, жол салу, қардан төбешіктер, қамалдар жасау, ойыншықтарды суда жүздіру, т.б.).
Қимылды ойындар
Өз еркімен өрмелеу, еңбектеу, доп ойнау сияқты ептілігін арттыратын ойындарға белсенді қатысу іскерліктерін мадақтау.
Қозғалыс түрлерін дамытатын және ережесі күрделірек ойындарды енгізу.
Ойын ережелерін сақтау, кеңістікті бағдарлау іскерліктеріне тәрбиелеу.
Дидактикалық ойындар
Ойыншықтар мен заттарды түсіне, көлеміне, пішініне қарай ажырату іскерліктерін қалыптастыру.
Пирамидалар мен мұнараларды реттілік тәртібі бойынша түсі мен көлеміне қарай құрастыру іскерліктерін қалыптастыру.
4, 6 бөліктен тұратын суреттерді (ыдыс, ойыншықтар, т.б.) жинастыру, бөлшектелген ойыншықтарды (матрешкалар, машиналар) құрастыру.
Ойыншық құрал-саймандар қолдану арқылы қимыл-қозғалыс түрлерін жасауға үйрету (күрекпен жер қазу, қармақпен балық аулау, балғамен шеге қағу).
Ойын барысында қарапайым ережелерді сақтап, қимылдарды дұрыс орындауға үйрету: тәрбиешінің белгісімен бірдей бастап, бірдей аяқтау, рет-ретімен жауап беру. Мысалы: «Мынау не, ол қай жерде тұрады?» ойынында, 1-ші дыбысына қарай мысық екенін ажыратып, оның үйін көрсету.
Музыкалық-ырғақтық ойындар арқылы дыбыстардың ерекшелігін, биіктігін ажырата білуге үйрету. Мысалы, бұл - құстың дауысы, балапанның дауысы, домбыраның, барабанның үні, т.б.
БАЛАЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ӘРЕКЕТІ АРҚЫЛЫ ДАМУЫ
Балалардың еңбек әрекетіне қатысуға қызығушылығын тәрбиелеуді жалғастыру.
Үлкендерге көмек көрсетуге (тәрбиешіге, оның көмекшісіне, ата-аналарына), оларға ықыласпен қарауға тәрбиелеп, сондай-ақ, олардың еңбектерінің нәтижесіне ұқыпты қарауға ынталандыру.
Топ бөлмесі мен балабақша ауласында тазалық сақтауға және үлкендердің тапсырмаларын орындауға үйрету.
Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйрету.
Өзіне-өзі қызмет көрсету
Өз бетінше белгілі бір реттілікпен киімін кию, шешіну, бүктеу, ілу, түймелерін қадау, ағыту, аяқ киімінің бауын байлау, шешу дағдыларын дамыту.
Балаларды тазалыққа тәрбиелеу. Киіміндегі олқылықтарды (ағытылған түйме, қисайған жаға және т.б.) байқауға және үлкендердің көмегімен оларды реттеуге үйрету.
Тұрмыстық-шаруашылық еңбек
Қарапайым тапсырмаларды орындауға ынталандыру: қасықтар мен сулықтарды, нан салғыштар мен табақшаларды орналастыру. Екінші жартыжылдықтан бастап асханада кезекшілік ұйымдастыру, тәрбиешінің көмекшісіне дастархан мәзірін дайындауға көмектесу. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын (қарындаштар қорабы, қылқаламдар, мүсіндеуге арналған тақтайшалар және т.б.) дайындауға және оларды реттеуге, ойыншықтар мен құрылыс материалдарын ойнап болған соң өз орындарына орналастыруға үйрету.
Табиғат бұрышындағы еңбек
Табиғат бұрышындағы еңбекке қатысуға талаптарын тәрбиелеу: өсімдіктердің ірі жапырақтарының шаңын сүрту, үлкендердің көмегімен балықтар мен құстарды тамақтандыру, бөлме гүлдерін суару.
Табиғаттағы еңбек
Табиғаттағы еңбекке қатысу ниеттерін тәрбиелеу: гүлдер мен бақша дақылдарының ірі тұқымдарын себу, жуа мен көкөністер отырғызу, өсімдіктерді суару, көкөністерді жинау.
Жерге түскен жапырақтар мен өз ауласындағы қоқыстарды жинауға, қыста жолдар мен орындықтарды қардан тазалауға үйрету.
4-5 ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІК МҮМКІНДІГІНЕ
СИПАТТАМА
Балалар үлкендерге көп сұрақтар қояды. 5 жасар баланың сұрақтары үлкендермен кәдімгідей байсалды әңгімелесуге бағытталады. Олар қойған сұрақтардың жауабы көп жағдайда айқын болады. Дегенмен де, сұрақтары жаңа ақпарат алуға, бірдеңені білуге деген танымдық қызығушылықтан туындауы жиі кездеседі. 4-5 жастағы балалардың сұрақтары мен хабарламалары заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстарды түсінгендігін үлкендерге көрсетуге бағытталады.
Үлкендермен сенімді қарым-қатынас орнатуға деген қажеттілік туындап, олардың сезімдік жай-күйін сезу қабілеттері дамиды. Үлкендермен қарым-қатынас жасаудың жаңа түрі - әуелі, танып-білуге негізделген іс-әрекеттермен (мысалы, ойындарды, заттар мен ойыншықтарға тәжірибе жасауды, табиғи материалдар мен қағаздардан құрастыруды және т.б.) қатар танымдық тақырыптағы әңгімелесу – пайда болып, дамиды.
Балалардың үлкендермен қатынас жасау барысына қанағаттанбауы үлкендер мен балалар арасында салқындық тудыруы мүмкін. Мұндай қарым-қатынас әрқилы түрде көрініс береді. Кейбір балалар тұйықталып, өз-өзімен болып кетсе, екіншілері мазасызданып, кез-келген нәрсеге жылай салатын болады, ал енді біреуі қыңырланып, теріс мінез көрсетеді.
4-5 жастағы балалар өз құрдастарының мазасыздықтары мен теріс мінез-құлқына жақтырмай қарап, оған деген көзқарасы да өзгереді.
5 жасқа қарай баланың өз құрдастарымен араласуға деген қажеттілігі күшейе түседі. Бірлесіп ойнау негізінде балалар қоғамы пайда болады. Сонымен қатар бала құрдастары арасындағы өзінің орнын сезіне бастайды. Сыпайы сәлемдесу және қоштасу, досын есімімен атау, адамның қызметі мен рөлі бойынша қатынас жасау сияқты (Жүргізуші, дөңгелегіңіздің желі шығып кетті. Дәрігер, ол ауырып тұр.) қарым-қатынас жасау дағдылары дамиды.
Үлкендермен, өз құрдастарымен қарым-қатынас жасау балалардың өзіндік «Менін» тануға мүмкіндік береді. Осындай қарым-қатынас кезінде ғана «Мен» бейнесі қалыптасады. Бала үлкендермен, құрдастарымен жақсы араласып, олар тарапынан қолдау тауып отырған жағдайда ғана жүргізілетін тәрбие жұмысы нәтижелі болады. Егер мұндай қарым-қатынас дұрыс жүргізілмей, баланың үлкендермен де, балалармен де жеткілікті дәрежеде қарым-қатынас жасауына жағдай жасалмаса ашуланшақ, өз-өзіне сенімсіз, тұйық болады.
Бала өсе келе онымен бірге өзі айтқан сөздер мен атқарған іс-әрекеттеріне, өз мүмкіндіктері мен әртүрлі деңгейдегі жетістіктеріне (ойындағы, сурет салудағы, музыкадағы, сахналық көріністердегі, т.б.) дұрыс баға беру мүмкіндігі де артады.
Бес жасқа қарай бала өз іс-әрекетінің өзгеге, өзіне қалай әсер ететінін байқайды. «Егер мен жаман іс-әрекет жасасам, өзіме де өзгеге де қиын болады. Ал мен жақсы қылық көрсетсем, өзіме де, оған да жақсы болады» деген ойды түсіне бастайды. Баланың қызығушылығы мен бағалау құндылықтары қалыптасып, ұл мен қызға тән өзіндік ерекшелігі бар іс-әрекеттерді жасауға бейімделеді, соны жасайды (мысалы, қыздар қуыршақпен, ұлдар машинамен ойнау).
Көркем шығарманы қабылдауы мен музыкаға ықыласының, қиялының, қызығушылығы мен білуге құштарлығының күрт артуы байқалады. Бұл баланың қабілеті мен талантын анықтауға мүмкіндік береді.
Бес жасқа қарай өзара қарым-қатынасы қалыптасып, топтық ынтымақтастықты едәуір сыни тұрғыдан бағалай алады, балаларда достар пайда болады
Бес жасар бала ұзақ әңгімелерді, түсініктемелерді жақсы қабылдай алады. Сонымен қатар бұл кезде балада заттық-таңбалық қабылдау қызметі қалыптасады (әріптер мен сандарға қызығушылық).
Бес жасқа қарай баланың зейіні едәуір тұрақтала түседі, өз бетімен есте сақтау қабілеті пайда болады, қабылдау мен қиялы жетіледі, көрнекті-бейнелі ойлаудың түрлері: пікір айту, ой тұжырымын жасау іскерлігі дамиды. Түрлі пікірлер мен пайымдауларын, ақпараттарды жеткізудің құралы есебінде тілдің қызметі күшейе түседі. Тәжірибе мен зерттеу, бақылау әрекеттерімен қатар, баланың дүниетанымын кеңейтуде әңгімелеудің рөлі артады.
Бес жасқа қарай балада аяушылық сезімі пайда болады. Ертегі кейіпкерлеріне жаны ашиды, сол арқылы адамның да түрлі сезімдерін түсініп, жанашырлық таныту сезімдері пайда болады.
Мектепке дейінгі кіші жастағы (бес жасқа қараған) балалардың «жеке тұлғалық психологиялық портреті» қалыптасып, интеллектуалдық қызығушылығы артып (бұл «негештер» кезеңі), құзіреттілік пен креативтілік кезеңі туады.
Құзіреттілік. Мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың әлеуметтік құзіреттілігі оның өз құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, әңгімелесуге деген қажеттілігінің артуымен, олардың ортасында өз орнын анықтауымен сипатталады. Бала қарым-қатынасының қажеттілігін қанағаттандыру үшін араласудың түрлі тәсілдерін (әңгімелесу, түсіну, өзіне жақын үлкен адамның сезіміндегі жағдайды түйсіну, оларды аяу, назар аудару) пайдаланады.
Интеллектуалды құзіреттілік - жоғары ойлау белсенділігімен сипатталады. Бес жасар «негештер» өмірдің түрлі салаларындағы себеп-салдарлық байланыстарға (тірі және өлі табиғаттың өзгеруімен, адамдардың шығу тегімен, олардың кәсіби іс-әрекеттерімен) қызығады. Бала өзі ойға алған нәрсесі мен сол үшін атқаратын іс-әрекетін қарапайым түрде жоспарлай алатын болады.
Ана тілін меңгеру барысында оған түрлі дыбыстармен, ұйқастармен, мағыналармен ойын әрекеті тән сипатта болады.
Дене тәрбиесі құзіреттілігі салауатты өмір салтын ұстану ниеті мен қызығушылығының артуына байланысты — қажетті гигиеналық шараларды, күн тәртібін орындау, қимыл-қозғалыс белсенділігін реттеу, қозғалысын жетілдіру сияқты әрекеттерден көрініс береді.
Бес жасар баланың эмоцианалдылығы қуану, ренжу, қанағаттану, өкпелеу сияқты түрлі сезімдік жағдайларын көптеген амал-тәсілдер арқылы білдіру ерекшелігімен сипатталады. Адамгершілік қасиеттерінің біреуді аяу, оның жағдайын түсіну сияқты сезімдері бала бойында қалыптаса бастайды.
Баланың еріктілігі қоғамда қалыптасқан нормалармен, мысалы, бастаған істі аяқтау (конструктор құрастыру, ойыншықтарды жинау, ойын ережелерін есте сақтап, өлеңдер мен ән сөздерін жаттау), өз іс-әрекетін сәйкестендіруден басталады.
Креативтілік балалар әрекетінің түрлері: ойында, құрастырғанда, сурет салғанда, мүсіндеуде, музыкалық әрекеттерде, сонымен қатар сөйлеу барысында едәуір айқын білінеді. Бала бір материалды, оның түрлі пішіндері мен бейнелерін әртүрлі қырынан танып, оны өзінің салған суреті мен сызған сызбаларында түрліше бейнелеуді, өзі құрастырған ертегілерде басқаша қолдануы мүмкін. Түрлі материалдармен, дыбыстармен, сөздермен тәжірибе жасауға ерекше қызығушылықпен кіріседі.
Бес жасар баланың ынталылығы түрлі ойындарды таңдау, үлкендер мен құрдастарына сұрақ қою мен ұсыныс жасау, өздігінше тиімді әрекеттерді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға ерекше белсенділік танытуы арқылы пайда болады.
Бұл жастағы баланың өз бетінше (дара) әрекет етуі өзіне қызмет етудің қарапайым түрлері (киіну, шешіну, жуыну және т.б.), жекелеген тапсырмаларды орындауы (асханада кезекшілік ету, өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптау), өз еріктерімен ойнайтын орта қалыптастыруы, меңгерген білімдері мен түрлі тиімді әрекеттері арқылы көрінеді.
Бес жасар баланың еркіндігі оның өз қөзқарасын қорғау, өзі қалаған нәрсені алуы, өзі ұнатқан баламен ойнауы сияқты тәуелсіз әрекеттері арқылы байқалады. Еркіндік сезімі балаға ашық, өз ойын, сезімін қысылмай жеткізу мүмкіндігін береді.
КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ
Баланың мектепке дейінгі ұйымдағы күн тәртібінің уақыты 12 сағатқа шамаланған
«Сәлеметсіңдер ме, балалар!» Балаларды қабылдау. Ойындар. Ертеңгілік гимнастика. Гигиеналық шаралар. Таңғы ас. Топтық қарым-қатынас: қызықты ұзақ және қысқа мерзімдік жұмыстарды бірлесіп жобалау. Ойындар, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне дайындық. | 7.30-9.10 |
«Ойнайық та, ойлайық» Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (үзілісті қосқанда, жалпы ұзақтығы) Үлкендердің балалармен бірлескен іс-әрекеті. | 9.10-10.10 |
«Табиғат аясында» Серуенге дайындық. Серуен. Табиғатпен таныстыру, ойындар, еңбек. Серуеннен оралу. Гигиеналық және шынықтыру шаралары. | 10.10-12.40
|
«Ас — адамның арқауы» Түскі асқа дайындық. Түскі ас. | 12.40-13.20 |
«Тәтті ұйқы» Гигиеналық және шынықтыру шаралары. Күндізгі ұйқыға жатқызу. | 13.20-15.10 |
«Ұйқымызды ашайық» Ұйқыдан ояну. Сергіту гимнастикасы. Шынықтыру шаралары. Бесін ас. | 15.10-16.00 |
«Алақай, ойын!» Сюжеттік-рөлдік, шығармашылық және дидактикалық ойындар. Серуенге дайындық, серуен, қимылды ойындар. Гигиеналық және шынықтыру шаралары. | 16.00-18.30 |
«Ертеңге дейін...» Кешкі ас. Балалармен, ата-аналармен қарым-қатынас. Еркін ойын. Балалардың үйге қайтуы. | 18.30 -19.00 |
ОРТАҢҒЫ ТОПТЫҢ
(4 жастан 5 жасқа дейін)
БАЗИСТІК ОҚУ ЖОСПАРЫ
№ | Білім беру саласы | Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті |
1 | «Денсаулық» | 2 |
2 | «Қатынас» | 2 |
3 | «Таным» | 3 |
4 | «Шығармашылық» | 4 |
5 | «Әлеуметтік орта» | 1 |
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің жалпы көлемі | 12 | |
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің ұзақтығы | 20-25 минут |
«Денсаулық» білім беру саласыНЫҢ
БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: баланың дене күшінің сапасы мен қозғалыс белсенділігін арттыру. Денсаулық сақтау құзіреттілігін меңгерген, өз денсаулығын жете түсініп қарайтын және салауатты өмір салтын сақтайтын тұлғаны қалыптастыру.
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- дене шынықтыру;
- валеология
Дене шынықтыру
Мақсаты: баланың денсаулығын сақтау және нығайту, дене жаттығуларын жасауға қызғушылықтарын арттыру, қимылдық іскерліктері мен дағдыларын жетілдіру.
Міндеттері:
- жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, лақтырып тосып алу, еңбектеу және өрмелеудегі негізгі қимыл түрлерін орындау іскерліктерін жетілдіру;
- ұйымшылдыққа, дербестікке, шығармашылыққа, құрдастарымен өзара достық қарым-қатынаста болуға тәрбиелеу, икемділікке, шапшаңдыққа, шыдамдылыққа үйрету, тепе-теңдік қалпын сақтау іскерліктерін меңгерту;
- барлығы бірге, бірдей қарқынмен әрекет етуге үйрету;
- денесін дұрыс ұстауға, жеке бас гигиенасын сақтау дағдысы мен денсаулық сақтау негіздерін қалыптастыру;
- спорттық ойындармен, жаттығулармен таныстыру;
- белсенді қимыл-қозғалыс (қимылдың қосымша түрлерін соның ішінде емдік-сауықтыру бағытындағы қимыл әрекеттерін енгізу, өз еркімен қимыл-қозғалыс жасау үшін күн тәртібінен уақыт бөліп, мүмкіншілік жасау) уақытын ұлғайту;
- әр халықтың қимылды ойындарына, сабақтағы спорттық құрал-жабдықтарды қолдануға қызығушылықтарын арттыру;
- түрлі спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған, әр түрлі қимыл әрекеттерін дамытуға жағдай жасайтын қозғалыс ортасын құру.
Мазмұны:
Негізгі қимыл түрлерін дамытуға арналған жаттығулар
Жүру:
- аяқ ұшымен, өкшемен, табанның ішкі жағымен;
- қолды әртүрлі жағдайда қойып адымдап және тыпырлап жүру;
- аяқтың ұшын бір-біріне жалғау арқылы (алға, артқа, оңға, солға);
- сапта қарқынды өзгертіп шеңбер бойымен, бағытпен;
- басқа қимылдармен алмастырып жүру.
Жүгіру:
- жұптасып және бір қатармен;
- аяқтың ұшымен, тізені жоғары көтеріп, адымдап, тыпырлап;
- бағытты өзгерте отырып;
- сызық арасы арқылы жіңішке жолмен;
- бір қатарға қойылған заттардың арасынан «жыланша» ирелеңдеп жүгіру;
- ұстап алу арқылы;
- жылдам, тоқтамай баяу қарқынмен (1-1,5 мин);
- орташа жылдамдықпен (арақашықтығы 40-50 метр);
- оралып жүгіру 3 рет 10-20 метрден (жылдың соңында 5,5-6 секунд);
- жүрумен алмастыра (40-60 метр) жүгіру.
Секіру:
- аяқты бірге, алшақ қойып, біреуін – алға, екіншісі – артқа қойып, бір орында тұрып жоғары;
- бір орында тұрып оңға, солға бұрылып;
- айналып;
- бір орында тұрып 20 рет, қос аяқтап (тоқтап және жүрумен алмастырып 2-3 рет қайталау);
- арақашықтығы 2-3 метрге дейін алға қарай жылжып қос аяқтап секіру;
- 4-6 сызықтан (арақашықтығы 40-50 см) бір орында тұрып ұзындыққа секіру;
- шеңберден шеңберге секіру;
- биіктігі 20-30 см болатын тереңдікке;
- биіктігі 5-10 см болатын 2-3 заттар арқылы тізбектеліп секіру;
- бір орында оң және сол аяқпен кезектестіріп;
- 70 см-ден кем емес бір орында тұрып ұзындыққа;
- қысқа секіртпемен.
Лақтыру, қағып алу, домалату:
- допты, шарды бір-біріне таяқшалар, жіптер, сызықтар арасынан бір затқа тигізе отырып лақтыру;
- еркін бағытқа құрсауды домалату;
- допты жоғары лақтырып, қағып алу;
- допты еденге ұрып, қағып алу (қатарынан 3-4 рет);
- допты кеудеден қос қолмен бір-біріне лақтыру;
- отырып және тұрып допты төменнен, басынан асыра бір-біріне лақтыру;
- допты қос қолмен еденге ұру;
- допты оң және сол қолмен еденге ұру;
- затты тігінен және көлденеңінен дәлдеп 1,5-2 м арақашықтықта оң, сол қолмен лақтыру;
- допты қабырғаға ұрып, қағып алу.
Еңбектеу және өрмелеу:
- 6-8 метр арақашықтыққа төрт тағандап еңбектеу;
- биіктігі 40 см арқанның, доғаның, таяқтың астынан еңбектеу;
- заттар арасынан алақан мен табанға сүйене отырып еңбектеу;
- тіке және қырынан еңбектеу;
- орындық астынан ішпен еңбектеу;
- көлденең, еңкіш тақтай және орындық үстімен қолымен тартылу арқылы еңбектеу;
- бөрене үстімен еңбектеу;
- көлбеу сатының жиегінен ұстап өрмелеу;
- еденде бір қырымен тұрған сатының тақтайшаларының арасымен өрмелеу;
- гимнастикалық қабырға бойымен жоғары өрмелеп, төмен қарай қадаммен түсу;
- аяқтың ұшын бір-біріне жалғау арқылы оңға, солға;
- бір орыннан екінші орынға оңға, солға адымдау.
Тепе-теңдікті сақтау:
- жүгіру барысында тоқтап, бағытты өзгертіп, ары қарай жүгіруді жалғастыру;
- тура және шеңбер бойымен, иректеліп қойылған жіптің бойымен жүру;
- басына қапшық (салмағы 400 грамм) қойып жіптің бойымен жүру;
- қабырғалы тақтай бойымен жүру;
- гимнастикалық орындық үстіне қойылған кубиктерді аттап, сатының тақтайшалары арқылы жүру;
- көлбеу қойылған тақтайдың үстімен қолды түрлі жағдайда қойып жоғары-төмен түсу;
- көлденең және еңкіш бөрене бойымен тура және қырынан жүру;
- алдымен бір жаққа, содан соң екінші жаққа айналу (қол белде).
Сапқа тұру, сап құрылымын өзгертіп қайта тұру:
- өз еріктерімен сапқа бір қатармен тұру;
- көп емес топпен, екеуден, үшеуден және барлық топпен шеңбер болып, сап түзеп тұру;
- сап түзеу және шашырау;
-бағытқа қарап түзеліп, тізбектеліп тұру;
- оңға, солға, айнала бұрылу.
Музыкалық-ырғақтық жаттығулар
Музыка әуеніне қарай әртүрлі қимылдарды, түрлі ырғақпен орындау: ырғақты жүру, жеңіл жүгіру, тез және ырғақпен секіру, шыр айналу.
Жәй, ырғақты отырып-тұру жаттығуларын жасау.
Ұлттық би элементтерін орындау, аяқтың ұшымен тұру.
Бір аяқпен жеңіл, әдемі қозғалыс жасап секіру.
Жалпы дамыту жаттығулары
Қолға және иыққа арналған жаттығулар
Қолды алға, екі жаққа, жоғары көтеру және бір-бірлеп кезекпен түсіру.
Қолды алма-кезек алға — жоғары қарай тез көтеру және және түсіру, артқа жіберу (жұлқып). Қол екі жақта, алда болғанда саусақтарды бүгу және жазу, қолдың басын айналдыру, саусақтарды біріктіру, ажырату, созу. Екі қолды кеуде тұсына қою, желкеге салу және иықты түзулеу. Қолды шынтақтан бүгіп, айналмалы қимыл жасау. Орындықтың арқасына, қабырғаға тығыз сүйене отырып, қолды екі жақтан жоғары көтеру. Таяқты, құрсауды жоғары көтеру, иықтан кейін түсіру. Жаттығуларды заттармен және заттарсыз орындау.
Аяққа арналған жаттығулар
Аяқтың ұшымен көтерілу және тұру. Екі аяқты кезекпен алға өкшемен, сонан кейін ұшымен қою, 3 рет тапылдату. Қатарынан 4-5 рет жартылай отыру. Екі қол белде, екі қолды алдыңғы жақпен екі тұсқа жіберіп, отыру. Бір аяқты тізеден бүгу, алдыға жазу, қайтадан бүгу және жерге түсіру. Аяқтың ұшын созу, табанды бүгу. Аяқ саусақтарымен арқанды жинау, құм салынған дорбаларды бір орыннан екінші орынға қою. Өкшемен таяқтың, арқанның үстіне, аяқтың ұшымен еденге сүйене отырып, қырындап жүру. Тұрған күйі аяқ саусақтарымен орамал, тағы басқа ұсақ-түйек заттарды іліп алып, басқа орынға ауыстыру. Аяқ ұшын айналдыру.
Кеудеге арналған жаттығулар
Екі қол белде, кезекпен екі жаққа бұрылғанда екі қолды екі жаққа жіберу (жұлқып және бір қалыпты).
Оңға, солға иілу, еңкею, шалқаю. Тұрған күйі екі аяқ бірге (алшақ), алға еңкею, қолдың ұшын аяқтың ұшына жеткізу, заттарды қою және көтеру. Екі қол белде, екі жаққа иілу. Отырған және тізерлеп тұрған күйі допты өз айналасында домалату. Бір аяқты алға түзулеп көтерген күйі астынан затты бір қолдан екінші қолға беру. Отырған күйі арт жаққа қолмен сүйене отырып, екі аяқты жоғары көтеріп, бүгу және жазу, төмен түсіру. Екі аяқты айқастырып, отыру және тұру. Жүрелеп тұрып, арқаны төмен қарай иіп және бүгу, кезекпен түзу аяқты бүге және жаза отырып, көтеру және түсіру. Зат ұстаған қолдарын созған қалыппен шалқасынан жатқан күйі етпетіне бұрылып жату. Етпетінен жатқан қалпы иығын, басын, қолдарын алға созып көтеру.
Спорттық жаттығулар
Шанамен сырғанау. Төбешіктен сырғанау, бірін-бірі сырғанату, шанамен төбешікке көтеру, төмен түсіп келе жатып тежеу.
Сырғанау. Өз еркімен мұз айдынында сырғанау.
Шаңғы. Бірінің артынан бірі сырғанап алға жылжу. Қиылысқан бос жерлермен жүру. Оңға және солға қарай жүріп бұрылу. Алға қарай, жартылай шырша (тура және қиғаш) сияқты аттап төбешікке шығу.
Велосипед. Шеңбер бойымен және тура жолмен екі және үш дөңгелекті велосипедпен жүру. Оңға және солға бұрылыс жасау.
Жүзуге дайындық. Суға түсу және бату, судың ішінде ойнау. Судың ішінде отырып аяқты жоғары көтеріп, төмен түсіріп қимылдар жасау. Судың түбінде (аяқты көлденең жіберіп) қолды тіреп, алға, артқа жылжу. Иекке, көзге дейін суға батырып отыру. Судан секіру. Суға бетін батыру. Суға басын батырып отыру. Өз еркімен жүзуге талпыну.
Ұзақтығы 20 минут болатын дене шынықтыру ойын-сауығын 2 айда 1 рет;
Ұзақтығы 45 минут болатын дене шынықтыру мерекелерін жылына 2 рет;
Ұзақтығы 30 минут болатын денсаулық күнін 2 айда 1 рет ұйымдастыру.
Валеология
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың валеологиялық іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру, салауатты өмір салтының құндылықтарын меңгеруге бейімдеу.
Міндеттері:
- өзінің денесі мен денсаулығына, ағзасына ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыру;
- мәдени-гигиеналық дағдылары мен салауатты өмір салты дағдыларын жетілдіру;
- қоршаған ортада өзін-өзі ұстау қауіпсіздік ережелерін үйрету.
Мазмұны:
Салауатты өмір салты
Өз-өзіне қарау дағдыларын (ауа райына байланысты киіну, жуыну, тарану, бет орамал қолдану, киіміндегі кемшіліктерді жөндеу), дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу дағдыларын, еңбек пен демалысты кезектестіре білу дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Өз еріктерімен гигиеналық шараларды орындау дағдыларын бекіту.
Бала ағзасын шынықтыру мақсатында іс-шаралар өткізу, әр түрлі шынықтыру шараларын (беті, қолын, мойнын салқын сумен жуу, жалаң аяқ жүру, салқын сумен аузын шаю, аяқ-қолына су құю) жүзеге асыру.
Күн тәртібіне байланысты күнделікті балалардың таза ауада болуын қамтамасыз ету. Ауа райына байланысты киінуге, үнемі серуендеуге, жаттығулармен айналысуға, күн тәртібін бұзбауға үйрету.
Гимнастика мен сылау (массаж) шараларын (таңертеңгілік, тыныс алу, артикуляциялық гимнастика, көзге, тіске арналған гимнастика және тіс жиегіне, қол мен табанға арналған сылау, нүктелі сылау) жүргізу.
Табиғат жағдайында адамдардың әрекеттерімен байланысты (көзге бөгде заттардың түсуінен қорғану, құлап қалу, жарақаттанудан сақтану, таныс емес адамдармен кездескенде сақтық жасау, өзіне таныс емес саңырауқұлақ пен жемістерді жемеу, таныс емес жануарлармен байланысқа түспеу, таныс емес сұйықтықтың дәмін татып көрмеу) өзін-өзі ұстау қауіпсіздік дағдыларымен таныстыру.
Қиын жағдайларда бір-біріне көмек көрсету тәсілдерімен таныстыру.
Бағдаршаммен, көшедегі жол белгілерімен (жолаушы бөлігі мен жаяу жүргіншілер жолы), жолда жүру ережелерімен (жолдан қай жерден және қалай өту) таныстыру.
Мәдени-гигиеналық шаралар
Жеке басының тазалығы мен салауатты өмір салты туралы жалпы білімдері мен ұғымдарын кеңейтіп, балалардың дағдыларын жетілдіру.
Дене тазалығын сақтау (көшеден келгеннен соң, дәретханадан кейін, тамақ ішер алдында қолын жуу, күнделікті жуыну, тісін тазалау, ұқыпты киіну, тарану), өз еркімен киіміндегі, шашындағы кемшіліктерді жөндеу және сабақ өтетін, ойнайтын, серуендейтін жерлерді таза ұстау сияқты пайдалы дағдыларын жетілдіру.
Балаларды үстел басында ыңғайлы, дұрыс қалыпты сақтап, асхана құралдарын, орамалды қолдануға үйрету.
Тамақтанудың мәдени дағдыларын қалыптастыру.
Сабақ өтетін, ойнайтын, серуендейтін жерлердің тазалығын қадағалау, киімдері мен ойыншықтарын, кітаптарын өз орындарына жинау сияқты пайдалы дағдыларын жетілдіру.
Өзінің және өзгенің заттарына ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
«ҚАТЫНАС» білім беру саласы
Мақсаты: тілдік құзіреттілікті меңгерген, ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндігі бар және үлкендермен және құрдастарымен еркін қатынас жасайтын мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыру.
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру;
- сауат ашу және жазу негіздері;
- мемлекеттік, орыс және басқа тілдерді үйрету.
Тіл дамыту
Мақсаты: балалардың ана тілінің ережелері мен нормаларын меңгеруі негізінде тілдік құзіреттіліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- сөздер мен барлық дыбыстарды дұрыс айтуға даярлау және артикуляциялық аппараттарын дамыту;
- сөйлеу барысында сөздік қорын дамыту және оны белсенді қолдану дағдысын жетілдіру;
- тілдің грамматикасын дұрыс сақтау дағдысын қалыптастыру;
- өз ойын дұрыс тұжырымдап айту, қысқа әңгімелер құрастыру, хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерді қолданып, айтылу мәнеріне қарай ажырату дауыс ырғағы бойынша ажырату іскерліктерін дамыту;
- тілдік шығармашылыққа тұрақты қызығушылығын тәрбиелеу;
- қарым-қатынас жасау мәдениетінің қарапайым дағдыларын дамыту.
Мазмұны:
Тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеу
Сөздегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды таза, анық айту дағдыларын дамыту.
Өз бетінше сөйлеу мәнері мен дауыс күшін тиісінше өзгертіп отыру іскерлігін қалыптастыру (қатты немесе жәй, тез немесе ақырын).
Есту зеректігін қалыптастыру, сөзді мәнерлі айтуға дағдыландыру.
Артикуляциялық және дауыс аппаратын дамыту.
Сөйлеу кезінде дұрыс тыныс алуға жаттықтыру.
Фонематикалық қабылдауын дамыту (дыбысты ажырата білу).
Сөздік жұмысы
Сөздік қорын түрлі сөз таптарына (зат есім, етістік, сын есім, үстеу) жататын жаңа сөздермен байыту:
- адамдардың атын, мамандықтарын, заттардың бөліктері мен бөлшектерін білдіретін - зат есіммен, еңбек әрекетін білдіретін - етістікпен, үстеумен, шылаулармен;
- заттардың қасиеті мен сапасын (көлем, түс, пішін) білдіретін сөздермен дамыту.
Баланың сөздік қорын электротехникалық тұрмыстық заттардың атауларымен толықтыру: тоңазытқыш, шаңсорғыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, компьютер.
Жалпы жинақтау түсінігін білдіретін сөздерді (жемістер, жидектер, көкөністер, құстар, ойыншықтар, киім, аяқ киім, ыдыстар, жиһаз) сөздік қорына енгізу.
Сөздік қорын таңқаларлық және ұлттық заттар атауларымен толықтыру (желпуіш, парик-жасанды шаш, теңге, қазан, арба, т.б.) және олардың қызметтерін түсіндіру.
Антоним сөздерді (үлкен-кіші, жақсы-жаман, алыс-жақын) сөздік қорына енгізу.
Үй-тұрмыстық заттары мен айнала қоршаған заттардың маңызы туралы түсініктерін кеңейту.
Заттың орнын білдіретін сөздермен таныстыру.
Тәулік бөліктерін білдіретін сөздерді енгізу.
Адамдардың көңіл күйін (көңілді, мұңлы, мейірімді және т.б.) білдіретін сөздерді қолдануға үйрету.
Сөзге қызығушылықтары мен зейінін дамыту.
Тілдің грамматикалық құрылысын қалыптастыру
Сөздерді септік, көпше және жекеше түрлерінде дұрыс айта білуге үйретуді жалғастыру.
Сөздерге жалғауларды дұрыс жалғап айтуға үйрету. Мысалы, ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі (ойыншықтардың, адамдардың, боталардың, қонжықтардың), етістіктің бұйрық райына (сурет сал, секір, биле, ән сал, жат), етістіктің түрлері (жату, жүру, жүгіру).
Жан-жануарларды, олардың төлдерін (үйрек – үйректер – үйректің балапаны, түйе – түйелер – бота – боталар) білдіретін сөздерді зат есімнің көпше және жекеше түрінде айту іскерліктерін дамыту.
Салалас құрмалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдануға мүмкіндік туғызу және жай сөйлемнің құрылымын жетілдіру.
Сан есімдерді ретімен айтуға, оларды саналатын заттармен тектік, сан-мөлшерлік, есептік жағынан байланыстыруға үйрету.
Байланыстырып сөйлеу
Балалардың тыңдау және сөзді түсіну, әңгімелесе білу, сұраққа жауап беру және сұрау іскерліктерін қалыптастыру.
Тәрбиешінің үлгісі бойынша ойыншықтар мен заттар туралы және сурет бойынша әңгіме құрастыру іскерліктерін дамыту.
Өз қалауымен, тәжірибесіне сүйене отырып (суреттің мазмұнына сәйкес) әңгіме құрауға үйрету.
Өздеріне таныс және сабақта өткен шағын ертегілерді қайталап айтып беруге үйрету.
Өздеріне таныс әдеби шығармалар мен ертегілер үзіндісін драмалуға қатысу іскерліктерін дамыту.
Шығармашылық сөйлеу әрекеті
Шағын тақпақтарды жатқа айтуға үйрету.
Балаларға түсінікті қуыршақ театрының «жүргізу техникасын» қолданып, театрландырылған әрекеттерге, ойындарға – драматизациялауға, қуыршақ спектакліне қатысуға ниеттендіру.
Ойыншықтармен оқиғалар құрастыруға тарту.
Сөздік және саусақ ойындарына қатысуға ниеттендіру.
Ойын, өлең және сөз ұйқасын табуға белсенді қатысуға ынтасын арттыру.
Кейіпкерлердің бейнесін беру үшін сөздегі ырғақ мәнерінің тәсілдері мен қарқынын қадағалап, қолдануға үйрету.
Көркем әдебиет
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиетіне алғашқы қызығушылықтарын қалыптастыру.
Міндеттері:
- балаларды адамдар мен балалар көркем әдебиеті және халық ауыз әдебиетінің шығармалары әлемі арасындағы өзара қарым-қатынасымен таныстыру;
- басқалармен сенімді қатынас орнатуына жағдай жасау, айналасындағы адамдардың әр түрлі болатынын түсіндіру;
- шығарманың мағынасын түсіну, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы негізінде адамгершілікке тәрбиелеу.
Мазмұны:
Балаларды ертегі, әңгіме, өлеңдер тыңдауға, әрекеттердің дамуын қадағалауға, шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлердің қарапайым өзара қарым-қатынасын бағалауға, кейбір адамгершілік қасиеттерді (мейірімді, зұлым, батыл) сипаттауға ниеттендіру.
Балаларды қоршаған ортамен, адамдардың сезімдерімен және көркемдік-таным әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті шығармалары арқылы өзара қарым-қатынастарымен таныстыру.
Шығарма жанрының көзқарасымен, бейнелілік пен тілдік мәнерлілігімен көркем шығармаларға түсінікті талдау жасауға үйрету.
Көркем мәнерлеу құралын (эпитет, салыстыру), заттарды суреттеуді, ертегі айтуда, оқиғаларды құрастыруда орынды қолдануға үйрету.
Көрнекіліктердің көмегінсіз-ақ өлеңдерді жатқа, мәнерлеп айтуға үйрету.
Үлкендермен және құрдастармен өзінің боямаланған қатынасының үлгісін әдеби кейіпкерлердің бейнесінде беру.
Балалардың жеке тәжірибесімен және күнделікті өмірі мен айналасындағылармен шығарма мазмұнының ара қатынасын белгілеуге үйрету.
Кейбір көркем шығармалар жанрын (әңгіме, өлең, ертегі, мақал-мәтел) ажырату.
Көркем сөйлеу мен оны көркем орындау қабілеттерін қалыптастыру.
Көркем шығармалардың суреттерімен таныстыру.
Ауызша шығармашылықтың алғашқы түрін меңгеруіне көмектесу.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған ортамен байланысы барысында тілдік-қатынастық құзіреттілігін қалыптастыру.
Міндеттері:
- мейрімділік, өзара көмек, достық туралы түсінік беру;
- үлкендермен және құрдастармен әңгімелесу, жылы шыраймен сәлемдесу, жаңа білімдерімен және әсерлерімен бөлісу іскерліктерін қалыптастыру.
Мазмұны:
Сыпайылық дағдылары: үлкендерді аты-жөнімен атау, «Сіз» деп өтініш білдіру, сәлемдесу, қоштасу, бір-бірімен сыпайы түрде әңгімелесуін қалыптастыру. Күнделікті өмірде «сыпайы» сөздерді («өтінемін, көмектесіңізші», «менімен бірге ойнашы») қолдануға үйрету. Мейрімділік, өзара көмек, достық туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Әңгімеге қолдау көрсету, тақырыпқа байланысты сөйлесу, сөйлеушіні тыңдау, ортақ тақырыптан тыс сұрақтарға да жауап беру дағдыларын дамыту.
Әдеби шығармалар мен ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен мінез-құлқын талқылау.
Балаларға өзге ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениеті басқа ұлттар үшін қызық екендігін түсіндіру және өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.
«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қоршаған әлемді қабылдауға, меңгерген білім-білік дағдыларын қолдануға қабілетті, танымдық құзіреттіліктерді меңгерген мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыру.
«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:
- қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
- құрастыру;
- экология негіздері;
- қоршаған ортамен таныстыру.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Мақсаты: математикалық білім мен ұғымдар негізінде балалардың ақыл-ой қабілеттерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- танымдық үдерістер: түйсік, ықылас, ес, ой, қиялын дамыту;
- ақыл-ой әрекеттерінің тәсілдерін қалыптастыру: салыстыру, қорытындылау, талдау жасау, байланыстың себеп-салдарын анықтау.
- 5 көлеміндегі санау дағдыларына үйрету;
- заттардың көлемімен, пішінімен, олардың кеңістікке қатынасымен таныстыру;
- қарапайым уақыт туралы түсініктерін қалыптастыру.
Мазмұны:
Сан мен санау
5 көлемінде сандық есептеу дағдысын дамыту, заттарды санауға, санды ретімен және қорытынды санын атауға, «Барлығы неше?» деген сұраққа жауап беруге үйрету.
5 көлемінде реттік санау және реттік санды атап «Қайсы?», «Нешінші?» деген сұрақтарға жауап беру дағдысын дамыту.
Теңдік және теңсіздік туралы ұғымдарын санау негізінде қалыптастыра отырып, екі топтың заттарын салыстыруға үйрету.
Заттың аз тобына қосу немесе көп заттың тобынан бір затты алу, «Қанша болды?», «Қанша қалды?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы екі тәсілмен теңсіздікті анықтай білуге үйрету.
5-ке дейінгі сандармен таныстыру.
Заттың саны оның көлеміне және орналасуына байланысты емес екені туралы түсініктерін қалыптастыру.
Түрлі сезім мүшелері арқылы (көру, есту, сипап сезу) санауға үйрету.
Көлем
Екі заттың көлемін бір белгісі бойынша (ұзындығын, енін, қалыңдығын) салыстыру іскерліктерін қалыптастыру.
Көлемін екі белгісі бойынша (мысалы: ұзындығы мен енін, қалыңдығы мен биіктігін және т.б.) салыстыру іскерліктерін қалыптастыру.
Бірнеше заттарды (5-ке дейін) түрлі көлемде өсу және кему ретімен қойып, заттарды орналастыру ретін сөзбен айтып (мысалы, биік, төмен, өте төмен, ең төмен) салыстыру дағдыларын қалыптастыру.
Екі затты үшінші-шартты белгінің көмегімен салыстыру дағдыларын қалыптастыру.
Геометриялық пішін
Геометриялық пішіндер (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, тіктөртбұрыш) және денелер (куб, шар) туралы білімдерін кеңейту.
Цилиндрмен таныстыру.
Геометриялық денелер: куб пен шарды таныстыру.
Сипап-сезу қимылы мен көру арқылы пішіндер мен денелерді тексеруге үйрету.
Кеңістікті бағдарлау
Өзінің айналасындағы заттардың орналасуын (оң, сол, алда, артта, жоғарыда, төменде, алыс, жақын) анықтауға үйретуді жалғастыру.
Берілген бағыт бойынша қозғалу іскерліктерін дамыту.
Уақытты бағдарлау
Тәулік бөліктері, олардың бірізділігі туралы ұғымдарын қалыптастыру.
«Кеше», «бүгін», «ертең» түсініктерімен таныстыру, жақын күндердің аттарын ретімен айтуға үйрету.
«Шапшаң», «тез», «баяу» түсініктерін ажыратуға үйрету.
Құрастыру
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың құрастыру іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
- құрылыс материалдарынан, қағаздан, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету;
- конструктордың жаңа түрлерімен таныстыру;
- құрылысты өз қалауымен орнатуға, оларды сюжет бойынша біріктіру және қалпына келтіруге, бастаған жұмысын аяғына жеткізе білуге үйрету;
- құрдастарымен өзара жақсы қарым-қатынас орнатып, жұмыс жасау іскерліктерін дамыту;
- шығармашылық қиялын, көркемдік талғамын дамыту.
Мазмұны:
Құрылыс материалдарынан құрастыру
Ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, ойыншықтардың мөлшеріне сай түрлі көлемдегі, пішіндегі бөлшектерді қолданып құрастыру іскерліктерін қалыптастыру (мысалы, үй, жиһаз, гараж, біздің қаланың көшесі, балабақша ауласы және т.б.). Тақырыпты біртіндеп қиындатып бірнеше құрастырулар жасауды ұсыну (мысалы, 5-6 үй, 3-4 автобус, 3-4 автомобиль).
Құрылысты биіктетіп және қайта соғу, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстырып (биік және аласа, ұзын және қысқа, жалпақ және жіңішке) өзгерту іскерліктерін дамыту.
Негізгі бөліктерін бөліп, көлемі мен пішіні бойынша ажыратып және бұл бөліктердің бір-біріне қатысты кеңістіктерін анықтап құрылысқа талдау жасауға үйрету.
Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу: бастаған құрылысын аяқтау, сабақтан соң қайта бөлшектеу.
Қағаздан құрастыру
Көлемді формадағы бір парақ қағазды (умаждау, жырту, ширату) қайта жасау, қағаздан кесек, шиыршық, ілмек құрастыру, бөлшектерін бір-біріне желімдеу, композиция жинау, типіне қарай «пластиктерден» түрлі бейне жасау (анаға, әжеге арналған гүлдер, толқындар, жүзімнің бұтағы, қар кесегі, құстар, бақбақ, кірпілер отбасы) іскерліктерін бекіту.
Тіктөртбұрыш қағазды бұрыштары мен жақтарын беттестіріп (жалаушалар, альбом, үй, автобус, мерекелік ашық хат), теңдей етіп бүктеу іскерліктерін тудыру.
Бөлшектің негізгі пішініне мысалы, ашық хатты безендіру, үйге – терезе, есік, құбыр, автобусқа - дөңгелек, терезе, есік, орындыққа — арқасын желімдеу іскерліктерін дамыту.
«Оригами» түрі бойынша қарапайым пішіндерді қағаздан бүктеуге үйрету.
Табиғи және қалдық материалдан құрастыру.
Табиғи материалдардан (қабықтан, бұтақтан, жапырақтардан, бүршіктерден, талшыннан, жаңғақ қабығынан, сабаннан) ұсақ-түйектер жасауға үйрету.
Қалдық материалдардан (сіріңке қорабы, катушка) ұсақ-түйектер жасау іскерліктерін қалыптастыру.
Конструктор бөлшектерінен құрастыру
Конструктордың «Лего», «Пазлы» сияқты жаңа түрімен ойындар арқылы құрылыс орнату.
Балаларды бөлшектерді бекіту мен құрылыс жасау тәсілдерін меңгеруге талаптандыру.
Экология негіздері
Мақсаты: балалардың экологиялық сана-сезімінің негізін қалыптастыру, қоршаған әлеммен үйлесімді өмір сүрудің қажет екені туралы түсініктерін жетілдіру.
Міндеттері:
- қоршаған орта нысандарына танымдық қызығушылықтарын арттыру;
- өсімдіктер және жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер туралы ұғымдарын қалыптастыру;
- табиғи нысандар мен құбылыстарға бақылау жасауға үйрету.
Мазмұны:
Адамдар, жануарлар, өсімдіктер, сонымен қатар баланы қоршаған өлі табиғат нысандары туралы ұғымдарын кеңейту.
Баланың шамасына қарай тірі тіршілік иелерін (табиғат бұрышындағы құстар, балықтар және т.б.) күтіп-баптауға үйрету.
Қоршаған табиғаттың сұлулығына, байлығына тамсану, қызығу, оған мейірімділікпен қарауға, сақтауға, қорғауға тәрбиелеу.
Қарапайым заңдылықтар мен тәуелділіктерді түсінуге үйрету (мысалы, егер күн суық болса, жылы киіну, қараңғы түскенде шамды жағу).
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер
Табиғаттағы, ауа-райындағы, жануарлар мен өсімдіктер әлеміндегі, адамдардың киіміндегі қарапайым маусымдық өзгерістерді байқауға талпындыру.
Табиғат құбылыстарын өз еріктерімен бақылауға, себеп-салдарына тән сұрақтар қоюға, қоршаған табиғатқа қызығушылық білдіруге тәрбиелеу.
Табиғат пен табиғат күнтізбесіндегі ауа-райы жағдайына (жаңбыр, қар, тұман, бұршақ, қырау) бақылау нәтижелерін айта білуге үйрету.
Күз. Күзгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн қысқарады, ауа-райы суытады, жаңбыр жауып, жерде шалшық сулар пайда болады, күн сирек шығып, жылуы аз болады, жапырақтар түседі, құстар жылы жаққа ұшады, жәндіктер болмайды, жабайы аңдар ұйқыға кетеді.
Қыс. Қысқы табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: өте суық жыл мезгілі, қар жауады. Қардан аққала жасап, құрылыс соғып ойнауға болады. Ол күн жылынғанда еріп кетеді. Қар бүршігі өзгеше әдемі. Қардың үстіне таяқшамен сурет салуға, із қалдыруға болады. Мұз қатты, тайғанақ, жылы жерде еріп кетеді. Қыс мезгіліндегі ең сүйікті мереке «Жаңа жыл шыршасы». Табиғат құбылыстары: қар жауу, аяз.
Көктем. Көктемгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн жылына бастайды, қар ериді, күннің көзі жарқырайды, шөп шығады, қарлығаштар ұшып келеді, жаңбыр жауады. Көктемгі жұмыс басталады: жер жыртып, егін егеді. Гүлдер мен көкөністердің ұрықтарын егіп, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызады. Малды өріске жібереді.
Жаз. Жазғы табиғатты бақылау, өзгерістерді атау: күн тек жылы ғана болып қоймай, сонымен қатар ысиды, күн жарқырайды, гүлдер гүлдейді, шөптер өседі, ағаштардағы жапырақтар үлкейеді, жазғы жаңбыр жауады. Құстар мен жәндіктер көбейеді. Жайлауда жер көгеріп гүлдер қаптайды. Жеміс-жидектер піседі. Адамдар әр түрлі жұмыстар істейді: гүлдер мен көкөністерді, жеміс ағаштарын суарады. Малды өрісте бағады.
Өсімдіктер әлемі
Көкөністер (сәбіз, қияр, қызанақ, пияз, қырыққабат, картоп) және жемістер (алма, алмұрт, апельсин, лимон) туралы ұғымдарын кеңейту.
Өсімдіктер түрлерінің (қылқан жапырақтылар — 4 түрін, бұталар — 2-3 түрін, шөптесін өсімдіктер — 2-3 түрін, саңырауқұлақтар — 2-3 түрін, бөлме өсімдіктері) аттарын атай білуге үйрету.
Қызғалдақ, түймедақ, бақбақ, раушан және бөлме өсімдіктері – фикус, қазоты, қынагүл гүлдерін танып, атай білу іскерліктерін дамыту.
Ағаштың – діңін, жапырақтарын, бұтақтарын, гүлдің – сабағын, жапырақтарын, гүлдерін тауып, атай білуге үйрету.
Бөлме өсімдіктері мен гүлзарлардағы өсімдіктерді шамасы келгенше күтіп-баптау: суару, көшетін отырғызу ережелерімен таныстыру.
Өсімдіктер әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасымен байланысы туралы түсіндіру, кейбір өсімдіктердің өсіп жетілуі (орманда, бақта, бақшада өсетіні) туралы түсінік беру.
Өсімдіктердің сыртқы ортаға бейімделуі: олардың жапырақтары, көшеті, мұртшалары, сабағы арқылы көбейетіні, өсімдіктердің жарыққа қарай жылжи алатыны, өрмелейтіні, жармасатыны, бұрылатыны, кейбір өсімдіктердің гүлдері кешке жабылып, таңертең қайтадан ашылатыны туралы түсіндіру.
Өсімдіктердің түрлері (жапырақты, қылқан жапырақты, дәрілік, өсімдіктердің жеуге жарайтын және улы) болатыны туралы түсіндіру. Өсімдіктердің иісі болады, гүлдейді, жеміс береді.
Өсімдіктердің өсуі мен жағдайының жақсы болуына жарық, ылғал, ауа, қалыпты температура қажет екендігімен таныстыру. Адамдардың күтімінсіз бөлме және бау-бақша өсімдіктері ауырады, солады, қурайды, сарғаяды, өліп қалады.
Бөлме және бау-бақша өсімдіктерін өсіруге, оларды күтіп-баптауға талпындыру.
Жануарлар әлемі
Қазақстандағы үй жануарлары мен жабайы аңдардың тіршілік әрекеті туралы ұғымдарын кеңейту.
Үй жануарлары (қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе, есек, шошқа, ит, мысық) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.
Жабайы аңдар (аю, қоян, түлкі, тиін, кірпі, қарақұйрық, қосаяқ) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.
Әтеш, тауық, балапан, шымшық, сауысқан құстары туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Табиғат бұрышын мекендеушілерге (тотықұс, балықтар, тасбақа) бақылау жасауға үйрету.
Жануарлар мен құстардың немен қоректенетіні, қалай қозғалатыны, қандай дыбыс шығаратыны туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Үлкендердің жануарлар мен құстарға жасаған қамқорлығы туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Табиғат бұрышын мекендеушілер мен табиғаттағы жануарлар мен құстардың тіршіліктерін бақылауға, салыстыруға үйрету.
Жануарлар әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасының байланысы туралы түсіндіру.
Кейбір қосмекенділер (құрбақа), бауырмен жорғалаушы (кесіртке, тасбақа), жәндіктер (көбелек, қаңқыз, құмырсқа, инелік) туралы түсінік беру.
Жануарлардың тіршілігіне қорек, ауа, су, жылу керектігі туралы ұғым беру.
Түрлі жануарлардың ерекшеліктерінің сипаттамасы туралы түсінік беру.
Ерекшеліктері: желбезек, құйрық, тұмсық, тіл, жүн, қауырсын, қабыршық, сауыт, құлақтар, қанат, тұяқ.
Қозғалу тәсілдері: секіреді, ұшады, өрмелейді, жүзеді, жүгіреді, шабады.
Мекендейтін ортасы: өзен, теңіз, шөл, ін, апан, ағаш діңі.
Жануарлардың қорғануы: жиырылады, ызылдайды, тістейді, айқайлайды, қашады, бүркенеді.
Жануарлар төлдерін қалай қорғайды: қоректендіреді, қамқорлық жасайды, үйретеді.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: қоршаған ортаны танып-білуге қызығушылықтарын дамыту.
Міндеттері:
- өсімдіктер мен жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер, қозғалыс пен байланыс құралдары, қарапайым зерттеу-іздеу әрекеттері туралы ұғымдарын кеңейту;
- заттар арасындағы байланыстардың себеп-салдарын, құбылыстар мен оқиғаларды түсіну іскерліктерін қалыптастыру;
- заттар әлемі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Мазмұны:
Заттық әлем
Заттар әлемін меңгеру және оларды қолдану.
Заттарды қарап, зерттеу.
Өзін қоршаған заттарды көлеміне, түсіне, пішініне, бөлшектеріне, сапасына, қызметіне, ерекшеліктеріне қарай ажыратып, оларды қолдану іскерліктерін жетілдіру.
Балаларға таныс емес заттардың маңызын, олармен әрекет жасау тәсілдерін (су құйғыштың жоғары жағындағы тесіктері арқылы су құйып, тұмсығынан жерден өсімдіктің түбінен суару үшін керек) түсінуге үйрету.
Қоршаған заттардың құрылысы, оның қандай материалдан жасалғаны (шыны аяқпен шай ішетіні, оны су құйылатындай терең етіп, тұтқа – шыны аяқты ұстауға ыңғайлы болу үшін керек, шыны аяқты жеңіл болу үшін фарфордан немесе шыныдан жасайды) туралы түсініктер беру.
Балабақша бөлмесінде, аулада еркін бағыт-бағдар жасау, топ бөлмесінде және тұрмыста заттарды дұрыс қолдану іскерліктерін жетілдіру.
Электротехникалық тұрмыстық заттар: тоңазытқыш, шаңсорғыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, компьютермен таныстыру. Заттарға ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыру, ойыншықтарды, кітаптарды, ыдыс-аяқтарды сақтау ережелерін үйрету.
Заттар мен нысандардың (ыдыс-аяқ, киім, аяқ киім, бас киім, жиһаз) қызметтері, ерекшеліктері (көкөніс, жеміс, жидек, жануарлар және т.б.), қандай материалдан жасалғаны (шайдың ыдыстары — фарфордан, асхана құралдары — металдан), маусымдық белгілері (қыстық, жаздық киім немес аяқ киім) бойынша топтастыру.
Саз балшықтан, ағаштан, металдан, шыныдан, матадан, пластикадан жасалған заттарды ажырату.
Ұлттық киімді, әшекейлерді неден және қалай жасалатынын түсіндіру.
Бір заттың алуан түрі болатынын (түрлі ойыншықтар, әр түрлі түстегі, үлгідегі, мөлшердегі, түрлі материалдардан тігілген көйлектер) түсіндіру, оларға бағдар жасауға үйрету.
Қозғалыс және байланыс құралдары
Түрлі қоғамдық және жеке көлік түрлерімен, жүк көлігінің түрлерімен, түрлі жүкті тасуға арналған машина кузовының түрлерімен (самосвал, сүт таситын, фургон, пошта таситын, өрт сөндіруші, жедел жәрдем медицина көлігі) көліктің құрылысы, оның жүгінің сипаты мен мағынасына байланысы туралы айтып таныстыру.
Жергілікті жағдайға байланысты көлік құралдарын (автобус, трамвай, жүк көлігі, жеңіл көлік, поезд, ұшақ, кеме) танып, атай білуге үйрету.
Автокөліктің бөліктерін (кабинасы, рөлі, кузовы, дөңгелектері) ажырату іскерліктерін дамыту.
Адам өмірі мен еңбегін жеңілдететін көліктің маңызын түсінуге үйрету.
Бағдаршам белгілерімен, жолда жүру ережелерімен, жаяу жүргіншілер жолы, көше жиегіндегі жолдармен (тротуар) таныстыру.
Экономика
Үй экономикасы туралы алғашқы ұғымдарын қалыптастыру.
Отбасы бюджеті туралы қарапайым түсінік беру. Үнемшілдік, адамдардың еңбегімен келген ақшаға, табиғат қорына, қоршаған заттарға ұқыпты қарау түсініктерін талқылау.
Адамдардың ниеті мен мүмкіндіктері және қажеттілігін қанағаттандыру үшін өзара байланысын түсіндіру.
«Тауар», «ақша», «құн», «базар», «қожайын» түсініктерін ажыратуға көмектесу.
Еңбектің нәтижесінде пайдалы және қажетті өнім (киім, аяқ киім, жиһаз, ойыншықтар және т.б.) алатынын түсіндіру.
Баланың жеке тәжірибесімен, күнделікті өмірмен және қоршаған ортамен экономика туралы түсініктерінің арақатынасын белгілеуге үйрету.
Зертте-іздестіру әрекеттері
Қарапайым себеп-салдар байланысын белгілеу, зерттеу және іздестіру жұмыстарын жүргізуге үйрету.
Белгілі тізбекпен заттарды зерттеуге үйрету.
Зерттеу және іздестіру әрекеттерінің нәтижесін көру үшін іздеуді аяғына дейін жеткізуге үйрету.
Түрлі материалдармен, олардың қасиеттерімен және сапасымен таныстыруды жалғастыру.
Еңбекке, бейнелеу өнеріне арналған құрал-жабдықтарды, заттарды қолдануды үйретуді жалғастыру.
Көп заттардың ішінен пайдалы бір затты таңдап алу іскерліктерін дамыту (мына затты қолдана аламын, ал мына зат осы жерге керек).
Заттардың орнын алмастыра білуге үйрету.
Қарапайым зерттеу жүргізу мен іздестіру әрекеттерін орындау қызығушылығына тәрбиелеу.
Ақпаратпен жұмыс
Қарапайым ақпарат көздерін қолдану дағдыларын жетілдіру.
Үлкендермен әңгімелесуге, әдеби шығармаларға, телехабарларға, компьютерлік ақпараттар және олардың мазмұнына қызығушылығын қалыптастыру.
Балалардың мәдени әлемін жаңа білімдермен, ақпараттармен байыту мақсатында үлкендермен әңгімелесу, әдеби шығармаларға, телебағдарламаларға, компьютерлік ақпарттар мен оның мазмұнына қызығушылықтарын арттыру.
Балалармен, үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында қызықты ақпараттар алмасу.
Менің елім – Қазақстан
Отанына, оның өткені мен бүгініне қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру.
Мемлекеттік рәміздермен таныстыру (Әнұран, Ту, Елтаңба).
Елордасы – Астанамен таныстыру.
Адамдардың баспаналары (киіз үй, пәтер, т.б.), олардың айырмашылықтарымен таныстыру, өзінің мекен-жайын жаттату.
Қалалар мен ауылдар, олардың ерекшеліктері, үлкен қалалардағы сәулетті орындар туралы мағлұмат беру.
Еліміздің әскері. Батыр, ел қорғайтын, ержүрек жауынгерлер. Танкішілер, ұшқыштар, теңізшілер туралы түсінік беру.
Көп ұлтты еліміздің халқы мен олардың мәдениетімен таныстырып, қызығушылығы мен сыйластығын тәрбиелеу.
Өмір қауіпсіздігі мен жолда жүру ережелері
Жол бөліктерімен таныстыру, жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиегіндегі тротуар жолдарымен таныстыруды жалғастыру.
Бағдаршамның түстерімен таныстыруды жалғастыру. Қайсысы қандай белгі береді?
Жол қиылысымен, «Жаяу жүргінші жолы» және «Медициналық көмек пункті» жол белгілерімен таныстыру.
Көлік жолдары мен жаяу жүргінші жолдары туралы түсінік беруді жалғастыру.
Жаяу жүргінші тротуармен, балалар жолдан ата-аналарының көмегімен, жаяу адам көлікті аялдамада күтеді, көлік ішінде ешкімге кедергі жасамай, тәртіп сақтау.
Өмір қауіпсіздігі ережелерін сақтау:
- үйде және балабақшада өз қауіпсіздігін сақтау;
- үшкір заттармен ойнамау;
- электр құралдарынан алыс жүру;
- отпен ойнамау;
- таныс емес, бөгде біреуге есік ашпау;
- серуенде жүргенде үлкендерден алыс кетпеу;
- өзі білмейтін саңырауқұлақтар мен жидектерді теріп жемеу.
«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» білім беру саласыНЫҢ
БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: эстетикалық талғамын, қиялын, шығармашылық қабілетін қарастыратын шығармашылық құзіреттілігін меңгерген мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыру.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- сурет салу;
- музыка.
Мүсіндеу
Мақсаты: мүсіндеуге қызығушылығын қалыптастыру негізінде көркемдік талғамын жетілдіру.
Міндеттері:
- заттардың ерекшеліктеріне тән түрлі пластикалық материалдардан мүсіндеу іскерліктерін дамыту;
- заттарды бейнелеу тәсілдері мен мәнерлеу құралдарын өз еркімен таңдап алуға үйрету;
- шығармашылық әрекеттер үдерісіне, көркем шығармаларға, халық шығармашылығына жағымды қатынасын білдіру іскерліктеріне тәрбиелеу.
Мазмұны:
Алақан арасына салып түзу және домалақтап ширату іскерліктерін жетілдіру.
Саз балшықтың, қамырдың, ермексаздың, қардың кесегінен мүсіндеуге және мүсіндеудің түрлі ширату, жалпайту, пішіннің шетін шымшып жалғастыру тәсілдерін қолдана отырып бейнелер жасауға үйрету.
Сазбалшықтан пішіннің негізгі бөлігін созуға (құстың тұмсығы, қоянның құлағы), пішіннің үстін тегістеуге, бөліктерді біріктіруге, оларды қысу және жағуға (шыны аяқтың тұтқасы), толық пішінді беру үшін ішіне қарай басуға (табақ, кружка) үйрету.
Балаларды бейнелік ойыншықтарға, бейнелеу өнері заттары мен сәндік-қолданбалы өнерге талпындыру.
Заттардың бірнеше бөліктерін тепе-теңдік қалпын сақтап, бөліктерді бір-біріне біріктіру арқылы мүсіндеудің тәсілдерін көрсету.
Балаларға түрлі материалдарды қосып (ермексаз, саз балшық, табиғи және қалдық материал) мүсіндеуге үйрету, шығармашылық қиялын дамыту.
Балалардың көлемді пішіндер мен қарапайым композиция мүсіндеуге қызықтыру.
Адамдар мен жануарларды мүсіндеудің түрлі тәсілдерін көрсету.
Жеке жұмыстарын ұжымдық композицияға біріктіру жолдарын үйрету.
Стектерді қолданып жұмыс істеуге үйрету.
Жапсыру
Мақсаты: мәнерлі бейне мен жапсыру әрекеттерінің сюжетін құруда эстетикалық талғамын қалыптастыру.
Міндеттері:
- балаларға қарапайым пішіндерді қиып және өз еркімен, шығармашылық пен қиялын таныта отырып, үлгіге қарап бейне құрастыруға үйрету;
- заттардың халықтық сәндік-қолданбалы өнерімен және оларды орындау техникасымен таныстыру.
Мазмұны:
Қайшымен жұмыс жасау ережелерімен таныстыру.
Шаршы мен тіктөртбұрышты қиғаш сызық бойынша кесуге, шеңбер мен сопақшаны жіңішкелеп ортасынан кесу, содан соң жалпақ жолақша етіп кесуге үйрету.
Адам мен жануарлардың пішіндерін, едәуір күрделі заттарды бейнелеуге үйрету.
Ұсақ бөлшектерді құрастырып және желімдеуге, яғни заттардың бейнесін алдымен қағаз бетіне қойып алып, содан соң оларды желімдеуге үйрету.
Заттар мен өрнектердің пішіндеріне байланысты жазықтықта орналасу заңдылықтарын, элементтердің бірізділігі мен олардың арасындағы арақашықтықты сақтауын көрсету.
Домалақ, шаршы, жолақшадағы өсімдіктер пішінінде және басқа да пішіннен геометриялық элементтерден өрнек құрастыру тәсілдерін көрсету.
Қылқалам мен желімді пайдаланып, клеенкадағы пішінге ұқыпты жағу, су орамалды қолдану іскерліктерін дамыту.
Қағаздың: жыртылатыны, оңай мыжылатыны және желімнің: желімденетіні, ұқыптылықпен қолдануды қажет ететін мүмкіндіктері туралы ұғымдарын бекіту.
Ұжымдық композиция қалай құру керектігін үйрету.
Жапсыруға қызығушылықтарын дамыту.
Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері – кілемге жапсырумен таныстыру.
Балаларды түрлі бейнелеу материалдарын (жапсыру мен сурет салу) үйлестіріп жапсыруға үйрету, шығармашылық қиялын дамыту.
Сурет салу
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды бейнелеу тәсілін үйрету негізінде эстетикалық талғамын қалыптастыру.
Міндеттері:
- заттар мен өнер шығармаларының, халық ойыншықтарымен және сәндік-қолданбалы өнер шығармаларының эстетикалық қасиеттерімен таныстыру;
- қарапайым заттар мен қоршаған ортаның құбылыстарын, ертегі кейіпкерлерін бейнелеу тәсілдерін үйрету;
- қазақ және басқа халықтардың сәндік-қолданбалы өнерін сурет салуда қолдануға үйрету.
Мазмұны:
Заттарды, адам мен жануарларды, табиғат құбылыстарын, өздеріне таныс ертегі кейіпкерлерін бейнелеуге үйрету.
Сәндік-қолданбалы өнердің кейбір түрлерімен, керамикалық ыдыстармен, балалар көркем әдебиеті шығармаларының суреттерімен, атақты қазақ және басқа суретшілердің көшірмесімен, кіші пішіндегі мүсінмен таныстыру, олардың мазмұнын түсіне білуге үйрету.
Балаларды күрделі заттардың суретте ораналасқан бөліктерін (жоғарыда, төменде, бір жағымен, екінші жағымен) бейнелеу барысында және оларды көлемі бойынша үйлестіре білуге үйрету.
Адамдар мен жануарлардың суретін салу тәсілдерін көрсету.
Балаларды негізгі түстермен және олардың реңктерімен, қағаз бетін бағдарлап, сурет салу тәсілдерімен таныстыруды жалғастыру.
Көлеміне байланысты жазықтыққа ою-өрнекті орналастыру заңдылықтарын, элементтердің бірізділігін және олардың арқашықтығын сақтауларын көрсету.
Халық ойыншығының сарыны бойынша, керамикалық ыдыс-аяққа, дөңгелекке, жолақшаға, шаршыға, дайын пішінге өрнектің элементтерінің суретін салуға, өрнектің элементін ырғақты орналастыру, симметрияны сақтауға үйрету.
Қазақ халқының және дымковтық ойыншықтардың ою-өрнектерінің элементтерін салуға үйрету.
Сурет салудың техникалық дағдыларын бекіту: қаламмен, қылқаламмен (акварелдік бояу, гуашь) тек бір бағытта – жоғарыдан төмен немесе солдан оңға қарай, бояуды ырғақпен жағу, бүкіл пішінді үзік сызықпен сызу, сұлбаның шегінен шығып кетпей, қылқаламмен жалпақ сызық жүргізу, ал жіңішке сызықты, түктің ұшымен немесе қылқалам сабынының ұшымен нүкте арқылы суреттерді бояу.
Музыка
Мақсаты: балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыру, музыкалық шығармашылық әрекеттер түріне эмоционалдық қатынасын білдіруге талпындыру.
Міндеттері:
- кейбір музыкалық мәнерлілік құралдары туралы музыкалық қабылдау ұғымдарын қалыптастыру;
- музыкалық аспаптардың дыбысталуын ажыратуға үйрету, даңғырлатып ойнайтын оркестрге қатысу;
- би қимылдарын орындауға, музыкалық ойын әрекеттеріне талпындыру;
- түрлі сипаттағы музыкалық шығарманы ажыратуға, кейбір балалар композиторларының шығармаларын атауға үйрету;
- сазды әуенмен, күшенбей, мәнерлі, табиғи даусымен ән айтуға үйрету;
- адамгершілік-эстетикалық сезімге тәрбиелеу.
Мазмұны:
Ән тыңдау
Түрлі сипаттағы (көңілді, көңілсіз, жылдам, баяу) музыкалық шығарманы қабылдауға үйрету.
Музыкалық шығарманы аяғына дейін тыңдау, шығарманың бөлімін ажырату, музыканың сипатын анықтау іскерлігін дамыту.
Әнде не туралы айтылғанын әңгімелеу іскерлігін дамыту.
Музыкалық ойыншықтар мен аспаптарды (асатаяқ, домбыра, қобыз, барабан, сылдырмақ, дабыл және т.б.) ажырату іскерліктерін дамыту.
Музыкалық шығармалар мен олардың жанры туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Дыбыстардың биіктігі, дыбыстау ұзақтығы, ырғақ пен тембр туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Ән салу
Жеке және хормен ән айту, дыбысталуын созып, дауыс ырғағын таза келтіріп айту дағдыларын қалыптастыру.
Бір қарқында (жылдам — баяу) бірдей дыбыстау күшімен (қатты — ақырын) ән айтуға үйрету. Түрлі сипаттағы әндерді орындауды қолдану, секірмелі және әдемі сазды қарқынмен дауысты бере білуге үйрету.
Табиғи дауыспен ән салуға, күштенбей, сөзі мен дыбысты таза және анық, кіріспе музыкадан кейін әнді бастауға, музыкалық сөздің арасында тыныс алуға, әнді бір уақытта бастап аяқтауға, сазды дұрыс бере білуге, әннің аяғын саздылық етуге үйрету.
Кварта аралығында, музыка сүйемелдеуімен және сүйемелдеуінсіз ән салу. Дыбыстарды биіктігі бойынша (октава шегінде) ажырату, басы мен аяғын сезіну.
Балалар композиторларының шығармаларын, халық музыкасын, бағдарламалық шығармалар мен олардың авторларының аттарын атап, тани білуге үйрету.
Музыкалық-ырғақтық қимылдар
Жаттығулар, ойындар, хороводтар, билер, би шығармашылығы. Музыка сипатына сай қимылдарын өзгерту, пьесаның соңын сезіну, музыка сипатына қимылды үйлестіруге талпыну іскерліктерін дамыту.
Музыканың түрлі бөліктерін: ән бастамасы, қайырмасын ажыратуға үйрету.
Би қимылдарын, музыкалық ойын әрекеттерін орындауға талпындыру.
Би қимылдарымен, би билеу, ойын және хороводтармен таныстыру.
Музыка сипатының алмасуын сезінуге үйрету.
Таныс әннің мазмұнын сахналауға қатыстыру.
Балалар музыкалық аспаптарында ойнау
Үлкендердің домбырада, аккордеонда, металлофонда, ксилофонда және басқа да түрлі музыкалық және даңғырлақ аспаптарындағы ойнауын тыңдау іскерлігіне тәрбиелеу. Күрделі емес ырғақта үшбұрышта, румбада, табақшада өз еріктерімен орындау іскерліктерін дамыту. Даңғырақ оркестрге қатысуын талпындыру. Балалар музыкалық аспаптарын танып, атай білуге үйрету.
«ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: қарапайым әдептілік ережелері мен қағидаларының негізінде қарым-қатынас пен өзара әрекетті құра алатын, әлеуметтік құзыреттіліктерді меңгерген бала тұлғасын қалыптастыру.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы жүзеге асады:
- қоршаған ортамен таныстыру;
- экология;
- көркем әдебиет.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: балаларда әлеуметтік құндылықтар мен мәдениет негіздерін қалыптастыру, қоршаған әлемнің қыр-сырын түсінуге талпынысын арттыру.
Міндеттері:
- ұлтжандылық, Отаны мен отбасына деген сүйіспеншілігін, үлкендерді құрметтеу сезімін қалыптастыру;
- әрекеттердің әр түріне қызығушылықтары мен қажеттіліктерін дамыту;
- үлкендер мен құрдастарының арасында өзін-өзі ұстау мәдениетінің дағдыларын қалыптастыру.
Мен - адаммын
Өзі және өзінің жағдайы туралы түсініктерін кеңейту.
Өзін-өзі танудағы талаптарын мадақтау. Дене мүшелері (қол, аяқ, бас және т.б.), көру, есту, дәм сезу, сипап сезу мүшелері не үшін қажет.
Мен қандай көңіл күйде боламын (қуанамын, ренжимін, ашуланамын және т.б.).
Өзін-өзі дұрыс бағалау қажеттілігін қолдау.
Өзіне, өз күшіне сенімін нығайтып, өзіне құрметі мен дербестігін дамытуға мүмкіндік туғызу.
Өзінің қолынан келетіні, жақсы көретіні, не сезетіні, жақын әлеуметтік ортасы, қарапайым қарым-қатынастар туралы ойлап, өз ойын айта білуге үйрету. Құрдастарының арасында өз жағдайын, басқа балалардың өзіне қарым-қатынасын білуге үйрету.
Адам — тіршілік иесі
Өзін адам әлемінің өкілі ретіндегі алғашқы түсініктерін қалыптастыру.
Жақын әлеуметтік ортасы, қарапайым туыстық және қоғамдық қарым-қатынастар туралы білімдерін қалыптастыру.
Адамдардың дем алатыны, қозғалатыны, тамақтанатыны, өсетіні, әңгімелесетіні туралы түсінік беру.
Адамдардың бір-біріне ұқсастығы мен айырмашылығын сыртқы белгілеріне қарап ажырата білуге үйрету: басы, қолы мен аяқтары, тері және шаш қабаты, көздері мен шаштарының әр түрлілігі. Адамдардың бірдей ішкі құрылыстары (жүрек, асқазан, өкпе) бар.
Адамдардың бір-бірімен айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар (сырт келбеті, әдеттері, түрлі сезімдер мен көңіл күйлерді сезінеді).
Адамның өсуі үшін қажетті шарттар — су, жарық, жылу, тағам, қозғалыс пен демалыс, күтім мен махаббат. Адамдар бірдей сезімдерді сезінеді: қуаныш, ауру, өкініш.
Өзінің дене бөліктері мен мүшелерінің кейбір қызметтерін түсінуге үйрету: көз, құлақ, ауыз, тіс, тіл, қол, аяқ.
Отбасы
Отбасы бейнеленген суреттерді қарастырып, отбасы мүшелерін, қызметтері мен қарым-қатынастарын (немен айналысады, бір-біріне қандай қамқорлық жасайды, қайда баруы мүмкін және т.б.) атауға ынталандыру.
Ойын жағдайларында отбасы үшін бөлмені жабдықтау: жиһаздар мен ыдыс-аяқтарды орналастыру, отбасылық қарым-қатынастар мен үлкендердің еңбегін ойын әрекеттерінде көрсету.
Балаларды өзінің отбасы, жақсы көретін адамдары, олардың жақсылығы мен қайырымдылығы туралы әңгімелеуге ынталандыру. Өзінің отбасы мен бір-біріне қалай көмектесетіндері жайлы сұрақтарға жауап беру. Басқа балалардың да өз отбасы, ата-аналары, олардың өз балаларын жақсы көріп қамқорлық жасайтыны туралы түсіну.
Үлкендердің еңбегі
Үлкендердің еңбегі мен олардың қызметтері (тәрбиеші, аспаз, сатушы, дәрігер, құрылысшы, пошташы) туралы түсініктерін кеңейту.
Түрлі мамандық иелері (жүргізуші, ұшқыш, машинист, капитан) әртүрлі көлік құралдарын басқаратыны туралы білім беру.
Балабақша
Балабақша қызметкерлері туралы білімдерін кеңейту.
Балабақша ішінде орналасқан жатын бөлме, асхана, ас үй, кір жуатын, т.б. бөлмелерімен таныстыру. Қай бөлме неге арналғандығын ажыратуға үйрету: бұл бөлмелерде не жұмыс істейтінін сұрау, әр бөлмедегі жұмыс туралы, оған қажетті құрал-саймандардың атын, неден жасалғандығын, айту, көрсету, түсіндіру. Қайда?, кімде?, қандай?, кім?, не істейді? сұрақтарына дұрыс жауап беру.
Заттарды, кабинеттерді бір-бірімен салыстыруға (кең, тар, жарық, үлкен, т.б.) үйрету. Заттардың мөлшерін (ұзындығы, ені, биіктігі, жуандығы) шартты белгілердің көмегімен салыстыруға үйрету.
Бөлме өсімдіктері мен жануарлардың тіршілігі және олардың өсуі мен дамуына қолайлы жағдайларын туғызу қажеттілігі туралы нақты ұғымдарын қалыптастыру.
Өсімдіктердің көптүрлілігі мен оларға әртүрлі күтім керектігі (суару, жапырақтарды сүрту) туралы білімдерін бекіту.
Тірі табиғат бұрышын мекендеушілер мен өсімдіктердің белгілерін білдіретін сөздерді қолдануға үйрету. Бейнелеу өнеріндегі қол еңбек бұрышы, көркем шығармашылық, музыка бөлмесіндегі ұлттық музыка аспаптары (домбыра, қобыз) туралы түсінік беріп, олармен таныстыру. Домбыраның сыртқы бейнесін сызуға, суретін салуға үйрету.
Алаңмен, аумақпен таныстыру. Балабақша ауласын көгалдандыру, гүлзарлар балабақша келбетін көркейтетіні туралы түсіндіру.
Ағаштар, гүлдер және құстардың белгілеріне қарай анықтап және ажырату іскерліктерін дамыту. Маусымдық өзгерістерді байқауға, балабақшаның сыртқы және ішкі безендірулеріне көңіл аударуға үйрету.
Өзін-өзі ұстау мәдениеті
Ұлттық педагогика негіздеріне сүйене отырып өзін-өзі ұстау мәдениеті дағдыларын меңгерту.
Құрдастарымен келіспеушілік болған жағдайда, татуласуға, өзіне ұнамайтын теріс қылықты өзгеге жасамау керектігін түсіндіру, ортақ шешімге келіп, бір-бірімен татуласу дағдыларын үйрету.
Әрқашан ізеттілік көрсетіп, сәлемдесу, алғыс білдіру, көмегін ұсыну сияқты жағымды әрекеттер жасауға дағдыландыру.
Қарапайым әдептілікті сақтауға әдеттендіру. Үлкеннің алдын кеспеу, сөзін бөлмеу, кішілерге қамқор болу, ойыншыққа таласпау, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, т.б.
Үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынасы
Кішіге — ізет, үлкенге — құрмет көрсетуге тәрбиелеу. Өзінің тегінің шежіресіне қызығушылығын ояту.
Ата-анасы, отбасы мүшелері мен өзінің аты-жөнін дұрыс айтуға үйрету.
Отбасылық мерекелер мен оны өткізуге дайындыққа белсенділігін мадақтау.
Құрдастарымен жақсы қарым-қатынас орнатуға, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын бағалауға, кім кіммен жақын дос, олар не үшін бір-біріне жақын деген мәселелер туралы көзқарастарын білу дағдыларын қалыптастыру.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Әрқашан, қандай жағдай болмасын өз-өзін мәдениетті ұстау керек екендігін ұғындыру.
Өзінің жақындарына, балабақшасына, еліне, жеріне, достарына, елімізді мекендейтін басқа ұлт өкілдеріне сүйіспеншілігі мен сыйластығын қалыптастыру. Өзін, өзінің қадір-қасиетін бағалауға тәрбиелеу. Үлкендердің балаға әрі — сыншы, әрі — қолдаушы екендігін ұғындыру.
Экология негіздері
Мақсаты: тірі және өлі табиғат нысандарына оң көзқарастарын тәрбиелеу мақсатында қарапайым экологиялық түсініктерді меңгерту.
Міндеттері:
- өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы білімдерін кеңейту;
- табиғат пен адамдар арасындағы байланыс туралы түсінік беру;
- қоршаған табиғаттың сұлулығын көре білуге тәрбиелеу, оған қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру;
- табиғатты қорғау дағдыларын қалыптастыру.
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау мәдениеті
Өзін-өзі тану, табиғаттағы өз орнын білуге талпынысын қолдау. Өзіне, өзінің мүмкіншіліктері мен күшіне сенуіне жағдай жасау. Белсенділігін арттыру, өзін бағалауға дағдыландыру.
Табиғат, ондағы адамның рөлі, табиғатты қорғаудағы адамдардың әрекеттері, өзінің сезімдері туралы әңгімелеуге үйрету.
Үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынасы
Өз-өзіне қызмет етуі мен тірі табиғат бұрышындағы, балабақша ауласындағы, еңбек түрлерін атқару барысында үлкендермен, құрдастарымен жағымды қарым-қатынас орнату талпыныстарын қолдау.
Күнделікті өмірде айналасындағы адамдарға қамқорлық жасау дағдыларын меңгертуді жалғастыру.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Өсімдіктер мен жануарлар әлемін танып-білуге сүйіспеншілігін арттыру, оларды сақтауға, қорғауға талпыныстарын қолдау.
Табиғат әлеміне жылы сезімін тәрбиелеу, оны аялауға, күтіп-баптауға тәрбиелеу.
Өсімдіктер мен жануарлар адамның қамқорлығына зәру екендігін ұғындыру.
Үлкендер мен құрдастарының табиғатқа жасаған теріс қылықтарын көре білуге, содан нәтиже шығаруға тәрбиелеу.
Көркем әдебиет
Мақсаты: балалар көркем әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті шығармаларының туындылары арқылы баланың эмоционалдық ортасын дамыту.
Міндеттері:
- әдеби шығармалар арқылы өзара қарым-қатынастар мен адами сезімдер әлемімен таныстыру;
- әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің қарым-қатынасы мен өзін-өзі ұстауын талқылауға, өз көзқарасын білдіруге тәрбиелей отырып әдебиетке қызығушылығын ояту.
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау мәдениеті
Адами сезімдер мен қарым-қатынастар әлемінен сыр шертетін ертегілер мен әдеби шығармаларды тыңдауға, ондағы оқиғалардың дамуын бақылауға, мазмұнын түсінуге, кейіпкерлердің қылықтарын бағалап, өзінің қарым-қатынасын білдіруге тәрбиелеу. Сол арқылы мәдени мінез-құлық ережелерін сақтауға үйрету.
Балабақшада, қоғамдық орында өзін мәдениетті ұстауға баулуды жалғастыру.
Көркем әдебиет шығармаларындағы жағымды өнегелерге қарап өзінің тәртібін реттеуге үйрету.
Шығарма кейіпкерінің басқаларға жасаған қамқорлығын көрсету арқылы балаға әсер қалдыру.
Үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынасы
Құрдастарымен және үлкендермен бірлескен іс-әрекет барысында қарым-қатынас ережелерін сақтауға үйрету.
Досына қамқорлық жасап, қолдан келгенше көмектесуге үйрету.
Басқа адамға қамқорлығы мен жақсылығын білдіруге ынталандыру.
Үлкендердің адамдарға, табиғатқа, жан-жануарларға жасаған қамқорлығына балалардың назарын аудара отырып, отбасы мүшелеріне, айналасындағы адамдарға мейірімділігін тәрбиелеу.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Балаға өзіне құрметпен қарап, мейірімді, қайырымды және басқа да игі қасиеттерді бойына сіңіруіне мүмкіндік туғызу.
Тұлға аралық қатынастарының адамгершілік қағидаларымен және әлеуметтік ортадағы өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстыруды жалғастыру.
Сыпайылықтың қарапайым дағдыларына (амандасау қоштасу, кешірім сұрау және өзінің көмегін ұсына білу) тәрбиелеу. Қарым-қатынас негізінде туындайтын әр түрлі жағдайларды (жақсы мен жаманның, солай еткім келеді және осылай істеу қажет, неліктен осылай болды) түсінуге мүмкіндік туғызу.
Ертегілер мен әдеби шығармалар кейіпкерлерінің адамгершілік қасиеттерін бағалау және оларға өзінің қатынасын білдіру іскерліктерін қалыптастыру.
.
БАЛАНЫҢ ОЙЫН ӘРЕКЕТІ АРҚЫЛЫ ДАМУЫ
Мақсаты: серіктестік қатынас жасаудың алғашқы іскерліктерін меңгерген, бір-бірімен, үлкендермен жағымды қатынас жасауға қабілетті, әлеуметтік белсенді бала тұлғасын қалыптастыру,
Міндеттері:
- әртүрлі ойындар ойнауға қызығушылығын арттыру, өз бетінше ойын таңдауға, жалғыз және топтасып ойнауға, ойын бірлестіктерін құруға ынталандыру;
- ойын әрекетінің тәсілдерін үйрету: белгілі бір сюжетті басқа баламен бірігіп көрсетуге қатыстыру, ойынға қажетті заттар мен ойыншықтарды таңдап алу, дидактикалық және қимыл-қозғалыс ойындарына қажетті ойын материалын дұрыс таңдап, орынды қолдану іскерліктерін дамыту;
- ойын біткен соң ойыншықтар мен конструкторларды өз бетінше тиісті орындарына орналастыру дағдыларын меңгертуді жалғастыру;
- топырақ, су, балшық және қармен ойнау арқылы олардың қасиеттері туралы түсініктерін тиянақтау;
- басқа балалармен ойнау барысында бір-бірімен татулықта, бірлікте болуға тәрбиелеу. Құрдастарымен, үлкендермен жылы қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
Мазмұны:
Сюжеттік-рөлдік ойындар
Тәрбиешінің қатысуымен бір-бірімен қарым-қатынасқа түсетін 2-3 рөлдік қойылымдарға қатысуға ынталандыру.
Басқа балаларға рөлдерді ұсыну, оған қажетті заттар мен атрибуттарды таңдап беру, рөлді орындау іскерліктерін көрсетуге дағдыландыру. Ұсынылған рөлдерді ойнау барысында өзін-өзі ұстаудың мәдени дағдылары мен адамгершілік, мейірімділік, қамқорлық қасиеттерін көрсету іскерліктерін жетілдіру. Күнделікті өмірде көріп жүрген көріністерді жасау іскерліктерін дамыту. Мысалы: «Дүкенде», «Балабақшада», «Ауруханада», т.б.
Тәрбиешінің көмегімен өздеріне таныс ертегілер мен әдеби шығармалардан сюжеттер көрсету барысында көркемдік-образдық бейнелеу құралдарын (екпін, ым-ишара, жүріс-тұрыс, т.б.) пайдалануға үйрету. Көріністерге ойыншықтар мен театр қуыршақтарын қолдану іскерліктерін қалыптастыру.
Үлкендердің көмегімен ойынға ыңғайлы жер таңдау, оны ұйымдастыру іскерлігін қалыптастыру. Сюжеттік-рөлдік ойындарға табиғи заттарды да пайдалану іскерліктерін қалыптастыру.
Қимылды ойындар
Секіру, жүгіру, лақтыру, қағып алу іскерліктерін дамытатын доппен, шармен, секіртпемен ойнауға қызығушылығын арттыру.
Ептілікті, шапшаңдықты, тапқырлықты, кеңістікті бағдарлауды қажет ететін, ережелері күрделірек, қимыл түрлерін өзгертіп отыратын ойындарды ойнау іскерліктерін дамыту. Ойын ережелерін бұзбауға дағдыландыру.
Судың айналасы мен орман-тоғайларда ойнау іскерліктерін қалыптастыру. Үлкендердің көмегінсіз турниктер мен әткеншектер ойнауға үйрету.
Дидактикалық ойындар
Заттардың қасиеттері туралы түсініктерін жинақтауға бағытталған дидактикалық ойындар ойнауға қызығушылығын қалыптастыру. Заттарды сыртқы белгілеріне қарай ажыратуға, қызметтеріне қарай топтастыруға үйрету.
Бірдей заттар мен әртүрлі заттарды топтастыруға үйрету.
Заттарды өсу, кему ретімен орналастыру.
Ойынға жүргізуші ретінде қатысуға ынталандыру.
Ойын барысында танымдық есептерді шешу арқылы зейін қоя білу, есте сақтау, байқағыштық қабілеттерін дамыту.
Музыкалық-дидактикалық ойындарда дыбыстардың ерекшеліктері мен биіктігін ажыратуға үйрету. Жануарлар мен құстардың даусын салу арқылы дыбысты дұрыс айтуға үйрету.
Ойынға қатысушыларды дауыс тембріне қарай ажырату, музыкалық аспаптардың даусын анықтау. Мысалы, «Бұл ненің даусы?» ойыны.
БАЛАНЫҢ ЕҢБЕК ӘРЕКЕТІ АРҚЫЛЫ ДАМУЫ
Мақсаты: балаларды еңбек әрекетіне қатыстыру, оған оң көзқарастарын тәрбиелеп, алғашқы еңбек дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- еңбекке және еңбек ету ниетіне тәрбиелеу;
- жеке және ұжымдық тапсырмаларды орындауға үйрету;
- тәрбиешінің көмегімен жұмысты бөліп алуға келісу, бірлескен тапсырманы өз уақытында аяқтау іскерліктерін қалыптастыру;
- тапсырмаға жауапты (бастаған істі аяғына дейін жеткізу ниеті мен іскерлігі, адал және сапалы орындау) қарауын қалыптастыру;
- балаларға еңбектің маңыздылығын түсіндіру;
- жолдастары мен үлкендерге көмек көрсету талабын көтермелеу;
- өзінің және үлкендердің еңбегін бағалауға үйрету.
Мазмұны:
Өзіне-өзі қызмет көрсету
Өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын жетілдіру: белгілі тәртіп бойынша киініп шешіну, киімінің түймесін қадау, аяқ киімінің бауын байлау. Заттарын ұқыпты бүктеуге, киімдерін ілуге, аяқ киімін тазалап, шкафқа қоюға, шкафтың есігін жабуға үйрету.
Ұқыпты, мұнтаздай таза болуға тәрбиелеу: үлкендердің көмегімен киімдерін ретке келтіру — тазалау, құрғату.
Тұрмыстық-шаруашылық еңбек
Балаларды өз бетінше топ бөлмесін ретке келтіруге үйрету: конструкторлар мен ойыншықтарды орындарына жинау, оларды жуу, қуыршақтың киімдерін жуу. Тәрбиешіге кітаптарды, қорапшаларды желімдеуге, үстел мен орындықтардың шаңын сүртуге көмектесу.
Асханада кезекшілік міндетін өз бетінше орындауға үйрету: табақшаларды орындарына қою, шыны аяқты табақшасымен бірге қою, нан салғышты, майлықты, асхана құралдарын (қасық, шанышқы, пышақ) ажыратып қою.
Екінші жарты жылдықта сабаққа материалдарды дайындау кезекшілік міндетін орындауға үйрету: құрал-жабдықтарды дайындау, сабақтан соң оларды жинау.
Табиғат бұрышындағы еңбек
Өз беттерінше бөлме өсімдіктерін суару, жапырақтардың шаңын сүрту, балықтарды коректендіру, астауды жуу, оларға су құю және жем шашу.
Бөлме өсімдіктерінің көшеттерін отырғызуға, аквариумның суын ауыстыруға, қыстап қалатын құстарды қоректендіруге көңілін бөлу.
Еңбек құралдарын таза, ұқыпты ұстауға үйрету.
Табиғаттағы еңбек
Өсімдіктерді өз беттерінше суару іскерліктерін қалыптастыру.
Гүлзарлар мен бақшада жұмыс істеуге үйрету (жүйек жасау, тұқым себу, көшет отырғызу, суару, түбін қопсыту, егінді жинау).
Жолды қардан тазалауға, орындық үстінен қарды сыпыруға үйрету.
Қыс мезгілінде табиғат бұрышындағы құстардың азығы болатын өсімдіктерді өсіруге қатыстыру (тамыр жемістерді отырғызу, сұлы егу).
Қолданған еңбек құралдарын ретке келтіруге (тазалау, кептіру, өз орына қою) үйрету
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Алиева Т.И., Арнаутова Е.П., Протасова Е.Ю. Программно-методическое пособие, М.: 1999.
2. Арнаутова Е.П. «Педагог и семья», М.: 2002.
3. Арушанова А.Г. Речь и речевое общение дошкольника. М.: 2002.
4. Давидчук А.Н. Индивидуально-ориентированное обучение младшего дошкольника. М.: 2000.
5. Новоселова С.Л. Развивающая предметная среда. М.: 2002.
6. Рунова М.А. Физкультурное и спортивно-игровое оборудование для детей. М.: 2000.
7. Реуцкая Н.А. Игровое оборудование для дошкольной организации. Аннотированный перечень. М.: 1999.
8. Павлова Л.Н. Раннее детство: развитие речи, мышления. М.: 2000.
9. Пилютина Э.Г. Познавательное развитие. М.: 2000.
10. Парамонова Л.А. Детское творческое конструирование.
11. Петрова В.А. Музыка – малышам.
12. Шулешко Е.В. Наглядно-дидактическое пособие по обучению грамоте.
13. Пищулин В.Г., Смирнов И.П. Новые подходы, квалификация, мастерство. М.: 2008.
14. Доронова Т.Н. Младший возраст. Планирование работы с детьми. М.: 2007.
15. Гризик Т.Н. «Познаю мир». М.: 2008.
16. Скаткин М.Н. «Как учить творчеству», журнал «Педагогика». № 8, 2004.
17. Тестов В.А. «Жесткие» и «мягкие» модели обучения / Журнал «Педагогика». № 8, 2004.
18. Савенков А. Исследовательские методы обучения в дошкольном образовании / Журнал «Дошкольное воспитание». № 12, 2005.
19. Кайкенова Ж.К. Системный подход к подготовке учителя новой формации / Журнал «12-летнее образование». №6, 2006.
20. Жаменова К.Х. Сущность психолого-педагогического сопровождения / Журнал «12-летнее образование». № 7, 2006.
21. Исмагамбетова Л.Ж. О проблеме здоровьесберегающей среды / Журнал «12-летнее образование». № 6, 2007.
22. Фуряева Т. «Диагностика начального дошкольного воспитания» / Журнал «Детский сад от А до Я». №5 — М.: 2006.
23. Белкина В.Н., Искатова Т.Г., Диагностика педагогического регулирования взаимодействия детей раннего и дошкольного возраста / Журнал «Детский сад от А до Я». №2. - М.: 2006.
24. Ежкова Н.С. Диагностика ценностных ориентаций детей младшего дошкольного возраста. Просвещение: № 5, 2006.
25. Урунтаева Г.А. Дошкольная психология. М.: 2000.
26. Ежова Н.Н. Научись общаться. Феникс. - Ростов-на-Дону, 2005.
27. Оверчук Т.И. 120 ответов на вопросы. М.: 2002.
28. Честнова Н.Ю. «Настольная книга педагога детского сада», Феникс, Ростов-на-Дону: 2005.
29. Вассерман Ф.Я. Управление качеством обучения на основе ИКТ. Алматы, 2008.
30. Француазо Дольто. На стороне ребенка. М.: 1999.
31. Шерон Лин Каган. «Стандарты раннего детства в Америке» // Перевод стандарта/ 2005.
32. Хелен Пенн. «Стандарты Великобритании». Алматы, 2003.
33. Рудольф Герр. «Образование в Германии». М.: 2004.
34. Каптерев П. «О природе детей». М.: 2005.
ҚОСЫМША
Қосымшада бейнелеу өнері, көркем әдебиет шығармалары, музыка, қимыл-қозғалыс және дидактикалық ойындар тақырыптары тізімдерінің үлгісі берілген. Ұсынылған тақырыптар мен шығармалар — қатып қалған қағида емес. Бұл — небәрі ұсыныс қана. Олай болса, әрбір тәрбиеші өз мүмкіндігіне қарай оларды өзгертуіне, толықтыруына болады. Дегенмен, шығармалар мен ойындардың мазмұны бағдарламаның қағидалары мен ұстанымдарына және базалық мазмұна сай болуы шарт. Сонымен қатар, бейнелеу мен мүсіндеу өнері туындылары, ұлттық қолданбалы өнер шеберлерінің еңбектері, үй тұрмыстық заттары мен киім-кешектердің суреттері, көркем әдебиет пен ауыз әдебиеті шығармаларының мазмұны баланың жас ерекшеліктері мен білім беру салаларының мазмұнына лайықталып берілуі керек.
II СӘБИЛЕР ТОБЫ
(3 жастан бастап 4 жасқа дейін)
СУРЕТШІЛЕРДІҢ СУРЕТТЕР КӨШІРМЕСІНІҢ
ТІЗІМ ҮЛГІСІ
Ә. Қастеев «Киіз үйді әшекейлеу»
А. Ғалымбаева «Дәмді шай», «Дастарқан»
М. Кенбаев «Текемет басу»
В. Токарев «Көктем ертегісі»
В. Яценко «Көктем»
Ю. Кугач «Отбасы»
И. Левитан «Алтын күз»
И. Хруцкий «Гүлдер мен оның жемісі»
П. Кончаловский «Натюрморт»
В. Васнецов «Алёнушка»
И. Панов «Ағашқы қар»
Кітаптағы Ю. Васнецов, В. Лебедев, Ю. Коровин, Е. Рачеевтің суреттері.
Тұрмыстық заттар, шеберлердің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, ұлттық тұрмыстық және мерекелік киімдерді қарастыру.
МҮСІНДЕУ БОЙЫНША ТАҚЫРЫПТАР
ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық мүсіндеу
Таяқшалар
Бауырсақтар
Әжеме арналған моншақ
Шұжықтар
Сақиналар
Бауырсақ
Шыныаяқ
Печенье
Кірпіге арналған алмалар мен жидектер
Қалаштар
Тоқаштар
Жаңғақтар
Шелпектер
Саңырауқұлақтар
Ұшақ
Кесе
Қарға арналған күрек
Сылдырмақ
Мандариндер мен апельсиндер
Үлкен-кіші сәбіздер
Пирамида
Аққала
Табақ
Ұзын құлақ сұр қоян
Құстар
Үйрек
Құмға арналған қалақ
Сюжеттік мүсіндеу
Бауырсақ жол бойымен домалап келеді
Құстар дән шоқуда
Мысықтың баласы доппен ойнайды
Көп ұшақтар (ұжымдық)
Өз бетінше мүсіндеу
Жамила апаға арналған тағамдар (бауырсақтар, печенье, тоқаштар, кәмпиттер)
Жаңа жыл шыршасын сәндеу (шарлар, моншақтар, т.б.)
Қоян мен кірпіге арналған сыйлықтар (сәбіздер, алмалар, саңырауқұлақтар)
Біздің ойыншықтар (қоян, қуыршақ, құс, сылдырмақ)
СУРЕТ САЛУ ТАҚЫРЫПТАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық сурет салу
Түрлі-түсті ленталар
Түрлі-түсті орамалдар
Түрлі-түсті қарындаштар
Сақина мен домалақтар
Қар кесегі
Әжеме арналған моншақтар
Саты
Қақпа
Кірпіге арналған алма мен жидектер
Саңырауқұлақтар
Ұшақ
Сылдырмақ
Мандариндер мен апельсиндер
Үлкен-кіші сәбіздер
Пирамида
Аққала
Табақ
Ұзын құлақ сұр қоян
Құстар
Үйрек
Тікенекті кірпі
Арба
Машина
Сюжеттік сурет
Бұлт күнді жапты
Қоңыр күз
Ағашқа ақырындап қар жауып тұр
Мерекелік от шашу
Жарқыра жаңа жылдық шырша
Күн жарқырап, шөп өсті
Бақбақ
Балапандар көкшалғында
Жол бойымен арба келеді
Сәндік сурет
Жолақшалы кілем
Әдемі көйлек
Кесені әшекейлеу (қазақ ұлттық ою-өрнегінің элементін ортаға салу)
Қазақ ұлттық ою-өрнегінің екі элементінің суретін салу (жолақшаға)
Бет орамалды әшекейлеу (қазақ ұлттық ою-өрнегін шаршының бұрыштарына салу)
Табақты әшекейлеу (домалаққа, сопақшаға қазақ ұлттық ою-өрнегін салу)
Алжапқышты әшекейлеу (киімнің жиегіне қазақ ұлттық ою-өрнегін салу)
Өз бетінше сурет салу
Шыршаға арналған әшекей (шарлар, моншақтар)
Қоянға арналған әшекей (сәбіз, қырыққабат)
Сүйікті ойыншықтар (қоян, құс, сылдырмақ)
Кірпіге арналған әшекей (алмалар, саңырауқұлақтар)
ЖАПСЫРУ БОЙЫНША ТАҚЫРЫПТАР
ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық жапсыру
Әжелерге арналған түрлі-түсті моншақтар
Табақтағы алмалар мен жемістер (сопақша пішінде қиылған қағаз бетіне)
Саңырауқұлақтар
Табақтағы қияр мен қызанақ (дөңгелек пішінде қиылған қағаз бетіне)
Саты
Қақпа
Ұшақ
Сылдырмақ
Пирамида
Аққала
Ұзын құлақ сұр қоян
Қуыршақ
Құс
Машина
Сюжеттік жапсыру
Жапырақтар түсіп жатыр
Кірпілер отбасы (үлкен және кішкене кірпі)
Шырша оттары
Бақбақтар
Көгалдағы балапандар
Арба жол бойымен келеді
Сәндік жапсыру
Жолақшалы кілем
Әдемі көйлек
Кесені әшекейлейміз (қазақ ұлттық ою-өрнегінің элементін ортаға жапсыру)
Кілемді әшекейлейміз (жолақшаға қазақ ұлттық ою-өрнегінің екі элементін жапсыру)
Беторамалды әшекейлейміз (қазақ ұлттық ою-өрнегін шаршының бұрыштарына жапсыру)
Өз бетімен жапсыру
Не қаласам, соны қиып, жапсырамын (түрлі геометриялық пішіндерді ұсыну)
Домалақ заттарға не жатады? (алма, шарлар, моншақтар)
Шаршы заттарға не жатады? (жалаушалар, кубиктер, бет орамалдар
Мен анама не сыйлаймын? (түрлі-түсті моншақтар, алмалар, жемістер, саңырауқұлақтар)
Сүйікті ойыншықтар (ұшақ, сылдырмақ, пирамида, қуыршақтар, машина)
Сүйікті жануарлар (қоян, құс, тышқан)
ЗЕРТТЕУ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР МЕН ОЙЫНДАРДЫҢ ТАҚЫРЫПТАР ҮЛГІСІ
Қар және мұзбен ойын
Қардан пішіндер мүсіндеу, қармен ойнау. Қардың суға айналуы және судың қатуы. Түрлі-түсті мұздар (суды бояп, қатыру).
Сабын және көбік сумен ойын
Сабын көбікті жіберу, түтік арқылы сабын суға үрлеу.
Айнамен ойын
«Қоянды жіберу», «Күнді ұстап ал», «Айнада не бейнеленген?».
Сумен ойын
«Батады – батпайды», «Жүзеді – жүзбейді», Бояуларды араластыру (керемет тамшылар).
Жарықпен және көлеңкемен ойын
«Көлеңкелі театр», «Кімнің көлеңкесі қызықты», «Бұл кімнің көлеңкесі, тап», «Жасырынбақ» (фонардың көмегімен қараңғыда затты іздеу).
Шынымен ойын
«Әлем, түсін өзгертеді» (түрлі-түсті шыны арқылы қарау). «Құпиялы суреттер» (түрлі-түсті шыны арқылы суреттер қарау: қандай бейнелер көрінбей қалады). «Бәрін көреміз, бәрін білеміз» (үлкейткіш шыны арқылы қарау).
Дыбыстармен ойын
«Сылдырмақтар», «Дыбыс шығаратын бөтелкелер» (ішін суға, құмға толтырған немесе бос бөтелкені балғамен ұрса, қандай дыбыс шығарады?), «Ны сықырлайды, не даңғырлайды?»
Жануарлар әлемі
М Әлімбаев «Мысық пен тышқан»
Ө. Бесекеева «Кірпі» (жаттау)
С. Қасымов «Үй жануарлары»
І. Жансүгіров «Жануарлар дүниесі»
А. Барто «Төбет» (жаттау)
«Түлкі мен қасқыр» ертегі
«Құлын, қозы, лақ» қазақ ертегісі
«Мысық неге тамақ ішкен соң жуынады» литва халық ертегісі
«Маша мен маймақ», «Мысық, әтеш және түлкі», орыс халық ертегісі
«Су жүрек қоян», «Әтеш-әтеш» орыс халық ертегісі (жаттау)
К. Ушинский «Көжек пен кірпі»
Өсімдіктер әлемі
Т. Молдағалиев «Жапырақтар»
М. Әлімбаев «Ұшты, ұшты»
Ә. Табылдиев «Көкөністер»
Т. Шопашев «Анар», «Алша»
Қ. Мырза Әлі «Асқабақ пен қияр»
Өлі табиғат
М. Әлімбаев «Кемпірқосақ»
К. Көпішев «Сырғанақ»
Қ. Баянбаев «Сырғанақ»
А. Асылбеков «Қыс»
М. Әлімбаев «Жаңбыр»
М. Жаманбалинов «Күркіреді күн, күн»
Қолдан жасалған әлем
М. Әлімбаев «Менің ойыншықтарым»
Ж. Смағұлов «Қуыршақ»
Ә. Табылдиев «Машина»
С. Маршак «Доп», «Кім сақинаны табады?»
А. Барто «Ойыншықтар»
Ш. Смаханұлы «Добым менің»
К. Чуковский «Телефон»
Өзіңді-өзі таны
Ж. Құрманалиев «Жылауық», «Батыр»
Н. Жанаев «Бөпем ұйықтасын»
М. Әшімбаев «Кім сотқар»
Адамдар қарым-қатынасының әлемі
Қ. Байзақов «Сыйлап сәлем беремін»
Қ. Мырза Әлі «Құттықтау» (жаттау)
Ө. Тұрманжанов «Сіз», «біз» деген жылы сөз»
«Үш аю» украин халық ертегісі
Қоғам
Менің үйім, менің отбасым
«Үш жалқау» қазақ халық ертегісі
М. Әлімбаев «Сен кімнің ұлысың?»
С. Көбеев «Қарттар мен балалар»
Л. Толстой «Бәрінен де жақсы»
М. Төрежанов «Әжесін қайсысы жақсы көреді?»
А. Сопыбеков «Біздің отбасы»
С. Мәуленов «Ата ақылы»
Адамдар еңбегі
А. Шынбатырова «Автобуста»
Н. Сералиев «Балабақшада»
М. Алимбаев «Кілем-алаша» (жаттау)
Ж. Карбозин «Дәрігер» (жаттау)
Ә. Дүйсекеев «Біздің үйде»
Қоғамдық өмірдің құбылысы
З. Александрова «Шырша жыры»
Т. Мұратов «Наурыз мерекесі»
А. Қалманбетов «Отаным»
Е. Өтетілеуов «Отан»
Мезгілдер
Ш. Ахметов «Бұл қай кезде болады?»
Қ. Мүсірепов «Күз»
Қ. Баянбаев «Қыс»
Н. Әлімқұлов «Жаздыгүні»
Ө. Ақыпбеков «Көктем»
МУЗЫКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Ән тыңдау
А. Қоразбаев «Әже әлдиі»
Е. Хасанғалиев «Сылдырмақ»
М. Омаров «Бөпешім мен көкешім»
Ш. Ахметов «Бұл қай кезде болады?»
Е. Өміров «Бала жұбату»
Н. Тілендиев «Бесiк жыры»
О. Байділдаев «Не деу керек?», «Мысық»
Д. Ботбаев «Күз әуені», «Жаңбыр жауды»
«Қамажай» қазақ халық әні
М. Омаров «Әнші балапан»
А. Асылбеков «Бауырсақ»
М. Старокадомский «Қуыршақ»
Б. Дәлденбаев «Төлдер»
И. Нүсіпбаев «Балдырғандар жыры»
А. Меңжанова «Жаңбыр»
А. Асылбеков «Бауырсақ»
Д. Ботбаев «Құлыншақ»
Н. Потоловский «Құлыншақ»
И. Нүсіпбаев «Балдырған жыры»
С. Елеуов «Апатайым анашым»
Г. Эрнестакс «Паровоз»
М. Красев «Қонжық», «Шырша»
П.И. Чайковский «Көктемгі серуен»
Ән айту
Б. Дәлденбаев «Барабан», «Қоян»
Ғ. Жұбанова «Ойыншық»
И. Нүсіпбаев «Ойыншықтар»
Ж. Жүсіпалиев «Поезд»
Қ. Шілдебаев «Құлын»
Ә. Бейсеуов «Қошақаным қайда екен»
Б. Қадырбеков «Құттықтаймын ана»
Ж. Жүсіпалиев «Ақ әжем»
Д. Ботбаев «Күзгі жаңбыр»
Ж. Жүсіпалиев «Күз жомарт»
Д. Ботбаев «Күз әні», «Апорт деген тәтті алма»
К. Дүйсекеев «Жау-жау жаңбыр»
Д. Мацузин «Зырлайды шанамыз»
Л. Хамиди «Дала аппақ», «Шырша жыры»
И. Нүсіпбаев «Біздің балабақшамыз»
Музыкалық-ырғақтық қимылдар
Ж. Тұрсынбаева «Біз сарбазбыз»
А. Бетібаева «Көңілді би»
Т. Тоқсанбаева «Жалауша»
«Алақаныңды көрсет» латвия ұлттық полькасы
«Шақыру» украин халық әуені, өңдеген Г. Теплицкий
Ю. Слонова «Туған күн», «Біз сарбазбыз», «Жаңа жыл»
«Қуыршақтармен би» украин халық әуені, өңдеген Н. Лысенко
«Шармен би», «Торғайлар мен автомобиль», М. Раухвергера.
«Сылдырмақтармен би» өңдеген А. Быканова
«Жалаушалармен жаттығу» латвия халық биі
«Прятки» орыс халық әуені, өңдеген Р. Рустамов
«Сапожки» орыс халық әуені, өңдеген Т. Ломова
«Бипыл» қазақ халық биі
Үйректер биі
Аңдар биі
Қояндар биі
Т. Попатенко «Қоян мен аю»
И. Штрауса «Полька»
Гүлдермен қимыл жасау
ҚИМЫЛ-ҚОЗҒАЛЫС ОЙЫНДАРЫ ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
«Құлыншақтар»
«Тышқандар»
«Тиіп кетпе»
«Тыныштық»
«Қонаққа барамыз»
«Саяжайға барамыз»
«Қақпаға кір»
«Жоғары-төмен»
«Қияр»
«Мысық пен тышқан»
«Әткеншек»
«Аю апанында»
«Тез орныңа бар»
«Бақшадағы тауықтар»
«Өз үйіңді тап»
«Үш аю»
«Бос орын»
«Орамал»
«Бәйге»
«Секір-шапалақта»
«Бермеймін»
«Аяқтар»
«Аяғыңды суға батырма»
«Құрбақалар»
«Қақпаға дәлдеп тигіз»
«Қапшықты кім алысқа лақтырады»
«Жоғары лақтыр»
«Нысанаға дәлде»
«Құрсаудан өтіп, сылдырмаққа жет»
«Мысықтың баласы мен балалар»
«Көпірге дейін еңбекте»
«Батпақ арқылы»
«Тауық пен балапандар»
«Маймақ көпірмен келеді»
«Шыр айнал, құлама»
«Кең қадаммен»
«Ойыншықты әкел»
ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР МЕН
ЖАТТЫҒУЛАР ТІЗІМІ
Тіл дамыту
Тілдің дыбысталу мәдениетін дамыту
«Қандай дыбыс естіп тұрсың?»
«Міне, осылай дыбыстар айтылады»
«Дауыстап - баяу»
«Аттар тұяқтарымен тарсылдатады»
«Мылжың» және басқалар
«Шар жарылды»
«Қар бүршігі»
Тілдің грамматикалық құрылысын қалыптастыру
«Анасын табуға көмектес»
«Не қайда жатыр?»
«Не болды, не қалды?»
«Сиқырлы қалта»
Сөздік қорын дамыту
«Бұл кім? Бұл не?» (зат есім)
«Кім не істейді?» (етістік)
«Қандай екенін айт?» (сын есім)
«Бұл қай кезде болады?» (үстеу)
«Еркелетіп ата»
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
«Біреу және көп»
«Пішініне қарап ата»
«Қайсы көп, қайсы аз?»
«Не өзгерді?»
«Бұл не, ойлан тап?» (дөңгелек, үшбұрыш, шаршы)
«Зат қандай пішіннен құралған?»
«Не қайда тұрады?
«Қай жерде тұрғанын айтам, сонда орналастыр»
«Бұл қай кезде болады?» тәулік бөлігі
«Керісінше айт» (оң – сол, алға – артта, жоғары – төмен, алыс – жақын, биік – аласа)
«Қайсы ұзын, жоғары, жалпақ, жуан?»
«Ретімен орналастыр», үш түрлі өлшемде (мысалы, биік — төмен — өте төмен)
Сенсорлық тәрбие
«Бұл не, ойлан тап?» (геометриялық пішін)
«Түсін ата»
«Пішінін ата»
«Көлемін салыстыр»
«Түсіне қарай орналастыр»
«Пішіне қарай орналастыр»
«Көлемін қарай орналастыр»
«Мұнараны жина»
«Пирамиданы жина»
Мозаикамен ойын
М. Монтессори ойындары
Қоршаған ортамен таныстыру
«Бұл не? Бұл кім?»
«Не өзгерді?»
«Жыл мезгілдері»
«Күз сыйлығы»
«Бөлмені жабдықтаймыз»
«Қуыршақты киіндіреміз»
«Қуыршаққа шешінуді үйретеміз»
«Қуыршақты шомылдыру»
«Қуыршақты ұйықтату»
«Жанды суреттер»
«Шай демдейміз»
Өзі және отбасы туралы білімдері
«Мен» - аты-жөні, жасы. Дене бөліктері, кейбір ішкі ағзалары, сезім мүшелері.
«Менің сезімдерім» - қуану, күлу, күлімсіреу, ренжу, сағыну, көңілсіздену, ашулану. Өзімнің сезімдерімді басқара аламын.
«Менің отбасым» - отбасы мүшелері, ата-аналар мен жақын туыстарының есімдері, бір-біріне қамқорлықпен қарау.
«Менің ойым» - не ойлап отырғанымды айта аламын.
«Менің әрекеттерім» - жақсы да жаман да болады.
«Мен керек етемін, істей аламын, үйренемін»
Адамгершілік қағидасы мен қоғамдық қарым-қатынасы туралы ұғым
«Кім көңілді, көңілсіз, ашулы?»
«Өз туыстарыңды таны» (суреттері бойынша)
«Бүгін өзімді не үшін мақтар едім?»
«Бүгін өзімді не үшін сөгер едім?»
«Мен қандай едім? Қазір қандаймын? Мен қандай боламын?»
«Жақсы әрекет»
«Жаман әрекет»
«Біз құстарға қалай көмектесеміз?»
«Біз қалай ойнаймыз»
«Дәмді – дәмсіз, пайдалы - зиян»
ЕСТИЯРЛАР ТОБЫ
(4 жастан 5 жасқа дейінгі балалар)
СУРЕТШІЛЕРДІҢ СУРЕТТЕР КӨШІРМЕСІНІҢ
ТІЗІМ ҮЛГІСІ
Ә. Қастеев «Киіз үйді безендіру»
А. Ғалымбаев «Дәмді шәй», «Дастарқан»
М. Кенбаев «Текемет басу».
В. Токарев «Көктем ертегіcі»
В. Яценко «Көктем»
Б. Окороков «Шекарашылар»
П. Фомин «Мамырдың басы»
Ю. Кугач «Сенбі күні», «Отбасы»
И. Левитан «Алтын күз»
И. Хруцкий «Гүлдер мен оның жемісі»
Г. Нисский «Қар үстінде»
П. Кончаловский «Натюрморт»
В. Васнецов «Алёнушка»
В. Серов «Шабдалды қыз»
И. Панов «Алғашқы қар»
Кітаптағы Ю. Васнецов, В. Лебедев, Ю. Коровин, Е. Рачеевтің суреттері.
Тұрмыстық заттар, шеберлердің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, ұлттық тұрмыстық және мерекелік киімдерді қарастыру.
МҮСІНДЕУ БОЙЫНША ТАҚЫРЫПТАР
ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық мүсіндеу
Қиярлар
Бауырсақтар
Печеньелер
Ірімшік салынған нандар
Дәмді алмалар мен жидектер
Үлкен және кішкентай саңырауқұлақтар
Үлкен және кішкентай сәбіздер
Апельсиндер мен лимондар
Арба
Ақшақар (ұзын тонды қыз)
Бұйра тоқты
Тотықұс
Сәнқой түлкі
Батыл әтеш
Ақ қоян
Мимозаның бұтақтары
Үйрек
Аққала
Пирамида
Кесе
Табақ
Әдемі табақ
Кірпі
Сюжеттік мүсіндеу
Үйрек пен балапандары
«Түлкі мен оқтау» ертегісінің желісімен (түлкі мен оқтау, түлкі мен үйрек, түлкі мен қаз)
Кірпінің отбасы
Қысқы шеңберде айтылатын әндер (ұзын тонды қыздар) - ұжымдық жұмыс
Құстар ауласы
Өз бетінше мүсіндеу
Достарыма арналған тағамдар (алма, саңырауқұлақ, сәбіз, т.б.)
Әжеме арналған тағамдар (бауырсақтар, печеньелер, ойықтар, кәмпиттер)
Жаңа жылдық шыршаға арналған безендірулер (жұлдызшалар, шарлар, алқалар, т.б.)
Сүйікті ойыншықтар (түлкі, әтеш, пирамида, қоян, мысықтар).
СУРЕТ САЛУ ТАҚЫРЫПТАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық сурет салу
Дәмді алмалар
Үлкен және кішкентай сәбіздер
Үй
Пирамида
Арба
Түсті шарлар
Апельсиндер мен лимондар
Ақшақар
Аққала
Бұйра тоқты
Шырша шарлары
Тотықұс
Сәнқой түлкі
Батыл әтеш
Ақ қоян
Мысық
Ерке мимоза
Менің анам
Алғашқы бәйшешектер
Сюжеттік сурет
Алтын күз (ағаштар мен бұталар)
Бақшадаға алма ағаштары
Күз бейнесі (саңырауқұлақтар)
Мерекеге дайындық
От шашу
Аквариумдағы балықтар
Біздің әсем шыршамыз (шырша мен ойыншықтары)
Қысқы табиғаттағы шыршалар
Қысқы пейзаж
Қарлы ертегі
Гүлді алма ағаштары
Бақбақтар
Сәндік сурет
Қазақ оюларының элементтерін (жолақшада) салу.
Орамалды әшекейлеу (қазақ ұлттық ою-өрнектерін шаршыға салу).
Табақты әшекейлеу (қазақ ұлттық ою-өрнектерін дөңгелек пен сопақшаға салу).
Торсықты әшекейлеу (қазақ ұлттық ою-өрнектерін тіктөртбұрышқа салу).
Тақияны әшекейлеу (қазақ ою-өрнектерін жолақша мен дөңгелекке салу).
Қамзолды әшекейлеу (қазақ ою-өрнегін киімнің жиегіне салу).
Алжапқышты әшекейлеу (қазақ ою-өрнегін киімнің жиегіне салу).
Қазақтың ұлттық бас киімін әшекейлеу (сәукеле).
Сырмақты әшекейлейік.
Өз бетінше сурет салу
Не салғым келсе, соны саламын
Қандай заттың пішіні дөңгелекке ұқсайды?
Қандай заттың пішіні шаршыға ұқсайды?
Түрлі-түсті үшбұрыштар
Ертегілер елінде (реңктер мен шағылысулар)
Күн шуақтары (жылы түстердің реңктері)
Ай шуақтары (суық түстердің реңктері)
Анама суретімді сыйлаймын
Сүйікті ойыншығым (балалардың таңдауымен)
Мені қызықтыратын жануарлар (балалардың таңдауымен: қоян, түлкі, тоқты, мысық).
ЖАПСЫРУ БОЙЫНША ТАҚЫРЫПТАР
ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Заттық жапсыру
Піскен алмалар
Қияр мен қызанақтар
Үлкен және кішкентай сәбіздер
Үй
Пирамида
Арба
Апельсиндер мен лимондар
Ақшақар
Аққала
Бұйра тоқты
Шыршадағы шарлар
Әдемі құс
Түлкі-түлкішек
Алтын айдарлы әтеш
Ақ көжек
Мимоза бұтағы
Бәйшешектер
Жалаушалар
Сюжеттік жапсыру
Саңырауқұлақтар
Жолдағы бауырсақ
Шыршадағы алқалар
Ұшақтар ұшып барады
Аквариумдағы балықтар
Ашықхаттағы әдемі гүлдер
Көгалдағы балапандар
Поезд (ұжымдық жұмыс)
Гүлденген көгал (ұжымдық жұмыс)
Сәндік жапсыру
Қазақ оюларының элементтерін құрастыру (жолақшада).
Орамалды безендіру (қазақ ұлттық ою-өрнектерін шаршыға құрастыру).
Табақты безендіру (қазақ ұлттық ою-өрнектерін сопақшаға және дөңгелекте құрастыру).
Торсықты безендіру (қазақ ұлттық ою-өрнектерін тіктөртбұрышқа құрастыру).
Тақияны безендіру (қазақ ұлттық ою-өрнектерін жолақша мен дөңгелектерге құрастыру).
Қамзолды безендіру (киімнің жиектеріне қазақ ұлттық ою-өрнектер құрастыру).
Алжапқышты безендіру (киімнің жиектеріне қазақ ұлттық ою-өрнектер құрастыру).
Қазақтың ұлттық бас киімін безендіру (сәукеле).
Сырмақты безендірейік.
Өз бетінше жапсыру
Не қаласам, соны қиып, жапсырамын
Қандай заттың пішіні дөңгелекке ұқсайды?
Қандай заттың пішіні шаршыға ұқсайды?
Түрлі-түсті үшбұрыштар
Құттықтау ашықхаттары
Анама не сыйлаймын?
Сүйікті ойыншығым
Сүйікті жануарлар (балалардың таңдауы бойынша: қоян, түлкі, тоқты, мысық және т.б.)
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ШЫҒАРМАЛАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Жануарлар әлемі
С. Боранбаев, «Лақ»
Т. Рахимов «Ақ лақ»
С. Сауытбеков «Лақтың кеңесі»
Ә. Дүйсенбиев «Ақ тайлақ»
Т. Жексенбай «Лақ пен бұлақ» «Бақа мен балық»
С. Михалков «Сүзеген Серкеш»
С. Қасиманов «Төрт түлік»
«Ат пен есек» қазақ ертегісі
«Бұлан» түркімен халық ертегісі
«Адасқан құмырсқа» қазақ халық ертегісі
«Тауық пен қоян» африка халық ертегіс
«Мақтаншақ қоян» өзбек ертегісі
М. Жаманбалинов «Кім не жейді?»
С. Көбеев «Құстың ұясы»
О. Асқар «Мысықпен тілдесу»
Өсімдіктер әлемі
Т. Молдағалиев «Жапырақтар»
М. Әлімбаев «Қоңыраугүл»
К. Ахметова «Алтын дән»
К. Баянбаев «Қойбүлдірген»
Ю. Тувим «Көкөністер»
М. Төрежанов «Шие тергенде»
Б. Әдетов «Ағаштың беті»
Т. Молдағалиев «Өрік гүлдеп»
Қ. Елемес «Бір тал шөп» (ертегі)
Ж. Әбдікерейұлы «Жауқазын»
Н. Құмар «Тәтті алма»
Өлі табиғат
М. Әлімбаев «Кемпірқосақ», «Мұз сүңгісі»
К. Көпішев «Мұз айдыны»
И. Суриков «Қыс» (жатқа айту)
Б. Жақып «Сырғанақ»
«Жаңбыр, жаңбыр», «Кел көктем» орыс халықтарының тақпақтары (жатқа айту)
Қолдан жасалынған әлем
Ә. Дүйсенбиев «Тентек доп»
Н. Әлімқұлов «Барабан»
Ә. Табылдиев «Кеме» (жатқа)
А. Барто «Барабан» «Кеме» (жатқа айту)
Е. Благинина «Жалауша» (жатқа айту)
Қ. Мырза Әли «Ойыншықтар»
Б. Ысқақ «Ойыншықтар»
Ғ. Өкеев «Топ, топ, добым»
Ш. Смаханұлы «Қуыршақ»
Ж. Смақов «Сылдырмақ»
«Қолғап», украин халық ертегісі (түсінік айту).
Б. Житков «Мен не көрдім»
Өзіңді таны
М. Әлімбаев «Ренжіме»
К. Ушинский «Күте біл»
С. Қалиев «Машинаны анам әкелді»
Адами қарым-қатынастар әлемі
Ә. Дүйсенбиев «Бір күні өзен басында»
Б. Данабеков «Қайырымды бала»
Н. Қадырбаев «Түсінісу»
В. Маяковский «Жақсы деген немене …»
«Екі қомағай қонжық» венгер халық ертегісі
«Қаздар мен аққулар» орыс халық ертегісі
«Әтеш пен бұршақ дәні» орыс халық ертегісі (түсінік айту).
Қоғам
Менің үйім мен отбасым
Н. Исахметов «Әже»
Ә. Тәжібаев «Менің атам»
Ш. Перро «Қызыл телпек»
П. Воронько «Бәліш»
Адамдардың еңбегі
Ө. Тұрманжанов «Еріншек егінші мен еңбекқор құмырсқа»
Ы.Алтынсарин «Әке мен бала»
М. Әлімбаев «Жұмыстың жаманы жоқ»
Ф. Оңғарсынова «Зергер»
С. Оспанов «Бақыт деген немене?»
С. Мәуленов «Бәрі-бәрі жұмыста» (жатқа айту)
М.Әлімбаев «Жаңбыр»
К. Ыдырысов «Тіл алғыш жауын»
Ы. Алтынсарин «Бұл кім?»
А. Барто «Көмекші» (жатқа айту)
Қоғамдық өмірдің оқиғалары
К. Ыдырысов «Менің елім», «Жайлауда»
М. Әлімбаев «Асфальттағы суреттер»
Ә. Дүйсенбиев «Ашық күн»
С.Дүйсенбиев «Шырша да жылайды»
С.Қалиев «Аққала» (жатқа айту)
А.Барто «Жалауша» (жатқа айту)
Мезгілдер
Ә. Табылдиев «Жыл мезгілдері» (жаттау)
Ш. Ахметов «Бұл қай кезде болады?»
Ә.Табылдиев «Кемпірқосақ»
Б.Әбілов «Көктем сәні»
І. Жансүгіров «Жаз»
А.Асылбек «Көктем» (жаттау)
МУЗЫКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Ән тыңдау
Е. Құсаинов «Менің сүйікті атам», «Көңілді арбакеш»
А. Меңжанова «Әлди-әлди»
«Әй-әй бөпем» халық әні
Қ. Шілдебаев «Домбыра»
Б. Жүсіпалиев «Көңілді марш»
Б. Жүсіпалиев «Қуыршақтың мұңы»
И. Глинка «Полька»
«Қамажай» қазақ халық әні
А. Қоразбаев «Кеш жарық»
«Үкілім-ай» халық әні
Е. Хасанғалиев «Күн дидарлы Қазақстан»
Д. Ботбаев «Күз әуені», «Қыс әні»
Б. Балденбаев «Қош келдің, Аяз ата»
А. Мамыров «Мен сағындым»
В. Моцарт «Қоңыраулар үні»
Е. Хасанғалиев «Анаға сәлем»
«Ақсақ құлан» қазақ халық әуені
С. Мұхамеджанов «Бүгін қай күн»
И. Нүсіпбаев «Домбырасыз ән қайда?»
Д. Ботбаев «Наурыз айы»
Н. Тілендиев «Көгершіндер әні»
Ә. Беспаев «Батыр бала Болатбек»
Оркестрлік нұсқа «Табиғат әуендері»
Вивальди «Қыс» (үзінді)
Ән айту
Ө. Байділдаев «Балақан да, балапан»
Н. Тілендиев «Бесік жыры»
Б. Қадырбекова «Құттықтаймын ана»
Б. Аманжолов «Тәтті нан»,
Д. Ботбаев «Жаңбыр»
И. Сапарбаев «Ойыншықтар»
Қ. Шілдебаев «Кірпі», «Қыс»
Ө. Байділдаев «Мысығым»
Л. Хамиди «Шырша жыры», «Дала аппақ»
И. Нүсіпбаев «Қандай суық қыс деген», «Біздің балабақшамыз»
Т. Тайбеков «Мен бақшаға барамын»
А. Асылбеков «Біз өмірдің гүліміз»
Ә. Бейсеуов «Ақ мамам»
Б. Байқадамов «Кел, билейік»
Балалар музыкалық аспаптарында ойнау
«Қамажай» қазақ халық әні
«Айгөлек» қазақ халық әуені
«Жоғары және төмен дыбыстарды тап» металлофонда
«Жаңбыр» - шапалақтап, үшбұрышта
«Тышқан» - шапалақтап, бубенде
«Күшігім» - шапалақтап, барабанда
«Светит месяц» - орыс халық әуені
В. Моцарт «Қоңыраулар үні»
«Калинка» - орыс халық әуені (үшбұрышта, бубенде, маракаста, металлофонда).
«Суық және жылы жел» - металлофонда
«Барлық бала жиналды» - балалардың қалаған аспаптарында ойнау
«Кернегей» - шапалақтап, бубенде
«Наурыз» - шапалақтап, бубенде
Музыкалық-ырғақтық қимылдар
Е. Өміров «Сылдырмақпен ойын»
Қ. Шілдебаев «Жүгіру»
Е. Андосов «Біз билейміз»
«Жаңбыр», «Күн пен түн» қазақ халық әуені
«Бала бақшада» жұптасып билеу
«Наурыз той» қазақ халық әуені, жұптасып билеу
Е. Тиличеева «Марш»
И. Гуммель «Жүгіру»
«Вертушки» - украин халық әуені
«Матрёшкалар»
«Жапырақтар биі»
«Доп, секіртпе, ұшақ»
«Ах вы, сени» орыс халық әуені
«Гномдар» ұлдарға арналған би
Шөжелерім
«Қуыршақтар» биі
Шабандоз ұлдарға арналған биі
Е. Брусиловский «Батырлар биі»
Т. Алинов «Бақа»
К. Қуатбаев «Түлкі мен қаздар»
Мельникова «Жаса елiм» (жұптасып)
Д. Ботбаев «Күз әуені»
Б. Бәлденбаев «Қош келдің, Аяз ата»
«Табиғат әуені» оркестрлік нұсқасы
«Ақсақ құлан» қазақ халық әуені
А. Бестібаев «Бесік жыры», «Вальс»
ҚИМЫЛ-ҚОЗҒАЛЫС ОЙЫНДАРЫ
ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
«Бірінші болу»
«Белгіні тыңда»
«Алыптар мен ергежейлілер»
«Қақпа»
«Сыйлықтар»
«Кептерді қуып жет»
«Түсті автокөліктер»
«Өз жұбыңды тап»
«Біз көңілді балалар»
«Бірінші бол»
«Жапалақ»
«Поезд»
«Аттар»
«Құстар мен мысық»
«Қояндар»
«Қарғалар»
«Секіріп - бұрыл»
«Қорықпаймын»
«Допқа дейін жеткіз»
«Кім көп таспа жинайды?»
«Кеглиді соқ»
«Кім алысқа»
«Шарлар мен бағаналар»
«Лақтырып қағып ал»
«Қағып алып лақтыр»
«Екі ұшты нысана»
«Нысанаға тигіз»
«Қоймадағы тышқандар»
«Тоннельге еңбектеу»
«Кешікпе!»
«Көжектер»
«Сақинаны лақтыр»
«Құстардың ұшып келуі»
«Биік пен аласаның артында»
«Көбелектер, бақалар»
«Көпірдегі лақтар»
«Құлатып алмай, апар»
«Қиын өткел»
ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР МЕН ТІЛ ДАМЫТУ ЖАТТЫҒУЛАР ТІЗІМІНІҢ ҮЛГІСІ
Дыбыстық және артикуляциялық аппаратының дамуы
«Қатты-ақырын-сыбырлап»
«Тез-ақырын»
«Аттар тұяқтарымен тарсылдатады»
«Болтушка» и другие
Сөйлеу барысында дұрыс тыныс алуын дамыту
«Сабын көбіктері»
«Шарды үрле»
«Құс мамығын үрле»
«Шар жарылды»
«Ақшақарлар ұшады»
«Жаңылтпаштар»
Тілдің дыбысталу мәдениетін дамыту
«Не дыбыстайды?»
«Әртүрлі сөздерді жинақта»
«Берілген дыбыспен сөздерді ата»
«Сөзде берілген дыбысты белгіле»
«Тазша балаға дыбыстарды айтып жібер»
«Сөздер ұқсас дыбыс шығарады ма?»
«Міне, осылай дыбыстарды атайды»
«Дыбысталатын сағат»
«Жаңғырық»
«Таза айту»
Грамматикалық сөздің құрылысын қалыптастыру
«Сендердің тілектерің – біздің тілегіміз»
«Кімнің үйі?»
«Кімде не бар?»
«Біреу және көп»
«Не қайда жатыр?»
«Тапсырма»
«Кім жоқ?, Не жоқ?»
«Дүкен»
«Айгүлге серуенге бару үшін не жетіспейді?»
«Сиқырлы қалта»
«Ұзақ сөйлеммен айт»
«Нені қайда салады?» (қантты – қант салғышқа және т.б.)
Сөздік қорын байыту.
«Кім? Не?» (зат есімдер)
«Кім не істейді?» (етістіктер)
«Бұл қай кезде болады?» (сын есімдер)
«Бұл қай кезде болады?» тәулік бөліктері, жыл мезгілдері
«Қай жерде не бар?» (үстеу)
«Сөзді айтуға көмектес»
«Бір сөзбен айт»
«Керісінше айт»
«Бұл қай кезде болады?»
«Биік (ұзын, үлкен, кең, жуан) не болады?»
«Еркелетіп ата»
«Сипаттамасы бойынша таны»
«Сөз қос»
«Сөзді өзгерт»
Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру
«Қанша болды? Қанша қалды? Арлығы қанша?»
«Кімге қанша?»
«Кімде сонша?»
«Қандай ойыншық жасырынды?»
«Сандарды таны»
«Не өзгерді?»
«Кім тез жинайды?»
«Не екенін тап?» (шеңбер, шаршы, үшбұрыш, тіктөртбұрыш, текше, шар, цилиндр)
«Заттар қандай пішіндерден құралады?»
«Қай жерде не бар?»
«Мен айтқан жерге қой»
«Бұл қай кезде болады?»
«Кеше — бүгін — ертең»
«Керісінше айт» (тез — ақырын және т.б.)
«Не ұзын, биік, кең, жуан?»
«Ретімен орналастыр», бес көлемінде (мысалы, жоғары, төмен, төменірек, ең кішісі)»
Қоршаған ортамен таныстыру
«Бұл кім? Бұл не?»
«Не өзгерді?»
«Зоологиялық фриздер»
«Биологиялық фриздер»
«Заттық фриздер»
«Жыл мезгілдері»
«Ауылшаруашылық қызметкерлері не әкелді?»
«Нанды қалай өсіреді?»
«Бізге күз не әкелді?»
«Кімге не?»
«Қайдан сатып алуға болады?»
«Біз автобустамыз» («Біз дәрігердеміз», «Біз дүкендеміз», «Біз кинотеатрдамыз»)
«Жануарларды қалай күту қажет?»
«Гүлдерді күтеміз»
«Сиқырлы қалта»
«Жылы - суық»
Өзі және отбасы туралы білімі
«Мен» - аты-жөні, жасы. Дене мүшелері, кейбір ішкі мүшелері, сезім мүшелері.
«Менің сезімдерім» - қуана, күле, күлімдей, ренжи, сағына, мұңая, ашулана аламын. Өз сезімдерімді басқаруға үйреніп жүрмін.
«Менің отбасым» - отбасы мүшелері, ата-анамның аты-жөні, туыстық байланыстар, бір-біріне қамқорлығы.
«Менің ойларым» - ойлана аламын, не ойлағанымды айта аламын. Көңілді және мұңды ойлар болады.
«Менің әдеттерім» - жақсы, жамандары болады, дұрыс жасауға тырысамын.
«Мен білемін, үйренемін» - істі соңына дейін жеткізуге тырысамын.
Адамгершілік нормалар мен қарым-қатынастары туралы түсініктері
«Кім көңілді, мұңды, ашулы?»
«Өз туыстарыңды таны» (суреттерінен)
«Бүгін өзімді не үшін мақтар едім?»
«Бүгін өзімді не үшін кінәлар едім?»
«Қандай болдым? Қандаймын? Қандай боламын?»
«Жақсы әдет»
«Жаман әдет»
«Құстарға қалай көмектесеміз?»
«Біз қалай ойнаймыз?»
«Дәмді-дәмсіз, пайдалы-зиян»
МАЗМҰНЫ
1 | Түсінік хат | 3 |
2 | Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру | 6 |
3 | Ата-аналармен жұмыс | 8 |
4 | Мерекелер мен ойын-сауықтар | 11 |
3-4 жасар балаларға арналған бағдарлама | ||
5 | 3-4 жастағы балалардың жас ерекшелік сипаттамасы | 12 |
6 | Күн тәртібінің үлгісі | 15 |
7 | ІІ сәбилер тобының (3жастан бастап 4 жасқа дейін) базистік оқу жоспары | 16 |
8 | «Денсаулық» білім беру саласы | 17 |
9 | «Қатынас» білім беру саласы | 22 |
10 | «Таным» білім беру саласы | 25 |
11 | «Шығармашылық» білім беру саласы | 31 |
12 | «Әлеуметтік орта» білім беру саласы | 34 |
13 | Баланың ойын әрекеті арқылы дамуы | 38 |
14 | Балалардың еңбек әрекеті арқылы дамуы | 40 |
4-5 жастағы балаларға арналған бағдарлама | ||
15 | Балалардың жас ерекшелік мүмкіндігіне сипаттама | 41 |
16 | Күн тәртібінің үлгісі | 44 |
17 | Ортаңғы топтың (4 жастан 5 жасқа дейін) базистік оқу жоспары | 45 |
18 | «Денсаулық» білім беру саласы | 46 |
19 | «Қатынас» білім беру саласы | 52 |
20 | «Таным» білім беру саласы | 56 |
21 | «Шығармашылық» білім беру саласы | 65 |
22 | «Әлеуметтік орта» білім беру саласы | 70 |
23 | Баланың ойын әрекеті арқылы дамуы | 75 |
24 | Бланың еңбек әрекеті арқылы дамуы | 77 |
25 | Қолданылған әдебиеттер | 79 |
26 | Қосымша | 81 |